Еуропарламент ЕО банктері мен компанияларына ХҚС қа қарсы АҚШ санкцияларын сақтауға тыйым салуға шақырды

29.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Еуропа Одағының парламентарийлері Еуропалық комиссияны Халықаралық қылмыстық сотқа қатысты АҚШ санкцияларын бұғаттауға шақырды. АҚШ санкцияларының автоматты түрде қолданылуы "біз америкалықтарды досымыз деп санаған заманнан қалған", - деді Нидерландыдан келген парламентарий Дирк Готинк. Бұл туралы Tengrinews.kz Politico сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Еуропарламент депутаттары Еурокомиссияны "бұғаттау статутын" іске қосуға және еуропалық компаниялар мен банктерге Вашингтонның Израильге қатысты сот әрекеттеріне жауап ретінде қарастырып жатқан Халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚС) қарсы ықтимал санкцияларын орындауға тыйым салуға үндеді.

Нидерландыда орналасқан бұл сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындауға ордер бергеннен кейін АҚШ ХҚС-тың тоғыз судьясы мен төрт прокурорын нысанаға алып үлгерген. Парламентарийлердің айтуынша, Американың бұл шаралары жалақы төлеу мен ИТ-қызметтерге қол жеткізуден бастап, қамауда ұстауға дейінгі ХҚС операцияларын тұралатып тастауы мүмкін.

Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадепюль дүйсенбі күні ХҚС-қа барып, сотқа қолдау білдірді. Онымен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Нидерланды СІМ басшысы Том Берендсен бұғаттау туралы заңды "ядролық нұсқа" деп атады, деп хабарлады AP агенттігі.

"Біздің XXI ғасырда демократиялы ел болып қалатынымыз таразыға түсіп тұр. Еуропада құқық үстемдігі сақтала ма? Біз "Әл-Қаида" мен ДАИШ террористерінің, сондай-ақ клептократтар мен халықаралық есірткі саудагерлерінің арасында осы тізімде тұрмыз", - деді француз судьясы Николя Гийу.

Гийу - АҚШ санкция салған ХҚС-тың 13 лауазымды тұлғасының бірі. Олардың қатарында сот президенті, жапониялық Томоко Аканэ де бар.

Нидерландылық еуродепутат Дирк Готинк еуропалық қаржы құрылымдарының Америка санкцияларын "артығымен орындау" мәселесіне тоқталды.

"Еуропадағы банктер Америка санкцияларын ешқандай сұрақсыз, автоматты түрде қолданады. Бір сағат немесе бірнеше сағаттың ішінде шотыңыз бұғатталады. Бұл автоматтылық біз америкалықтарды досымыз деп санаған кезден басталған. Әрине, біз санкцияларды америкалықтардан қабылдап аламыз. Олар біздің құрлықты азат етті. Бірақ ол заман өтті, енді Мемлекеттік департаменттің нұсқауларын, онда қазір қандай саясат жүріп жатқанын біле тұра, соқыр сеніммен орындауды тоқтатуымыз керек", - деді ол.

Депутаттардың пікірінше, құрамына 125 ел кіретін ХҚС-ты қорғап шығатын еуропалық саясаткерлердің саны артып келеді.

Еске сала кетейік, АҚШ Халықаралық қылмыстық соттың судьяларына қарсы жоспарлы түрде санкциялар енгізді. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл шаралар "ХҚС тарапынан америкалықтар мен израильдіктерге төніп тұрған қатерге жауап ретінде" қабылданып жатқанын атап өтті.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью