Forbes тізіміндегі жастар: қазақ тілін насихаттап жүрген жоба

14.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

– Парақшамызды 2018 жылы қыркүйек айында аштық. Бастапқыда Telegram арнасында анонимді түрде, жай хобби ретінде жүргізген едік. Өйткені мен бала кезімнен тарихқа қызығатын едім. Мен сияқты жастарға да бұл қызық деп ойладым. Солай Әйгерім екеуміз бастадық. Кейіннен Instagram-ды құрып, біртіндеп оқырмандарды жинай бастадық. Сол арқылы осындай жобаға айналды. Басты мақсатымыз – қазақ тарихын, мәдениеті мен дәстүрін жастар арасында насихаттау, оны заманауи тәсілдер арқылы тарату, – дейді Unknownkazak жобасының авторы Диас Камериданов.

Бүгінде @unknownkazak инстапарақшасында 180 мыңға жуық оқырман бар.

– Барлық әлеуметтік желідегі оқырманымызды қосқанда шамамен 250 мыңдай оқырманымыз бар. Әр жобаның өзіндік аудиториясы бар. Командамызда онға жуық маман жұмыс істейді. Біз ақпараттарға жауап береміз және техникалық мәселелерді реттейтін адамдар бар, – дейді студия қонағы.

Әлеуметтік желіде ақпарат беруден басталған жұмыс кейін UnknownKazak Talks алаңына айналған.

– Бұл идея кітап клубын құрудан басталды. Бастапқыда анонимді түрде әлеуметтік желілерге салып жүргендіктен, соңында «оффлайн форматта бір нәрсе істеу керек» деп ойладық. Біздің аудиториямыз орыстілді қазақтар болғандықтан, 2022 жылы «Қазақ тілін бірге үйренейік» деген кітап клубын аштық. Бірінші кездесуге 100-ге тарта адам келді. Солай ай сайын клуб мүшелерімен жиналып жүрдік. Бір жолы кездесуге Зира Наурызбайды шақырдық. Сол кезде адамдар келіп, сұрақтарын қойып, талқылау болып кетті. Содан кейін «Қазақ тілінде жаңа алаң ашсақ қайтеді?» деген идея келді. Әртүрлі спикерлерді шақырып, жастарға пайдалы дүниелерді бөліссе деген оймен ашылды, – дейді Диастың жары әрі серіктесі Әйгерім Камериданова.

Жобаның мақсаты елордада тәуелсіз жастарға арналған алаң құру дейді жоба авторлары.

– Бір-бірімен танысу, ой алмасу, әртүрлі тақырыптарды талқылау, тәжірибемен бөлісу үшін осы жобаны бастадық. Қазір бұл жобаның жұмыс істеп жатқанына 3 жыл болды. Ең басты мақсат – қазіргі қазақ зиялыларын қалыптастырып, қазақ тілін танымал ету. Біздің алаңға ай сайын шамамен 500–600 адамдай жиналады. Talks туралы айта кетсек, бұл TEDx форматындағы конференция секілді жоба. Ай сайын өтеді. Әзірге тек Алматы мен Астанада тұрақты түрде өтіп жатыр. Ай сайын төртке жуық спикерді таңдаймыз. Біздің басты талап – баяндаманың қазақ тілінде болуы және ол адам өз саласының эксперті болуы шарт, – дейді Әйгерім.

Диас пен Әйгерім солтүстік бағытта трип ұйымдастырып, оңтүстік өңірлерге де сапарлар жасаған. Қазіргі уақытта АҚШ-та уақытша тұрып жатқандықтан, Бостон және Нью-Йорк қалаларында төрт рет іс-шара өткізіпті. Сонымен қатар Париж қаласында да кездесулер ұйымдастырған.

Айта кетейік, елімізде қазақ тілін оқытудың жаңа цифрлық форматы пайда болды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью