Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Олар Испания үкіметінің бағаны төмендету шараларын пайдаланып отыр.
Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан соңғы бір айда Испанияда жанармай бағасы шамамен 20 пайызға өскен. Алайда 20 наурызда қабылданған үкіметтік жарлық 22 наурыздан бастап күшіне еніп, баға төмендей бастады.
Испаниялық БАҚ хабарлауынша, жанармайға салынатын қосылған құн салығының 21 пайыздан 10 пайызға дейін төмендеуі бензин мен дизельдің арзандауына әсер еткен. Бұл көрші Франция мен Португалия тұрғындарының да қызығушылығын арттырды.
Мәліметтерге сәйкес, Португалия мен Францияның шекаралас аймақтарындағы жүргізушілер Испанияда жанармай құйғанда бір бактан шамамен 20 еуро үнемдейді.
Испанияның Франциямен солтүстік-шығыстағы және Португалиямен батыстағы шекараларында көлік қозғалысы күшейіп, жанармай құю бекеттерінде кейде кезек пайда болып отыр.
Францияда дизель отынының бағасы литріне шамамен 2,12 еуро, бензин 1,99 еуро болса, Испанияда үкімет шараларының арқасында дизель 1,80 еуроға, ал бензин 1,62 еуроға дейін арзандаған.
«Мұнда жанармай құю әлдеқайда тиімді»
Көрші Португалиядан Испанияның Фуэнтес-де-Оньоро қаласына жанармай құю үшін келетін португалдық Аурелиу Перейра өз пікірін айтты.
— Испаниямен айырмашылық литріне шамамен 20 цент. Мұнда жанармай құю әлдеқайда тиімді, — деді ол.
Осы қаладағы жанармай бекеттерінің бір қызметкері Хорхе Коста «бұл бекеттердің клиенттерінің 95 пайызы — португалдықтар. Бұрын олар бір бактан шамамен 10 еуро үнемдейтін, қазір бұл айырмашылық одан да артты, сондықтан жиі келеді» деп айтты.
Сонымен қатар тұтынушылар қауымдастықтары үкімет шараларына қарамастан Испанияда жанармай бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскенін атап өтеді.
Атап айтқанда, дизель көлігін толық толтыру құны қазір бір жыл бұрынғымен салыстырғанда шамамен 19 еуроға қымбат.
Айта кетелік Германияда жанармай бағасын күніне бір рет қана көтеруге рұқсат берілуі мүмкін екенін жазған едік.