Ғабит Мүсіреп: Мемлекеттік қолдау медиа саласының дамуына жаңа серпін береді

25.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Белгілі журналист бұл марапатты отандық медиа саласына көрсетілген жоғары құрметтің белгісі деп бағалайды. Оның пікірінше, ақпарат тасқыны күшейген қазіргі кезеңде қоғамға сапалы, сараптамалық әрі сенімді контент ұсынатын кәсіби журналистиканың рөлі бұрынғыдан да арта түскен.

Ғабит Мүсіреп Президент реформалары аясында медиа саласында маңызды өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ол журналистер еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы кәсіби ортаға тың серпін беріп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігін арттыра түсетінін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары медиа саласын жаңғыртуға, журналистердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы реформалардың саланың дамуына нақты әсерін қалай бағалайсыз?

– Иә. Мемлекет басшысы медиа саласын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Еліміздің жан-жақты дамуына, сөз еркіндігінің өрістеуіне ықпал ететін, журналистердің құқын қорғайтын  «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, ел Президентінің тапсырмасымен журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты  көңілген қуаныш ұялататын шешімдер қабылданды. Соның айқын дәлелі  Астана қаласында соңғы үш жыл бойы журналистерді баспанамен қамту дәстүрі жалғасып келеді. Бұл жоба аталған саланың дамуына, отандық журналистиканың сапасына айрықша әсер ететіні анық.

Мемлекет басшысы журналистерді баспанамен қамтамасыз ету бастамасын өңірлерге дейін кеңейтті. Бұл шешім аймақтық журналистиканың сапасы мен кадрлық әлеуетіне қандай ықпал етеді деп ойлайсыз?

– Өте дұрыс шешім.  Қалың журналистер шоғыры Астана мен Алматыда  шоғырланғанымен, өңірлердегі журналистер де мемлекеттік  саясатты  елге жеткізуде еселі еңбек етіп жатып жатқаны белгілі. Сондықтан жергілікті журналистердің де жұмысы лайықты бағалануға тиіс. Басқаша айтқанда, өңірдегі журналистердің баспанамен қамтылуы жергілікті кадрлардың мегаполистерге  қарай алаңдамай,  тұрақты жұмыс істеуіне үлкен  септігін тигізеді. Кадр тұрақтылығы журналистиканың сапасына да әсер ететіні сөзсіз.

– Президент сөз еркіндігін қамтамасыз ету мен жауапты журналистиканы қатар дамыту қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл ұстаным отандық медианың кәсібиленуіне қалай әсер етті?

– Сөз еркіндігі демекші,  бүгінде оны  кейбір әріптестеріміз өзінше түсінетін тәрізді. Ондайлар қоғамның тек көлеңкелі жағын көбірек көрсетуге үйір болып жүр.  Мақтаса аспандатып жіберетін, жамандаса жерге кіргізетін кейіп. «Барын бар, жоғын жоқ» деп айтатын объективті көзқарасты  саралап айтуға да уақыт керек секілді. Ендігі жерде елдікті мақсат тұтқан, тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосатын ұлттық журналистиканың өрісін кеңейте түсу керек. Осы тұрғыдан алғанда отандық журналистикаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Парасатты пайым мен  мемлекетшілдік отандық медианың бәсін биіктетіп, қоғамда шынайы  ой еркіндігінің салтанат құруына ықпалын тигізеді.

Соңғы жылдары ақпараттық саясатта ашықтыққа, қоғаммен диалогқа және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына басымдық берілуде. Бұл өзгерістер журналистердің жұмысына қандай жаңа мүмкіндіктер ашты?

– Қоғамға ақпарат жеткізуші құралдар өзгергенімен, журналистің міндеті сол күйінде. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамның бет-бейнесі айқындалады. Өйткені, журналистердің басты миссиясы   қоғамда қордаланған мәселені жауапкершілікпен дер кезінде жұртшылыққа жеткізе білу.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  қағидатына басымдық беруі   қордаланған мәселелерге қатысты  халықтың шағымына биліктің дер кезінде  үн қатуын талап етеді. Осы тұста журналистердің еңбегі көрінеді. Яғни  журналистер қоғамдағы проблемаларды  қозғай отырып, соған биліктің назарын аударады. Басқаша айтқанда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына байланысты өзгерістер журналистердің ізденісіне серпін беріп,  халық пен билік арасындағы байланысты, диалогті өрістетуге  мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы дәстүрлі медианың цифрлық трансформациясын қолдап, оның қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Президенттің осы бағыттағы саясаты БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қаншалықты ықпал етті?

– Осы тұста Мемлекет басшысының былай деп айтқаны еске түсіп отыр: «Мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді». Яғни   дәстүрлі медиа  заман талабына бейімделіп, мазмұнды контент арқылы қоғамның сұранысын қоғамның сұранысын өтеуге қызмет ете береді деген сөз.

Журналистерді мемлекеттік наградалармен марапаттау, олардың еңбегін қоғамдық деңгейде мойындау сияқты бастамалардың кәсіби ортаға әсері қандай?

– Кәсіби ортаға әсері дейсіз бе? Еңбектің лайықты бағалануы қай уақытта әсері жоғары. Әсіресе журналистер ортасында. Өйткені, әдетте елге еңбегі сіңген тұлғаларды, еңбек адамдарын қалың жұртқа насихаттауда микрофон, қалам ұстаған қауымның қызметі ерекше екені сөзсіз. Өз кезегінде халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген кәсіби журналистерді мемлекеттік наградалармен марапаттау олардың құлшысына арттыра түсетіні белгілі. Оған қоса мемлекетшілдік, отаншылық  қасиетінің артына да әсер етеді.

– Президент реформалары аясында медиа саласында қандай оң өзгерістерді ерекше атап өтер едіңіз және алдағы уақытта саланы дамыту үшін қандай бастамалар маңызды деп санайсыз?

– Елімізде Жаңа Конституция қабылданды. Ол 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді. Еліміздегі басты реформа осы Ата заңнан бастау алады. Адам құқы, сөз еркіндігі туралы Конституцияда айқын жазылған. Медиаға қатысты өзгерістер де осында қамтылған.

Қай қоғамда да мемлекет халықпен екі арадағы байланысты нығайтуда  бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне сүйенетіндігі белгілі. Ол мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары болуы мүмкін, сондай-ақ жекеменшік  БАҚ болуы да ықтимал. Меніңше, болашақта еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары  меншік түріне қарамай, қоғамның дамуына қызмет етеді деп ойлаймын.  Өз кезегінде қоғам да бұқаралық ақпарат құралдарының елдік мәселені, халықтық мүддені қозғауына  ықпал етуі тиіс.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью