Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бірақ жыл басы отандық кино кеңістігі үшін жақсы жаңалықпен басталды. Екі бірдей қазақ киносы миллиард теңге табыс тапты: «Құшақташы, мама» және «Ғашықпын саған». Екіншісі көрермен ықыласына ерекше бөленді. Картина жеңіл әзілге ғана иек артпай, бүгінгі жастардың ішкі күйзелісі, таңдау алдындағы толғанысы мен шынайы сезімін арқау етеді. Фильм махаббат хикаясын баяндай отырып, әлеуметтік жауапкершілік, арман мен шынайы өмір арасындағы қайшылық секілді өзекті тақырыптарды көтереді.
«Ғашықпын саған» фильмінде екі бас кейіпкері бар. Екеуі бақытты екі түрлі нәрседен іздейді. Арман кез келген арманға қол жеткізу үшін мақсат қоя білетін жігіт болса, Еңлік – бақыттың бәрі әлеуметтік жағдайдың жақсы болуында деп түсінген ару. Ол – арман қуып, үлкен үмітпен Алматыға оқуға келген ауылдың қарапайым қызы. Әкесіз өсіп, ерте есейген қыздың жалғыз мұраты – анасы мен інісіне қолғабыс болып, аяққа тұру еді. Отбасындағы жағдайдың қиындығы оны өз армандарын уақытша кейінге шегеріп, күнкөріс қамымен жұмыс іздеуге мәжбүр етеді. Сабақ пен тіршілікті қатар алып жүру оңай болмай, ақыры ол оқуын тастауға тура келеді. Ал Арман – музыкаға асқан құштарлығы бар жас жігіт. Жеке концертін өткізуді бұрыннан армандаған. Мыңдаған тағдыр тоғысқан алып шаһарда Еңлік пен Арманның кездесуі екі жастың өмірін күрт өзгертеді. Олардың прагматикалық міндеті арасындағы қақтығыс – бүгінгі буынның ортақ портреті.
Оқиға Алматы көшелерінде тек махаббат кейіпкерлерінің арасында өрбуі киноның бағытын айқындап, көрерменін жалықтырмай, бір назарда ұстап тұруына әсер етеді. «Ғашықпын саған» – адам өмірі мен махаббатын таразыға салған тың туынды. Мелодрама идеясы сценарист-режиссер – Думан Еркімбектікі. Мұндай оқиғалы туындыны киноға әкелуді осыдан 7-8 жыл бұрын ойға алыпты. Сүйіктісімен қос ғашықтың махаббат хикаясын түсіру бүгіннің еншісінде екен. «Ғашықпын саған» – продюсер Жалын Тілеубергеннің екінші киносы. Мұның алдында Qaitadan-ды түсірген. Ол үш аптаның ішінде бір миллиард табыс тапқан еді. «Ғашықпын саған» да дәл осы уақытта күткен нәтижеге қол жеткізді.
– Қазақстан тарихында 20 шақты кино миллиард теңге табыс жинады. Оның ішінде біздің алғашқы екі фильміміз бар: «Қайтадан» және «Ғашықпын саған». Белгілі межеге жетті, өтіп жатыр. Ол маркетингке де, фильмнің сапасына да байланысты. Ең бірінші, көрерменді кинотеатрға алып келу – қиынның қиыны. Өйткені фильмді ешкім айтпай, тек құндылықтары арқылы тартамыз. Содан кейін ғана көрерменнің фидбэгі басталады. Егер маркетингі мықты, фильм әлсіз болса, алғашқы аптадан-ақ көрермен келуін тоқтатады. Өйткені қазір көрерменді алдау немесе жеңіл-желпі дүниеге сендіру өте қиын. Сондықтан қазіргі киноөндірушілер ішкі мәніне де күш салып жатқан сияқты, – деді продюсер.
Бір қызығы, авторлар фильмге осының алдында түсірген Qaitadan-ның кейіпкерлерін сомдаған актерлерді тартқан. Киноның жас жұлдыздарын таңдаудың да өз себебі бар. Жалын Тілеубергеннің айтуынша, екеуі де таптаурын болып кеткен сүрлі жолдан алыс, кәсіби шебер актерлер. Олардың шынайылығын Qaitadan киносында байқаған. Одан бөлек, басты кейіпкер Жасұлан Көпберген әншілік, композиторлық қырын фильм арқылы ашу үшін таңдалған. Режиссер алғашқы фильмде Шұғыла Ешеннің көп эпизодта болмағанын ескеріп, шеберлігін бағалап оған арнайы басты рөлді бекітуді шешкен. Яғни, сценарий толық жазылмай тұрып, екі актердің таңдалуы о бастан бекітілген.
Әуелде фильмге «Алматының біз білмейтін көшелері» деген атау таңдамақ болған. Маркетинг тіліне бұл атау келмейтіндіктен, шығармашылық топтың шешімімен «Ғашықпын саған» деп өзгерді. Әдетте, махаббат жайлы фильмнің лирикасын асыра түсетін әндері. Мелодрама да әдемі әнмен әрленген. Шығармашылық ұжым саундтрек пен музыка таңдау мәселесіне бей-жай қарамаған. Біраз әнді саралай келе желісіне сай келетін, тарихы ерекше әсер сыйлаған бірнеше нұсқаға тоқталған. Тіпті, Аршаттың 9 жыл сыр сандықта сақтаған «Алматым» трегі де осы тізімге енді. Композиторлар Олжас Дәлелхан мен Сұлтан Тұрсынбектің туындылары кинотеатрда шырқалмай жатып-ақ, әлеуметтік желілерде хитке айналып үлгерді. Әсіресе, «Жалғыз жұлдыз» бен «Гүлмен аттас қарындас» әндері бүгінде тыңдалымы ең жоғары тректердің қатарында. Авторлардың айтуынша, бұл әндер фильмнің лирикалық салмағын арттырып, көрерменнің кейіпкерлермен бірге тебіренуіне мүмкіндік берді.
Продюсер Жалын Тілеубергеннің айтуынша, әншілердің көбі кино түсіретін тенденция өте ертеден басталған.
– «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, кино түсіруді қолға алған өнер адамы көп шығар. Олардан да жақсы дүниелер шығып қалар. Өйткені, бәсеке бар жерде сапалы дүние шығады. Сан көп болған сайын сапаға тезірек жетеміз. Сондықтан кім не түсірсе де, оған әркімнің құқы бар деп ойлаймын, – дейді ол.
Бас рөлдерде қазақ киносының жас жұлдыздары Шұғыла Ешен мен Жасұлан Көпберген ұсынысты бірден қабылдағанын айтады. «Ғашықпын саған» – екі актердің бірге түскен төртінші жобасы.
– Түсірілім жағынан ең қиын сахналардың бірі – метроның астындағы оқиға. Ол кезде ауа райы да салқын болды. Ал актерлік қырымды ашатын жағына келсек, күрделі соққан сахналар да жоқ емес. Өйткені мелодрама ауыр жанр екен. Сырт көзге екі адамның тәтті махаббаты көрінеді. Комедияға да түсіп көрдім, драма жанры өзіме қатты ұнайды. Бұл жерде актерлік шеберлігіңізбен сендіруге болады. Бірақ мелодрамада көрерменді сендіру үшін әрбір актердің жаны таза болуы керек, – дейді актер Жасұлан Көпберген.
Шұғыла Ешен де фильмнің финалындағы сахналардың қиын болғанын айтты. Айтуынша, «Ғашықпын сағанның» сәтті шығуы – авторлардың көрсеткен бағыты мен таңдалған шешімнің нәтижесі. «Ғашықпын саған» фильмінің басты рөліне Шұғыла Ешеннің таңдалуы тегін емес. 2025 жылы актриса «SHEKER. Соңғы мүмкіндік» фильміндегі шеберлігі үшін «Сыншылар таңдауы» сыйлығының «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды. Бұл марапат оның жас болса да, күрделі драмалық образдарды еркін игере алатын халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте растады.
Режиссер Думан Еркімбек аудиторияны жасанды иллюзиямен алдағысы келмейді. Өмірде әр таңдаудың өз құны бар екенін, кейде дұрыс шешім қабылдау үшін ең қымбат нәрсеңнен бас тартуға тура келетінін ашық көрсетеді. Оқиғаның мұндай шешімі залдан шыққан көрерменнің ойында ұзақ уақыт жаңғырып, өзінің жеке өміріндегі шешімдеріне де ой жүгіртуіне түрткі болады. «Ғашықпын саған» – қазақ киноиндустриясындағы сапалық секірістің айқын көрінісі. Жеңіл әзіл мен дарақы күлкіге үйренген көрерменнің мұндай терең, лирикалық мелодрамаға арнайы барып, кассалық рекорд орнатуы – қоғам талғамының өскенін байқатады. Демек, отандық прокатта тек көңіл көтеретін емес, мағыналы, жанға азық беретін ойлы туындылардың дәуірі басталды деп сеніммен айтуға толық негіз бар.
Фильмнің соңы дәстүрлі хэппи-энд тенденциясын бұзады. Кейіпкер тағдыры солай болуы керек еді және солай болғандықтан көрерменге ұнады. Фильм авторлары «Ғашықпын саған» – Арман мен Еңліктің арасындағы оқиға емес, ол Алматыда танысқан миллиондаған жұптың хикаясы.
Алматы біреуге қатыгез, біреуге тәкаппар болса, енді біреуге тым мейірбан. Фильм осыны көрсетті. Бірақ Еңлікті Алматыда алып қалған қаланың осы тылсым мінезі емес, шаһарды жақсы көруге мысал келтірген Арманның 7 себебі де емес. Себеп сол – Еңлік ішкі таңдауын дұрыс жасады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