Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Жоғары аудиторлық палата газ саласындағы ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі нарық жеткізушілердің шектеулі тобына тәуелді
Қазақстанда газ қоры мол. Оның жалпы көлемі 3,8 трлн текше метр деп бағаланады. Алайда ішкі нарыққа жеткізілетін тауарлық газ халық пен экономиканың сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр.
"Сонымен қатар ішкі нарықтың газ жеткізушілердің шектеулі тобына тәуелділігі сақталып отыр. Жеткізілетін газдың сапасы да әрдайым белгіленген талаптарға сай емес. Атап айтқанда, сапасы төмен тауарлық газ компрессорлық жабдықтардың тозуын жеделдетеді. Сондай-ақ ұлттық операторды газды шетелге экспорттау кезінде жеңілдіктер жасауға мәжбүрлейді", – дейді аудиторлар.
Бұдан бөлек, "QazaqGaz" ұлттық компаниясының даму стратегиясында саланың жүйелі мәселелерін шешуге бағытталған мақсаттар қамтылмаған. Атап айтқанда, солтүстік өңірлерді газдандыруды қаржыландыру жеткіліксіз, ал ресурс базасын басқарудың тиімді тетіктері жоқ.
Жөндеу жұмыстары баяу жүргізіледі
Аудит нәтижесіне сәйкес, ұлттық операторға қарасты кәсіпорындар 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырын және шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін пайдаланады. Алайда инфрақұрылымның едәуір бөлігі бұрын салынған және нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен. Оларды жаңғырту мен жөндеу жұмыстары қажетті қарқынмен жүргізілмей отыр.
Аудиторлар 24,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Сонымен қатар бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану кезінде 18,2 млрд теңге көлемінде тиімсіздікке жол берілген.
"Тексеру барысында бюджетке 59,4 млн теңге қайтарылды. 20,2 млрд теңгенің есебі бухгалтерлік құжаттарда қайта қалпына келтірілді. Жоғары аудиторлық палата аудит нысандарына анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар жолдады. Олардың орындалуы толық аяқталғанға дейін бақылауда болады", – делінген ресми хабарламада.
2025 жылдың қорытындысы бойынша халықты газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жеткен. Табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген, ал газ тартылған елді мекендер саны 2 240-ты құраған.