Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қатаң күзетпен жеткізілген футболдан әлем чемпионатының кубогі Алматының Республика сарайында таныстырылды. Салтанатты рәсімге 2006 жылы Италия құрама сапында әлем чемпионы атанған Марко Матерацци қатысты.
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
Қала тұрғындары мен қонақтары әлемдегі ең танымал спорттық трофейлердің бірін жақыннан көру мүмкіндігіне ие болды. Іс-шараға қызығушылық жоғары болып, барлығы 3500 астам адам қатысты. Бір қызығы - салмағы 6,142 кг болатын, таза алтыннан жасалған әлем чемпионатының түпнұсқа кубогіне дәстүр бойынша тек әлем чемпиондары мен мемлекет басшылары ғана қол тигізе алады.
Фото: Coca Сola баспасөз қызметі
- FIFА футболдан әлем чемпионатының түпнұсқа кубогын және әлемдік футбол аңызын Алматыда қабылдау – қаламыз үшін үлкен мәртебе. Алматы дәстүрлі түрде Қазақстанның спорт орталығы саналады. Ал басты футбол трофейінің келуі қаланың ірі халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу алаңы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі, - деді Алматы әкімдігінің өкілдері.
Ал аңыз футболшы Марко Матерацци әлем көз тігетін алдағы турнирде кім фаворит екенін айтты.
- Мен италиялықпын, сондықтан жеңіс Италияға бұйырады деп сенемін. Бірақ объективті түрде айтсақ, чемпионның кім болатынын алдын ала болжау өте қиын. Аргентина, көбіне Лео Мессидің арқасында тамаша нәтижелер көрсетіп жүр. Бразилия мен Германия да әрқашан мықты — олардың тәжірибесі мол. Дегенмен Марокко, Испания және Португалия сынды командалар таңғалдыруы мүмкін деп ойлаймын. Олардың ойын жүйесі жақсы ұйымдастқан және кубок үшін таласуға шынайы мүмкіндіктері бар, - деді футболшы.
Әлем чемпионаты биыл 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ-тың Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк, Филадельфия, Сан-Франциско, Сиэтл, Канаданның Торонто, Ванкувер және Мексиканың Гвадалахара, Мехико, Монтеррей қалаларында өтеді. Алғаш рет дүбірлі додада 48 құрама бақ сынайды.
Еске салайық, FIFA 2026 жылғы әлем чемпионаты билеттеріне рекордтық 500 миллионнан астам өтінім түскенін жариялады.