Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым-экономист, академик Яхия Әубәкіровтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақстанның ұлттық экономикасы: қазіргі кезеңдегі даму заңдылықтары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, ЖОО ректорлары, отандық және шетелдік ғалымдар, компаниялар өкілдері мен жас зерттеушілер жиналды, деп жазады Egemen.kz.
Жиынды жүргізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, қауымдастырылған профессор Жанна Ермекова көрнекті ғалымның отандық жоғары мектептің дамуына сүбелі үлес қосып, экономикалық ғылымның қалыптасуына жарқын із қалдырғанын айтты.
«Яхия Әубәкірұлы экономикалық мамандық қана емес, барлық маман үшін экономиканың қызмет ету қағидасын түсіндіріп, өзекті де негізді шешім қабылдап, саясат пен реформалар салдарын бағалауда экономикалық теорияның қажеттілігін әркез дәлелдеп, оның белсенді жанашыры болды.
Бүгінгі таңда да ғалымның экономикалық ой-тұжырымы өте өзекті», деді ол.
Бұдан соң Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жиналған қонақтарға ізгі лебізін білдірді.
Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың да құттықтауын Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова жеткізді.