Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Алғашқы минуттан қарсыластар жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеген еді. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ. Ойынның 12-минутында қазақстандық Иван Свиридов қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Одан кейін қос құраманың да есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндігі болған еді.
Екінші кезеңде Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қақпашы Темірлан Анарбековтің орнына Мұхаммеджан Сейсенді шығарса, Рамазан Оразовты Айбол Әбікен алмастырды.
Кездесу барысында қос құраманың да белсенділігі байқалды. Ойынның 79-минутында қазақстандық Әлібек Қасым есепті үстемелей түсті.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Намибия құрамасы осал қарсылас емес. Ұлттық құрамалар арасындағы FIFA рейтингінде 118-орында тұрған олар алғашқы ресми кездесуінде 1990 жылы Маврикийден 1:2 есебімен жеңілген еді.
Намибиялық футболшылар Африка Ұлттар кубогының финалдық кезеңіне төрт рет қатысқан (1998, 2008, 2019 және 2023 жылдары) еді. Ең үздік нәтижесі — 2023 жылы 1/8 финалға шығуы.
Бұл турнирде алғашқыда Қазақстан, Намибия, Комор аралдары және Кувейт қатысады деп жоспарланған еді. Дегенмен Кувейттің бас тартуына байланысты ойындарды айналмалы жүйе бойынша өткізуге шешім қабылданды.
Енді қазақстандық футболшылар 31 наурызда Комор аралдарымен жасыл алаңға шығады.
Ал 28 наурызда Намибия мен Комор аралдары жасыл алаңға шығады.
Турнирдің негізгі мақсаты – ұлттық құрамалардың ойын тәжірибесін арттырып, әртүрлі футбол мектептерінің бір-бірімен бәсекеге түсуіне мүмкіндік беру.
FIFA Series аясында әр топқа түрлі құрлықтан төрт командадан бөлінеді. Әрбір құрама екі матч өткізеді. Бұл халықаралық күнтізбеге артық жүктеме түсірмей, сонымен бірге сапалы ойын тәжірибесін қамтамасыз етуге бағытталған.