Facebook тағы тартыс: АМӨЗ төңірегіндегі экологиялық дау

02.04.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Оқиға тұрғындардың ауадағы жағымсыз иіс туралы шағымынан басталды. Ал кейін Facebook желісінде экология мамандары, зауыт өкілдері, белсенділер мен сарапшылар арасында қызу айтысқа ұласты.

Талқылау барысында түрлі болжамдар - ескі құбырлар, булану тоғандары, қалалық кәріз жүйесі, кәсіпорынды жаңғырту, экологиялық рұқсаттар, тіпті ықтимал бизнес мүдделері айтылды.

«Ақ Жайық» Facebook-тағы ашық жазбалар мен пікірлерден үзінділерді іріктеп, өңірдегі ең ірі кәсіпорын төңірегінде қоғамдық экологиялық күн тәртібі қалай қалыптасып жатқанын көрсетуге тырысты.

Барлық дәйексөздер әлеуметтік желідегі жария посттардан алынған. Эмоциялық сөздер қысқартылып, айтылған ойдың мәні сақталды.

Бәрі иістен басталды

25 қаңтарда Атыраудың бірнеше ауданында тұратын тұрғындар ауадағы жағымсыз иіс туралы шағымдана бастады. Бұл туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде жарияланып, Komek109 қызметіне де түсті.

Осыдан кейін Экология департаменті жоспардан тыс ауа мониторингін жүргізді. Ведомство деректеріне сәйкес, бірқатар нүктелерде күкіртсутек пен көміртек оксидтері бойынша шекті мөлшерден асқан көрсеткіштер тіркелді.

Тұрғындардың шағымдары негізінде Атырау мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеріс басталды.

Бұл кезеңде оқиға әдеттегідей көрінген еді: тұрғындар жағымсыз иіс туралы шағымданды, экологтар келіп, көзін іздей бастады — мұндай жағдай бұрын да болған.

Алайда кейін оқиға мүлде басқа арнаға бұрылды.

Даудың Facebook-қа шығуы 

Қызығы, бұл жолғы пікірталас ресми алаңдарда емес, негізінен Facebook желісінде өрбіді. Мұнда экологтар, зауыт өкілдері, белсенділер мен сарапшылар ашық түрде пікір алмасып, жағдайды әр қырынан талқылай бастады.

Бұл жағдай қала үшін үйреншікті тәжірибеге айналған: кәсіпорын өкілдері, экологтар, қоғамдық белсенділер мен сарапшылар ресми алаңдарда емес, әлеуметтік желілерде жиі пікірталас жүргізеді. Мұнда сөздер қаталдау айтылады, қарсы тараптың мәлімдемесіне жылдам жауап беруге және тікелей аудиторияға үн қатуға мүмкіндік бар.

Нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауыты төңірегіндегі экологиялық мәселе ашық дискуссияға айналды. Әр тарап өз нұсқасын ұсынып, қала тұрғындарын сендіруге тырысуда.

...Талқылауға эколог Галина Чернова, зауыттың омбудсмені Артур Шахназарян, облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин, қоғам қайраткері Дидар Хамзин, салалық сарапшы Нұрлан Жұмағұлов және басқа да қатысушылар қосылды.

Уақыт өте келе қатысушылардың посттары мен пікірлерінен тұтас тізбек қалыптасты: біреулер мәселені булану тоғандарымен байланыстырса, басқалары қалалық кәріз жүйесін атады. Бұл нұсқалар бір-біріне жиі қайшы келіп отырды.

Құбыр, газ және жарты миллиард 

Экология департаментінің тексерісі айтарлықтай нәтижемен аяқталды. Инспекторлардың дерегіне сәйкес, булану алаңдарында диаметрі шамамен 500 мм болатын құбыр табылған. Олардың болжамынша, осы құбыр арқылы өндірістік ағынды сулар ашық жерге төгілген.

Тексеру қорытындысы бойынша төгілген судың жалпы көлемі 44 мың текше метрден асқан, ал ластанған аумақ шамамен үш гектарды құраған.

Алайда кәсіпорын өкілдері жағдайды мүлде басқаша сипаттап отыр.

Зауыт омбудсмені Артур Шахназарянның айтуынша, әңгіме ауқымды төгінді емес, жергілікті ақаудан шыққан.

«Геолог ауылында тышқандар мен егеуқұйрықтар қаптап, тоғандарға да жетті. Әрі кеткенде екі-ақ шалшық су жиналды...» – дейді ол.

Алайда инспекторлардың шағымдары тек ағынды суларға қатысты болған жоқ.

Инспекторлар тексеріс барысында кәсіпорынның стационарлық көздерді пайдалану кезінде заң бұзғанын да атап өтті. Жоспардан тыс тоқтаулар кезінде технологиялық қондырғылар жұмыс істемей қалған сәтте зауыт экологиялық рұқсатсыз алау қондырғысында отын газын жаққан.

Инспекторлардың дерегіне сәйкес, осылайша атмосфераға шамамен 40 мың текше метр газ шығарылған.

Бірінші сатыдағы сот тексеріс қорытындыларын қолдап, жалпы айыппұл сомасын 520 547 007 теңге деп белгіледі. Қазіргі уақытта кәсіпорын бұл шешімге қарсы сотқа шағым түсірген.

Міне, осы тұста оқиғаның ең басты қайшылығы айқын көрінеді. Егер тексеріс деректеріне сенсек, онда әңгіме ондаған мың текше метр су мен шамамен үш гектар аумақтың ластануы туралы болып отыр. Ал кәсіпорын өкілдері мұны бар болғаны «екі шалшық» деп сипаттайды.

«Егер құбыр ескі әрі пайдаланылмайтын болса, инспекторлар қалайша ондаған мың текше метр судың төгілгенін тіркеді? Керісінше, егер шынымен осындай көлемде төгінді болса, неге зауыт өкілдері жағдайды ұсақ ақау ретінде көрсетеді?» деген сұрақтар туындайды.

Оның үстіне, АМӨЗ омбудсмені тексеріс қорытындыларын негізсіз деп санайды.

«Ешқандай заңсыз құбыр жоқ. Бұл пайдаланылмай тұрған ескі құбыр».

Ол сондай-ақ тексерістің басты себебі — күкіртсутек көзін инспекторлардың таба алмағанын айтады:

«Күкіртсутекті 25 күн бойы таппады, бірақ бұл туралы үндемей қалды».

Басқа жарияланымдарында Шахназарян экологиялық органдардың әрекеттерін қатаң сынға алады:

«Айыппұл ойдан алынған. Заң бұзушылықтар ойдан шығарылған».

«Сасықсай үлкейіп барады».

Атырау облыстық мәслихатының депутаты әрі «Атамекен ЭКО» қорының жетекшісі Арман Хайруллин булану тоғандарына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Ол ықтимал төгінділердің қауіптілігіне назар аударды:

«Сасықсай үлкейіп бара жатқан сияқты. Өкінішке қарай, лас көлдер қала жаққа қарай жайылып барады.

Зауыттың гидротехникалық құрылыстары (булану карталарының бөгеттері) — әлсіреп, батыс бөлігінде сұйықтықты өткізе бастаған. Шағын мүйістер толып тұрған кезде жер бөгеттері қысымға шыдамай, төмен орналасқан жер бедеріне сұйықтықты жинайды».

Хайруллиннің ұстанымы осы пікірталастағы маңызды бағыттардың бірін көрсетеді. Ол булану карталарының мәселесі әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін екенін айтып, қосымша бақылауды талап етеді.

Оның ұстанымы осы пікірталаста АМӨЗ төңірегіндегі экологиялық тәуекелдер бағаланбай отыр және бақылаушы органдар тарапынан қатаңырақ назар қажет деп санайтын қатысушылардың көзқарасына жақын.

Экологтардың ұстанымы: назар – қаладағы ағынды суларда

Бұл пікірталаста белсенді рөл атқарған эколог, Атыраудағы «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры Галина Чернова болды.

Ол айтыста басқа қырды алға тартып, басты назарды қаладағы ағынды сулар жүйесіне және «Квадрат» булану алаңына аударды. Чернованың айтуынша, жұртшылық пен тексеруші органдардың назары негізінен АМӨЗ-ге бағытталғанымен, шын мәнінде елеулі экологиялық мәселелер қалалық кәріз жүйесінде жасырын болуы мүмкін.

Чернова бұл пікірталаста өте өткір сөздер қолданды. Ол былай деп жазды:

«Әкімдік “Квадрат” атты бұл қоқысты, КСҚ-ны және бүкіл шіріген қалалық кәріз жүйесін ретке келтірудің орнына, басқа ештеңе ойлап таппай, ЭД-мен бірге АМӨЗ төңірегінде тексерушілермен бірге жүріп, қандай да бір кінә тағуға себеп іздеумен айналысып отыр!».

Чернова бұл пікірталаста мәселені кеңейтіп қарауды ұсынады. Ол қаладағы кәріз жүйесіне көптеген компаниялар мен кәсіпорындардың өндірістік және тұрмыстық ағынды сулары түсетінін айтады. Оның пікірінше, бұл сулардың химиялық құрамы әрдайым жеткілікті деңгейде бақылауда бола бермейді.

Сондықтан Чернова экологиялық жағдайды тек АМӨЗ-пен шектемей, қалалық кәріз жүйесі мен «Квадрат» булану алаңының жағдайын да назарға алу қажет деп есептейді.

Бұл пікірталаста Чернованың ұстанымын АМӨЗ омбудсмені де қолдайды. Ол да экологиялық мәселенің негізгі бөлігі қаладағы кәріз жүйесіне қатысты екенін атап өтеді.

Омбудсменнің бір пікірінде былай делінген: «Сасық иіс пен күкіртсутекке қатысты ең алдымен әкімдікке жүгіну керек. Сондай-ақ екі әкімдікке бағынышты бір коммуналдық кәсіпорынға және Қашаған консорциумының 33 мердігеріне, олар күкіртсутекті ағынды суларды вакуумдық машиналармен қалаға әкеліп, қалалық кәрізге төгеді».

Осылайша эколог пен АМӨЗ омбудсмені бір көзқараста болып шықты: екеуі де ықтимал экологиялық қауіптің негізгі бөлігі қаладағы кәріз жүйесі мен «Квадрат» булану алаңында болуы мүмкін екенін атап өтеді.

“Тазалық”: жаңғырту ма, әлде елес пе?

Бұл пікірталаста Атырау мұнай өңдеу зауыты жүзеге асырып жатқан “Тазалық” жобасы жеке тақырып ретінде көтерілді. Жоба ағынды суларды тазарту жүйесін жаңғырту және қайталама су айналымын арттырумен байланысты.

“Тазалық” жобасының мақсатты көрсеткіші - бұрын қаладағы тазарту құрылыстарына жіберіліп келген ағынды сулардың жалпы көлемінің 15–16%-ын қайта пайдалану. Жаңғыртуды жүзеге асыру Жайық өзенінен жаңа су алуды 10%-ға азайтуға мүмкіндік беруі тиіс”, — деп жазады А. Шахназарян.

Бұл пікірталаста «Тазалық» жобасына қатысты оң бағалауларға қарсы пікір де айтылды. Қоғамдық белсенді әрі өңірдегі экологиялық тақырыптарды жиі талқылайтын Дидар Хамзин жобаны сынға алды.

Ол былай деп жазады: «Артур Шахназарян, бұл ертегі. “Тазалық” ештеңені жақсартқан жоқ».

Хамзин мәселені кеңірек қарастыруды талап етеді. Оның ойынша, зауыттың экологиялық жағдайын бағалау үшін тек жекелеген жобаларға сүйену жеткіліксіз. Ол: «Мәселені кешенді түрде зерттеу керек – шығарындылар мен төгінділерді толық талдап барып қана қорытынды жасау қажет», - дейді.

Ол модернизация тек технологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, қала тұрғындарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс деп есептейді.

Талдаушылар нұсқасы: «барлық жерде бизнес-қызығушылықтар бар»

Талқылауға Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов қосылды.

АМӨЗ-ге салынған айыппұлға қатысты ол былай деп жазады:

«АМӨЗ-ге 520 млн теңгеге айыппұл салынды… Білесіздер ме, тексеру шамамен 4 аптаға созылды. Ақырында тексерудің заңдылығын дәлелдеу үшін амалсыздан кінә іздеуге тура келді.»

Оның пікірінше, бұл жағдайдың артында мүдделер ауқымдырақ  қақтығысы болуы мүмкін. Ол:

«Бұл жерде Атырау әкімдігі мен АМӨЗ арасындағы тартыс жүріп жатыр. Өкінішке қарай, барлық жерде бизнес-қызығушылықтар бар», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол экологиялық тексерудің басқа инфрақұрылымдық мәселелермен байланысты болуы ықтимал екенін де меңзейді.

КЭР: құжат төңірегіндегі шытырман

Желіде “Экология ма, әлде келісімшарт па? АМӨЗ-ге кенеттен көрсетілген “жұмсақтықтың” артында не тұр?” деген тақырыптағы мәтіннің жариялануы бұл хикаяда жаңа толқын туғызды. 

Жарияланған мәтінде Атырау мұнай өңдеу зауытына арналған кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) төңірегінде шамамен 140 миллион теңгелік келісімшарт бар деген болжам айтылады.

Онда бұл жұмыстардың «КаспийМұнайГаз» ҒЗЖИ арқылы орындалуы мүмкін екені айтылып, оған КЭР алу үшін қажетті құжаттарды дайындау, қоғамдық талқылауларды ұйымдастыру, экологиялық рәсімдерді сүйемелдеу кірген болуы ықтимал делінеді.

Мәтінде экологтар Шынар Ізтлеуова мен Галина Чернова аталады. Автордың айтуынша, КЭР-ді алу мұндай жұмыстың тиімділігін көрсететін негізгі көрсеткіш болуы ықтимал.

Ашық дереккөздерде бұл ақпараттың дәлелі жоқ. Белгісіз, әңгіме шынайы келісімшарт туралы ма, мүмкін болатын жұмыстарды талқылау жайлы ма, әлде экологиялық дискуссия аясында пайда болған ақпараттық мәлімет пе, анық емес.»

Осы жарияланымға эколог Галина Чернова қатты реакция білдірді. Ол бұл мәтінді экологиялық белсенділерді беделсіз етуге бағытталған әрекет деп атады:

«…бұл біздің адал имиджіміз бен экологиялық белсенділер ретіндегі беделімізді шайқау үшін әдейі жасалып отыр. Бұл пасквильде біз зауытты “қорғайды” дегенге ешқандай дәлел де, аргумент те жоқ. Дәлелдер қайда?»

Сонымен қатар, Чернова мәтінде айтылған ешқандай бонус алмағанын да қоса айтты.

Экологты қолдағандардың бірі – АМӨЗ омбудсмені Артур Шахназарян. Ол экологиялық құжаттарды дайындауға қатысты барлық талқылаулардың ашық түрде және заң талаптарына сай өткенін атап өтті.

Оның сөзінен үзінді: «Барлығы ашық. Барлығы заңға сәйкес, Экологиялық кодекс талаптарына қатаң сай. Бес ашық дөңгелек үстел және зауыт мамандарымен сұрақ-жауап форматында өткен төрт сарапшылар тобының кездесуі болды».

Шахназарянның түсіндіруінше, КЭР бойынша талқылауларға тек Чернова мен Ізтілеуова ғана емес, басқа да мамандар қатысқан. Олардың қатарында Атырау облыстық мәслихатының депутаты әрі экология комитетінің төрағасы Арман Хайруллин де болған.

Чернова мен Шахназарянның ұстанымдары бір-біріне тікелей қайшы емес. Эколог «келісімшарт» пен «бонус» туралы нұсқаны жоққа шығарып, мұны ақпараттық шабуыл деп санайды. Шахназарян болса, КЭР мәселелері бойынша талқылаулар ашық форматта, заңға сәйкес өткенін дәлелдеуге тырысады.

Атырау облысының экология департаментінің деректеріне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін Атырау мұнай өңдеу зауытына кешенді экологиялық рұқсат берілмеген.

Дәл осы себептен КЭР тақырыбы төңірегінде түрлі нұсқалар мен болжамдар пайда болып, олар әлеуметтік желілерде белсенді талқылануда.

Департаменттің ішкі дауы

КЭР төңірегіндегі ықтимал келісімшарттар туралы жарияланымдар шықпай тұрып-ақ, ақпараттық кеңістікте Атырау облысы экология департаментінің өзіне қатысты тағы бір оқиға пайда болды.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ведомствоның бір қызметкері мемлекеттік қызметшілерге тыйым салынғандықтан, құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан босатылғанын хабарлады.

Сонымен қатар, әкімшілік жауапкершілікке департамент басшысының орынбасары мен экологиялық бақылау бөлімінің жеті маманы тартылған. Бұл шешімге құқықтық статистика мен арнайы есептердегі деректерді бұрмалау фактілері негіз болған.

Бұл оқиға да қоғам назарынан тыс қалмады: әлеуметтік желілерде белсенді талқыланып, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы экологиялық тексеріс төңірегіндегі дауға қосымша аргументке айналды.

Әркім әркімді айыптайды

Ақырында әдеттен тыс жағдай қалыптасты: зауыт экология департаментін айыптайды, экологтар кәсіпорынды кінәлайды, сарапшылар мүдделер қақтығысы туралы айтады, ал қоғам белсенділері қалалық инфрақұрылымдағы мәселелерді нұсқайды.

Барлық нұсқаларды жинақтап қарасақ, АМӨЗ төңірегіндегі дау неге қарапайым экологиялық тексерістен шығып кеткені түсінікті болады. Мұнда бір мезетте бірнеше сезімтал тақырып: қалада жиі сезілетін күкіртсутек иісі, кәріз жүйесінің жағдайы, зауытты жаңғырту, экологиялық рұқсаттарды алу тәртібі және аймақтағы экологиялық күн тәртібін бақылау мәселелері тоғысты.

«Ақ Жайық» бұл тартыста ешкімнің жағына шықпайды. Біздің міндетіміз – барлық нұсқаларды көрсету және оқырманға өз бетінше қорытынды жасауға мүмкіндік беру.

Ақырында мәселе ведомстволар мен кәсіпорындар арасындағы айыптауларға емес, «Атырау тұрғындары нақты немен тыныстап жүр?» деген ең қарапайым сауалғас келіп тіреледі.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 22:15

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью