Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Ғалымдар алғаш рет тұқым қуалайтын гендердің қатерлі ісіктің даму қаупіне және ісіктің қалай қалыптасатынына әсер ететініне дәлел тапты. Nature журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бірдей жағдайдағы адамдардың неге бірдей қауіп факторларына әртүрлі жауап беретінін түсіндіруге көмектеседі, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
Неге қатерлі ісік бәрінде бірдей болмайды?
Зерттеу авторларының түсіндіруінше, қатерлі ісік жасушалардың ДНҚ-сында мутациялар жиналған кезде пайда болады. Соның салдарынан олар тез өсіп, ағзаның зақымдалған жасушаларды жоюға бағытталған сигналдарына жауап беруді тоқтатады.
ДНҚ-ның зақымдану деңгейіне сыртқы факторлар - мысалы, темекі түтіні немесе күн сәулесі әсер етуі мүмкін. Тұқым қуалайтын генетикалық өзгерістер жасушаларда қанша мутация жиналатынына ықпал ете алады.
Бірақ ғалымдар қоршаған ортаның бірдей қауіп факторларына ұшырағандардың бәрінде бірдей қатерлі ісік дами бермейтінін атап өтті:
"Темекі шегетіндердің көбі өкпе обырына шалдықпайды, ал кейбір темекі шекпейтін жандарда бұл ауру бәрібір дамуы мүмкін", - делінген жұмыста.
Жаңа зерттеу авторлары бұның жауабы тұқым қуалайтын генетикада жасырылған болуы мүмкін деп есептейді.
Зерттеу қалай жүргізілді?"Көптеген ғалым тұқым қуалайтын генетикалық айырмашылықтар қатерлі ісік қаупіне әсер етеді деп болжағанымен, бұл байланысты дәлелдеу қиын, өйткені адамдардың популяция ішіндегі және олардың арасындағы өмір салты, қоршаған орта және факторлардың әсер ету тарихы әртүрлі болып келеді", - делінген мақалада.
Ғалымдар өз болжамдарын тексеру үшін бауыр обырына генетикалық бейімділігі әртүрлі тышқандардың төрт желісін шығарды. Барлық жануарға бірдей жаста және бірдей жағдайда диэтилнитрозаминнің (ДЕН) - темекі түтіні мен кейбір өңделген өнімдерде болатын канцерогеннің бірдей мөлшері енгізілді.
Бұл зат бауыр жасушаларының ДНҚ-сын зақымдап, мутациялардың пайда болуына және ісіктің өсе бастауына әкелуі мүмкін.
Барлық тышқан бірдей жағдайда болғандықтан, зерттеушілер сыртқы факторлардың әсерін жоққа шығарып, нақ осы тұқым қуалаушылық рөліне назар аударды.
Содан кейін ғалымдар 600-ге жуық ісіктің геномын зерттеп, олардағы гендердің жұмысын талдады, нәтижелерді канцероген енгізілмеген тышқандармен салыстырды. Бұл әрбір ісіктің алғашқы мутациядан қатерлі ісіктің қалыптасуына дейін қалай дамығанын бақылауға мүмкіндік берді.
Ғалымдар бір мутацияның салдары тышқанның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты екенін анықтады. Кейбір жағдайда ол қатерлі ісік дамуының басқа механизмдерін белсендіріп, бүкіл геномның екі еселенуін - жасуша барлық хромосомаларының қосымша көшірмесін алған кездегі жағдайды тудырған.
Бұл нені өзгертуі мүмкін?Ғалымдардың пікірінше, алынған нәтижелер дербестендірілген медицинаның, профилактиканың және онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағдарламаларының дамуына әсер етуі мүмкін.
Зерттеу жетекшісі, профессор Дункан Одомның айтуынша, ғалымдар алғаш рет генетикалық фонның мутация процестеріне де, ісіктердің дамуына апаратын жолдарға да қаншалықты әсер ететінін тікелей көрсете алды.
"Қатерлі ісік мүлдем кездейсоқ пайда болмайды. Ісіктер жиі бірдей биологиялық соңғы нүктеге жеткенімен, сол нүктеге апаратын жол адамның генетикалық фонымен анықталады", - деп атап өтті ол.
Жұмыс авторлары зерттеу тышқандарға жүргізілгендіктен, нәтижесі алдағы уақытта адамдардың қатысуымен өтетін зерттеулерде расталуы керек екенін атап өтті.
Бұған дейін біз Қазақстанда алғаш рет өкпе обырын ерте анықтау скринингі енгізілгені туралы жазған болатынбыз.
Тағы оқыңыз: Неге қатерлі ісіктің барлық түрін бірден тексеру мүмкін емес: онколог танымал мифті жоққа шығарды
Қазақстан қатерлі ісік тудыратын вирусқа қарсы жаңа вакцина сатып алды: оны кімдер тегін алады?
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу