Ғалым Думан Жекеновтың Орталық Азия мұраты атты ғылыми монографиясы жарық көрді

25.02.2026

7kun.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Бүгін Алматыда ғалым Думан Жекеновтың «Орталық Азия мұраты» атты жаңа монографиясы ғылыми қауымдастық пен қалың оқырман назарына ұсынылды.

 Кітап авторы аймақ мәселелерін тек академиялық тұрғыдан ғана емес, азаматтық жауапкершілік деңгейінде қарастырып, Орталық Азияны танудың жаңа интеллектуалдық бағытын ұсынады. Монографияның өзегінде бір қарапайым, бірақ салмақты сұрақ жатыр: тәуелсіздік алғанымызға отыз бес жылдан асса да, біз өзімізді толық танып үлгердік пе? Бізді не біріктіреді? Не алшақтатады? Ортақ мүдде қай тұста тоғысады? Осы сауалдар еңбектің ішкі философиялық арқауын құрайды.

Бір қарағанда Орталық Азия – геосаяси картадағы аймақ қана. Алайда автор бұл кеңістікті тек саяси-әкімшілік шеңберде емес, өркениеттік, тарихи және мәдени тұтастық ретінде қарастырады. Әр тасы – тарих, әр өзені – тағдыр, әр қаласы – өркениет екені айқындалады. Кітапта аймақ мемлекеттерінің даму эволюциясы, ішкі саяси динамикасы, сыртқы саясаттағы басымдықтары, қауіпсіздік мәселелері және халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны кешенді түрде талданады.

Еңбектің ерекшелігі – Орталық Азияны сырт көздің бағалауы арқылы емес, аймақтың өз танымы мен мүддесі тұрғысынан түсіндіруге ұмтылуы. Думан Жекенов батыстық аналитикалық үлгілерге сыни көзқарас білдіре отырып, аймақ туралы пайымдауды жергілікті ғылыми ойлау жүйесі арқылы негіздеуді мақсат етеді. Бұл – интеллектуалдық тәуелсіздікке ұмтылыс.

 «Орталық Азия мұраты» – академиялық-қоғамдық ой кітабы. Ғылым тек ғылыми ортада қалып қоймай, қоғамның өзекті сұрақтарына жауап беруі тиіс деген ұстаным айқын байқалады. Сондықтан еңбек тек ғалымдарға ғана емес, студенттерге, журналистерге, сарапшыларға, кәсіпкерлерге және саясаткерлерге де арналған. Автор күрделі қоғамдық-геосаяси мәселелерді ғылыми жүйелеу арқылы түсіндіруге тырысқан.

 Монография әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Аймақтық қатынастарды талдау» ғылыми-зерттеу орталығы бастамашы болған «CENTRAL ASIAN DREAM» жобасы аясында дайындалған. Жобаның мақсаты – Орталық Азия аймағында болып жатқан үдерістерге сыни-сараптамалық талдау жасап, аймақ жетістіктерін жүйелеу және насихаттау, ең бастысы – аймақ елдерін бір-бірін тереңірек тануға шақыру.

Зерттеуде Думан Құрманғазыұлы  маңызды бір мәселеге назар аударады: аймақ халықтары бір-бірін әлі де жеткілікті деңгейде танымайды. Тәжік жазушысы қазақ аудиториясына беймәлім, қырғыз ақыны өзбек оқырманына таныс емес, түрікмен зерттеушісінің еңбегі қазақстандық ғылыми ортаға жете бермейді. Аймақтық бірлік туралы айту үшін алдымен өзара таным мен интеллектуалдық алмасуды күшейту қажет. Монография осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі.

 Автор бұл еңбекті соңғы сөз ретінде емес, пікірталасқа шақыру ретінде ұсынады. Орталық Азия мәселелері әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Сондықтан кітап аймақтық зерттеулерді бірлесіп дамытуға, ортақ ғылыми платформа қалыптастыруға үндейді.

 «Орталық Азия мұраты» – жай ғана ғылыми еңбек емес. Бұл – аймақтың болашағына қатысты ой-толғам, бірлікке шақыру және интеллектуалдық жауапкершіліктің көрінісі. Егер бұл еңбек оқырманды ойландырса, сарапшыларды пікірталасқа жетелесе, билік пен ғылыми қауымдастықтың назарын аударса – автор көздеген мақсат орындалды деуге болады.

Орталық Азияны тану – өзімізді тану. Ал өзара таным мен түсіністік – аймақтық бірліктің басты алғышарты. Монографияның негізгі мұраты да – осы.
Жекенов Думан Құрманғазыұлы, Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған.  2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның сыртқы саясаты және қорғады. 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью