Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Былтыр Шығыстың ғұлама ойшылы, ұлы жерлесіміз Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдық мерейтойына арнап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының ғалымдары ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың алғы сөздерімен қазақ тілінде алғаш рет «Фарабитану» атты 20 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды.
Осы орайда ғұламаның бай мұрасын жүйелеп, әр кезеңде, әр тілде жазылған зерттеулерді, аудармаларды, ғылыми пайымдауларды бір арнаға тоғыстыру мақсатында құрастырылған таңдаулы көптомдықтың мәні айрықша. Бұл – әл-Фараби туралы ғасырлар бойы жинақталған ғылыми ойдың, мәтіндік дәстүрдің, философиялық интерпретациялардың тұтас панорамасын көрсететін іргелі басылым. Онда отандық және шетелдік фарабитанушылардың еңбектері, классикалық дереккөздер, заманауи ғылыми талдаулар кеңінен қамтылып, ғұламаның тұлғасы мен ілімін жан-жақты ашуға ұмтылыс жасалған.
Көшпелілік пен отырықшылық дамыған орта ғасырлар кезеңінде, Шығыста бірінші, әлемде екінші ұстаз бола білген әл-Фараби бабамыз 870 жылы Арыстың Сырдарияға құяр сағасында Фараб шаһарында, түркілік ауқатты отбасының шаңырағында дүниеге келгені мәлім. Әл-Фарабидің туған жылына қатысты әртүрлі дерек бар. Әйткенмен дүниежүзі ғалымдары 870 жылы туған деген ғылыми байламға келіп, негізсіз болжамдарды жоққа шығарды. Ал енді ойшылдың туған жері туралы да ғалымдар арасында бір тоқтам болмай келген. Яғни әл-Фарабидің туған жері туралы үш нұсқалы деректер қатар жүрген. Оның біріншісі Фараб деген қала. Қазіргі Өзбекстанның Бұқара қаласындағы, Әмударияның бергі жағында расында да Фараб атаулы жер бар.
Біріншіден, ол қала емес, кішкене ғана қыстақ, екіншіден араб тарихшылары мен саяхатшыларының еңбектерінде ғұламаның туған жерін Арыстың Сырға құяр тұсы деп ашық жазады. Сондықтан Бұхара қаласындағы Фараб қыстағы мен әл-Фараби туған Фараб қаласының ешқандай байланыс болуы мүмкін емес.
Келесі Фараб деген қала Ауғанстанда бар деген де жорамал кездеседі. Бірақ бұл аймақтағы қаланың атауы Фараб емес, Фариаб бұл қаладан түлеп ұшқан ғалым да бар, оның есімі Фариаби деген қосымшамен жалғанған.
Үшінші Фараб деген қала Тәжікстанда да бар деген кейбір топтардың болжамы тіптен шындыққа жанаспайды. Себебі бұл аймақта мұндай атауға ұқсас бірде-бір қала, тіптен кент, қыстақта жоқ екенін ғылыми-практикалық тұрғыдан дәлелдеген дін қайраткері, шығыстанушы-ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі болатын. Отырар шаһарының тарихы тағдырлы болып келеді. Сондықтанда ғаламға ғылым нұрын шаша білген Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бабамыз хақында сөз қозғар болсақ, оның туған жері хақында да іркілмеуіміз ләзім.
Арыстың Сырдарияға құяр сағасында орын тепкен қазіргі Отырар бұрынғы Фараб шаһары турасында азды көпті тарих парақтарын парақтап, архелогиялық тараптарына тоқталайық.
Жаратқан сыйға тартқан сексен жылдық ғұмырын тек қана жаратқанның құбылыстарын зерттеуге арнаған данышпан ғұлама Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бабамыз кіндік қаны тамған Отырар шаһары туралы жоғарыда азды-көпті мәліметтерге тоқталдық. Оған тоқталуымыздың басты себебі – қазіргі таңда біз ғұламаның тікелей мұрагерлері бола тұрып оның есімін әл-Фараби деп білеміз. Ал негізінде оның азан шақырып қойған есімі өзге. Ал әл-Фараби деген тіркес фарабтық деген мағынаны білдіреді. Бабамыздың туған жері де сол өркениеттер арасында шоқтығы ең биігі. Қаланың толық тарихын білмей, біз әл-Фарабиге толық кіре алмақ емеспіз.
Әл-Фарабидің толық аты-жөні –Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Узлағ ибн Тархан әл-Фараби ат-Турки.
Ортағасырлық Ислам дәуірі кезеңінде өмір сүрген көптеген ғалымның аты секілді ғұламаның да атының ұзақ болуы табиғи заңдылық. Ал ендеше есіміне толық түсіндірме берер болсақ:
«Әбу Насыр» деген сөз араб тілінен аударғанда «Насырдың әкесі» деген ұғымды білдіреді. Осы орайда өздігінен бір сұрақ туындайды, әл-Фараби өмір бойы үйленбей кеткен болса, қайдан «Насырдың әкесі» болады, ал енді нақты жауап берсек, араб елдерінде «Куния» деген ұғым бар, яғни лақап ат қою. Ғалымдардың айтуынша, ғұламаның өте зерек бір Насыр атты шәкірті болыпты, оны өзіне қатты тартып, қасынан тастамай алып жүрген соң замандастары ойшылды «Насырдың әкесі» атап кеткен болса керек.
Ал өзінің азан шақырып қойған есімі Мұхаммед, әкесінің де есімі Мұхаммед. Осыдан-ақ ғұламаның отбасы Ислам дініне деген қандай құрметпен қарағанын аңғарамыз. Яғни Мұхаммед деп Ислам дінінде Алланың елшісі бола білген соңғы пайғамбардың құрметіне қойған.
Ал Узлағ арғы атасының есімі болса, есіміндегі келесі «тархан» сөзі ғұламаның ауқатты және әскери отбасынан шыққанын көрсетеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда тархандықтардың балалары тоғыз рет қылмыс жасаса да кешірім болады екен. Содан-ақ бұл әулеттің ел алдындағы абыройының қай деңгейде екендігін көрсетіп тұр. Кейбір тарихшылар осы «тархан» сөзі арқылы ғұламаның түркі тектес Қаңлы руының Дархан қаңлы тармағынан шыққан деп те айтып жүр. Әрине, бұл қазіргі күнде тек қана болжам ғана, дегенмен шындықтан да алыс емес.
«Әл-Фараби» сөзі қазақ тілінде фарабтық деген мағынаны білдіреді. Ортағасырлар кезеңінде өмір сүрген барша ғалымдардың есімі туған қаласының атымен аталған. Мысалы, Қашқар қаласында туған ғалым Махмұд Қашқари, Баласағұн қаласында туған Жүсіп Баласағұни, Иассы қаласында туған Құл Қожа Ахмет Ясауилар сынды Фараб қаласында туғандықтан әл-Фараби атанған болатын.
Ат-Түрки атты соңғы тіркесі ол кісінің түркі тектес екенін білдіреді. Әл-Фарабидің аты жөні көптеген араб тарихшысының еңбектерінде де кездеседі. Солардың бірі 1172 –1248 жылдар аралығында өмір сүрген Жамал ад-Дин Әбулхасан әл-Қифти деген ғалымның еңбегінде әл-Фарабидің есімі аталған екен. Тіптен оған арналған арнайы тарауда бар. Ол жерде әл-Қифти Мухаммед ибн Мухаммед Тархан әл-Фараби деп жазған екен. Келесі әл-Фараби туралы жазған Ибн Әби Усайбиға (1203–1270) атты ғалым өз еңбегінде оны «Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ» деп жазыпты. Әрі қарай ғұлама туралы арабтың белді ғалымы Фар Саъд өзінің зерттеу монографиясында тура қазір қалай жазып жүрсек, дәл солай жазған екен. Дәлірек айтқанда «Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрки», деп жазады. Яғни жоғарыда келтірілген түркі тектес деген ұғымды бұл ғалымда қуаттағанын анық байқауға болады. Бұдан өзге де әл-Фарабиді түркі тектес деп жазатын үлкен ғалым, зерттеуші Ибн Халиқан болатын. Ол өзінің зерттеу кітабында ғұламаға арнаған «Әл-Фараби – файласуб», яғни «Әл-Фараби – философ» деген көлемді тарау бар. Сол тарауда әл-Фарабидің Фарабтан шыққанын, философ екенімен қоса түркі тектес ұлттан шыққандығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жазады. Негізінен әл-Фарабиді дүниежүзілік ғалымдар түркі деп жазады, жалғыз ирандық ғалымдар ғана оны парсы текті деп жазады, жазып та жүр. Оларды парсы тектес деуінің басты себебі – әл-Фараби туған аймақты