Францияның 38 аймағы қар құрсауында қалды

07.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Франция қар құрсауында қалды. Қолайсыз күн райына байланысты елдің солтүстігі мен солтүстік-батысындағы 38 департаментте қауіптің қызғылт сары деңгейі жарияланды. 

Жаңбыр аралас қардан кей өңірлерде көктайғақ болып, жол-көлік оқиғасы көбейді. Қозғалысқа шектеу енгізіліп, алты әуежай уақытша жабылды.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Францияның солтүстік және батыс өңірлерінде үшінші күн қатарынан қар жапалақтап жауып, қала көшелерін ақұлпа басқан. Қысқы көрініс әсем әсер сыйлағанымен, күнделікті өмірге айтарлықтай қолайсыздық әкелді. Қарлы циклон мен көктайғақ салдарынан Францияның 38 департаменті 7 қантарда метеоқауіптің қызғылт сары деңгейіне көшірілді. Бұл Météo-France жүйесі бойынша төрт деңгейдің үшіншісі. Қолайсыз ауа райына байланысты аймақтарда жүк көліктері мен мектеп автобустарының қозғалысына тыйым салынды, ал жеңіл көліктерге жылдамдығын сағатына 70 шақырымнан асырмауы тиіс.

Дүйсенбі күні Парижде толассыз жауған қардан 1000 шақырымға жеткен рекордтық кептеліс пайда болды. Қатты көктайғақ Иль-де-Франс пен Жаңа Аквитания аймақтарында ірі жол апаттарына әкеліп, салдарынан кемінде бес адам қаза тапты. Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз ауа райы апта соңына дейін сақталады. Осыған байланысты көлік министрлігі азаматтарды сапар санын азайтып, мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге шақырды.

Филипп Табаро, Франция көлік министрі:

- Алдағы күндері Францияның солтүстік-батысы мен шығысында жаңа циклон жүреді.  Елдің көп аумағында жауын-шашын көлемі артып қолайсыз ауа райы 9 қаңтарға дейін созылуы ықтимал. Күн жылынғанға дейін көктайғақ қаупі жоғары. Сондықтан Иль-де-Франс аймағына көлікпен сапарламауға шақырамыз.

Қар мен көктайғақ әуе қатынасына да әсер етті. Францияның солтүстік және солтүстік-батысындағы қалаларда алты әуежай уақытша жабылды. Ал Париждегі екі үлкен әуежайда рейстердің 40 пайызы кейінге қалдырылып, тоқтатылды. Батыс өңірлерде теміржол қатынасы да тұралады. Билік 2018 жылғы дағдарыстың қайталануына жол бермеуге күш салып жатыр. Ол кезде мыңдаған жүргізуші жолда қалып қойған еді. Дегенмен, елдің шығысында тағы жаңбыр аралас қар жауып, көп қиындықтар туғызуы мүмкін деген қауіп бар. 

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью