Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстанның газ қоры 3,8 триллион текше метрге бағаланғанымен, ішкі нарықта тауарлық газ өндірісінің өсімі баяу. Жоғары аудиторлық палата салаға жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялап, 24,1 миллиард теңгенің қаржылық бұзушылығы мен 18,2 миллиард теңгенің тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатын анықтады.
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігі, инфрақұрылымның жай-күйі, өңірлерді газдандыру және ресурс базасын дамыту мәселелері қаралды.
Аудиторлардың мәліметінше, 2022–2025 жылдары елде 239,5 миллиард текше метр газ өндірілгенімен, өндіріс қарқыны халық пен экономиканың артып келе жатқан сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Сондай-ақ салада мынадай жүйелі мәселелер анықталды:
Инфрақұрылымның тозуы: Ұлттық оператор 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбыры мен 77 мың шақырымға жуық газ тарату желісін пайдаланады. Алайда бұл нысандардың едәуір бөлігі бұрын салынған және нормативтік пайдалану мерзімінен өтіп кеткен. Жөндеу мен жаңғырту жұмыстары тиісті қарқынмен жүргізілмейді.
Газ сапасының төмендігі: Нарық шектеулі жеткізушілерге тәуелді. Тұтынушыларға жететін тауарлық газдың сапасы төмен болғандықтан, ол компрессорлық жабдықтардың тозуын жеделдетеді және Ұлттық операторды шетелге газ экспорттау кезінде жеңілдіктер жасауға мәжбүрлейді.
Стратегиялық жоспарлаудың ақсауы: Стратегиялық құжаттарда геологиялық барлауды ынталандыру, жерасты газ қоймаларын дамыту және цифрландыру бойынша нақты көрсеткіштер қарастырылмаған. Сондай-ақ солтүстік өңірлерді газдандыруды қаржыландыру жеткіліксіз.
Қолданыстағы кедергілерге қарамастан, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел халқын газбен қамту деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Қазіргі таңда 2 240 елді мекендегі 13,1 миллион адам табиғи газға қол жеткізіп отыр. Дегенмен өңірлер арасындағы газбен қамту деңгейіндегі теңгерімсіздік әлі де сақталуда.
Тексеру барысында бюджетке 59,4 миллион теңге қайтарылып, 20,2 миллиард теңге бухгалтерлік есепте қалпына келтірілді. Жоғары аудиторлық палата анықталған заңбұзушылықтарды жою және саланы басқаруды жетілдіру бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар мен ұсынымдар жолдады. Олардың орындалуы аудиторлардың толық бақылауында болады.
Бүгін, 11:18