сол кезеңдерде саманилер билеген екені шындығында тарихи тұрғыдан рас. Дегенмен саманилер тек қана басқарушы билікте ғана болды, ал негізгі отырықшы халық түркілер болатын. Сондықтан да ғылыми тұрғыдан парсы текті деп айту да жазу да қате болмақ. Дәл осы парсы тектес, түркі тектес туралы сөзге байламды, арабтанушы, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Мен дін қызметінде жүргенімде Тегеран қаласына конференцияға қатыстым. Мұндағы бір үлкен кітапханаға барғанымда көргенім – кітапхана дәлізінде «Әбу Насыр әл-Фараби» деп жазылып тұр екен. Сонда мен әл-Фарабидің қазақ топырағында дүниеге келгенін айттым. Бірақ ол кезде кітапхана директоры қарсы пікірін білдірді. Ол кісінің айтуынша, әл-Фараби – парсы, себебі ол кезеңде Фарабты саманилер билеген-ді. «Рас, сол кезеңде Фараб саманилер қол астында болғаны тарихтан аян. Бірақ саманилер тек билік басында ғана болды емес пе? Жергілікті халқы түркі тектілер еді», деп едім. Оған да сенгісі келмеді. Ендеше, мен былай дедім: «Кітапханаңызда Ибн Халиқанның кітабы бар ма?». Ол кісі «иә, бар», деді. Кітапты әкеліп еді, кітап ішінен «Әбу Насыр әл-Фараби Отырар қаласында туған, түркі текті, алғаш үйренген тілі түркі тілі» деген сөздерді өз көзімен көргенде менің сөзіме иланды». Яғни тағы да ғылыми тұрғыдан айтарымыз әл-Фарабиді түркі деп жазу тарихи тұрғыдан әділеттілік.
Бірақ кейбір зиялы қауым өкілдері кейінгі кездерде ғұламаны тіптен қазақ ұлтынан шыққан деп біледі. Бірақ тарих тұрғысынан қарастырар болсақ, Қазақ хандығы XIV–XV ғасырлар аралығында ғана ұлттық негізде мемлекет болып қалыптасқан еді. Ал әл-Фарабидің өмір сүрген кезеңі ІХ–Х ғасырлар аралығын қамтиды. Сонда әл-Фарабидің тағы да түркілік кезеңнің көрнекті өкілі екенін байқаймыз. Яғни әл-Фарабиді жекелеген ұлттарға қосудың ешбір тарихи негізі жоқ. Дегенмен де көрнекті фарабитанушы, академик Бабажан Ғафуров осы талас-тартысқа байланысты пікір қайшылығын жою мақсатында мынадай керемет ғылыми пікір білдіреді: «Әл-Фараби өмір сүрген кезеңде қазақ, өзбек сияқты ұлттар болған жоқ. Бірақ әл-Фараби қазақ жерінде өмір сүрген түркі тайпасынан шыққан, сол тайпа кейінірек қазақ халқының құрамына енді. Сондықтан әл-Фарабиді жеке ұлттарға бөлудің қажеті жоқ», деп өз сөзін түйіндейді.
Ғұлама турасында көптеген мәліметтің нұсқаланып кетуі де заңдылық. Себебі ойшыл бізге белгілі көптеген еңбегінде өзінің жеке басы турасында мәліметтер қалдырмаған. Алайда Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби турасында әлі де жазылар ғылыми һәм әдеби еңбектердің көп болары заңдылық.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
Соңғы жаңалықтар
Қаржы • Бүгін, 09:13
Ғылым • Бүгін, 08:45
Көрме • Бүгін, 08:43
Таным • Бүгін, 08:40
АҚШ-Иран: Уақытша мәміле бейбітшілікке бастаса игі
Әлем • Бүгін, 08:35
Дәулескерлер туралы тың ізденіс керек
Ғылым • Бүгін, 08:30
Оралда көпір құрылысы басталады
Құрылыс • Бүгін, 08:25
Өнер • Бүгін, 08:23
Ақылы жол: Тариф өсті, сапа қайда?
Мәселе • Бүгін, 08:20
Пікір • Бүгін, 08:15
Кіріс артып, инфляция төмендеді
Инфляция • Бүгін, 08:10
Оғыз өркениетін ұлықтаған көрме
Саясат • Бүгін, 08:08
Туристік маусымға әзірлік жайы талқыланды
Туризм • Бүгін, 08:05
Сенатор Моңғол елшісімен кездесті
Саясат • Бүгін, 08:02
Халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестік нығаяды
Саясат • Бүгін, 08:00