Ғалымдар Алматының ауасында қандай зиянды заттар бар екенін анықтады

18.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Зерттеуді қазақстандық және халықаралық ғалымдар тобы жүргізген. Ауа сынамасы 2022 жылдың тамыз айы мен 2023 жылдың шілдесі аралығында алынды. Оның нәтижесімен Almaty Air Initiative бөлісті.

Қор мәліметінше, ауа ластануының жартысынан көбі (54%) жану процестеріне, соның ішінде жылу электр орталықтарының (ЖЭО) шығарындыларына, жеке тұрғын-үй секторында жағылған отынға және атмосферада түзілетін қосалқы аэрозольдарға байланысты. Зерттеудің негізгі қорытындылары:

- Көмір мен биомассаны жағу — ластанудың үштен бір бөлігін (34%) құрайды. Оның ішіне ЖЭО мен қазандықтар жұмысы (18%) және жеке тұрғын үйлерді жылыту (16%) кіреді. Ғалымдардың айтуынша, қыста ауаның дұрыс араласпауынан көмір мен отын жағу қала тұрғындарының денсаулығына орасан зор зиян келтіреді.

- Ауа ластайтын элементтердің жиналуының әсері — 20%. Алматының географиялық ерекшеліктеріне (орналасуы) байланысты ластағыш заттар таралмай, ауада жиналып, химиялық реакцияға түсіп, ауаның уыттылығын арттырады.

- Жолдағы шаң – 32%. Қаладағы көлік қозғалысына, құрылыс және өзге де жұмыстарға байланысты шаң үнемі ауада тұрады. Оның негізгі көздері – магистральды көшелер (Әл-Фараби даңғылы, Шығыс айналма жол, т.б.). Көлік ағыны ұсақ бөлшектерді үнемі ауаға көтеріп тұрады. Зерттеу негізінен өкпеге түсетін қауіпті бөлшектер – үйкелген асфальт пен резеңкенің тозаңдары екенін көрсеткен.

Автокөліктер шығаратын газдар – 14%. Қозғалтқышта жанармайдың жануынан болатын шығарындылар да ауаны ластайды.

- Алматыдағы қара түтін – ауаны ластайтын әртүрлі факторлардың бірігуінен туындайды. Сондықтан шешім жүйелі сипатта болуы керек. Көмір жағуды азайту, шаңды басу, сондай-ақ бақылау мен инфрақұрылымды дамыту арқылы көлік шығарындыларын қадағалау сынды шаралар қабылдау қажет, – деді Almaty Air Initiative қорының басшысы Жұлдыз Сәулебекова.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы жылу электр орталықтары қашан газға ауысатынын жазғанбыз.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью