Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Франкфурт әуежайында безгек ауруының алты жағдайы тіркеліп, науқастардың бірі көз жұмды. Мамандар инфекция жұқтырған масалар әуежайға ұшақпен, багажбен немесе жүкпен келуі мүмкін деп болжайды, деп хабарлайды Tengri Travel.
Не болды?
Fraport әуежайының операторы 26 тамызда қызметкер безгектен қайтыс болғанын растады. Frankfurter Allgemeine Zeitung газетінің мәліметінше, марқұм ұшақтарға техникалық қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істеген.
"Әріптесімізден айырылғанымызға қатты қайғырып отырмыз. Қазіргі уақытта барша ойымыз марқұм әріптесіміздің отбасы мен жақындарында. Зардап шеккен басқа қызметкерлер ем қабылдап жатыр", - деді Fraport өкілі People басылымына.
Әуежайда жалпы алғанда инфекция жұқтырудың алты жағдайы анықталды.
Компания қызметкерлер әуежайға ұшақтармен келген инфекцияланған масалар шаққаннан кейін ауру жұқтыруы мүмкін деп есептейді. Бұл жағдайда инфекцияның адамнан адамға жұғу нұсқасы қарастырылып жатқан жоқ.
Оқиғадан кейін Fraport қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қызметкерлерге безгекке байланысты қауіп-қатер туралы қосымша ақпарат бере бастады.
Безгек әуежайға қалай келуі мүмкін?FTN News мәліметінше, мамандар "әуежай безгегі" деп аталатын нұсқаны қарастырып жатыр.
Бұл атау безгек жұқтырған маса ауру кең тараған аймақтан басқа елге ұшақпен, багажбен немесе жүкпен бірге кездейсоқ түскен жағдайларға қатысты қолданылады.
Ұшып келгеннен кейін жәндік ұшақтан шығып, адамды шағып алуы мүмкін. Қазіргі уақытта неміс мамандары дәл осы сценарийді зерттеп жатыр.
Дегенмен, инфекцияланған масаның Франкфуртқа нақты қай жерден келгені әзірге белгісіз.
Әуежай туралы не белгілі?Майндағы Франкфурт әуежайы (FRA) - Германияның ең ірі әуежайы және Еуропадағы басты авиациялық тораптардың бірі. 2025 жылы ол шамамен 63,2 миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Мұнда көптеген халықаралық рейс орындалады, ал көптеген саяхатшыға Франкфурт Еуропаның, Солтүстік Америка мен Азияның басқа қалаларына жол тарту кезіндегі ауысып отыру бекетіне айналған.
Әуежай немістің Lufthansa әуекомпаниясының негізгі хабы болып саналады. Жолаушылар тасымалынан бөлек, мұнда жүк авиациясы да белсенді жұмыс істейді - 2025 жылы әуежай арқылы шамамен 2,1 миллион тонна жүк өткен.
Франкфурт Қазақстанмен де тікелей байланысты. Lufthansa Астана мен Алматыдан Франкфуртқа тікелей рейстерді жүзеге асырады. Әуккомпанияның қазіргі кестесі бойынша Астанадан аптасына бес рейске дейін, ал Алматыдан төрт рейске дейін қолжетімді. Кесте маусымға байланысты өзгеруі мүмкін.
Айта кетейік, тағы бір қайғылы оқиға Канада әуежайында болды. Әуе кемесі артқа қозғалып бара жатып, жердегі қызмет көрсету маманын қағып кеткен. Кейін ол ауруханада көз жұмды. Оқиға Монреаль әуежайында ұшақ Парижге ұшар кезде болған.
Тағы оқыңыз: Атырау әуежайында шетелдік азамат қайтыс болды: полиция мән-жайды айтты
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу