Газ тапшылығы бар ма: Қазақстан көгілдір отынды кімнен сатып алады және кімге сатады?

16.06.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Редакцияның анықтауы бойынша, 2026 жылы Қазақстанға газ импортын арттыру қажеттілігі туындауы мүмкін.

Редакцияның анықтауы бойынша, 2026 жылы Қазақстанға газ импортын арттыру қажеттілігі туындауы мүмкін.

Еліміз миллиардтаған текше метр газ өндіргенімен, оны Ресейден импорттауды жалғастырып отыр. Елде тапшылық бар-жоғын анықтап көрейік.

2025 жылы Қазақстандағы табиғи газдың жалпы өндірісі тарихи максимумға жетіп, 68,1 миллиард текше метр болды. Соған қарамастан, Қазақстан өз қажеттіліктерін әрдайым толық өтей алмайды және бір бөлігін Ресейден импорттайды. Сонымен қатар, газдың белгілі бір көлемі Қытайға экспортталады.

Қазақстандағы газ импорты мен экспорты қалай ұйымдастырылғанын түсіну үшін Tengrinews.kz редакциясы "QazaqGaz" ұлттық компаниясына және Энергетика министрлігіне ресми сауал жолдады.

Бұл - Қазақстандағы газ саласының құрылымы туралы сериялы материалдар.

Газдың қандай түрлері болады?

Қазақстанда газ өндірісі расымен де жоғары, бірақ табиғи газ бен ілеспе газдың айырмашылығын түсіндіріп өткен жөн. Елде өндірілетін газдың басым бөлігі ілеспе мұнай газы екенін байқауға болады: мәселен, 2025 жылы өндірілген рекорд мөлшердегі 68,1 миллиард текше метрдің 40,6 миллиарды осы ілеспе газдың үлесінде.

Ал табиғи газды азырақ - 27,5 миллиард текше метр көлемінде өндіреміз. 

Табиғи газ - таза газ ұңғымаларынан алынады және ондағы метанның үлесі 95–98 пайызға жетеді. Оны өндірілгеннен кейін бірден дерлік жылытуға және халықтың қажеттіліктеріне пайдалануға болады.

Ілеспе мұнай газының жағдайы мүлдем бөлек: ол мұнай өндірумен бірге шығатындықтан, оның құрамында метаннан бөлек этан, пропан, бутан және газ бензині болады. Сондықтан оны фракцияларға бөлу үшін күрделі өңдеу мен тазарту қажет. Бұрын ілеспе газ қосалқы өнім саналып, көбіне алауларда жағылатын, бірақ қазір бұл химия өнеркәсібі үшін, соның ішінде пластмасса мен отын өндіру үшін құнды шикізат саналады.

Нәтижесінде, табиғи газдың жалпы өндірісі тауарлық шығарылымнан, яғни тұтынушыларға сатуға дайын өнім көлемінен асып түседі. Соның салдарынан қосымша отын жеткізу қажеттілігі туындауы мүмкін.

Ресейден газ импорттау

Қазақстанда газ тапшылығы бар-жоғын және Ресейден елімізге бұл отынның қанша көлемі импортталатынын білу үшін Энергетика министрлігіне ресми сауал жолдадық.

Олардың мәліметінше, қазіргі тұтыну деңгейі жылына 21,6 миллиард текше метр болады. "Тауарлық газдың қолда бар ресурстары елдің ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді".

2025 жылы өндірілген тауарлық газ көлемі 27,47 миллиард текше метр болғаны айтылды.

Сонымен қатар министрлік газ тұтынудың өсу үрдісін байқап отыр. Бұл елді газдандыру жалғасып жатқанына және жаңа өнеркәсіптік тұтынушылардың пайда болуына байланысты.

"Газ тапшылығына жол бермеу мақсатында "Газпром" мен "QazaqGaz" ҰК" АҚ арасында шарт жасалды, оған сәйкес Ресейден газ импорты ең жоғары жүктеме кезеңінде Қазақстан Республикасы аумағындағы ірі тауарлық газ өндірушілердің бірі жоспардан тыс тоқтаған жағдайда жүзеге асырылады", - деп мәлімдеді шенеуніктер сауалымызға берген жауабында.

Дегенмен, Энергетика министрлігі Ресейден Қазақстанға жеткізілетін газдың нақты мөлшерін атамады.

Сондықтан дәл осы сұрақты "QazaqGaz" ұлттық компаниясына тікелей қойдық. Осылайша, компания 2025 жылы 4,4 миллиард текше метр ресейлік газды импорттағанын білдік.

"Ресей газы импортының жыл сайынғы көлемі ішкі нарықтың қажеттіліктеріне байланысты. Импорттық газға деген жоғары сұраныс жылыту маусымында және қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар мен өнім берушілер тарапынан тауарлық газ жеткізу азайған жағдайларда туындайды", - деді QazaqGaz өкілдері.

Анықтама: QazaqGaz - ішкі және сыртқы газ нарығында мемлекет мүддесін білдіретін Қазақстанның ұлттық компаниясы. Ол геологиялық барлау мен өндіруден бастап, тасымалдауға, бөлуге, транзитке және газды түпкілікті тұтынушыларға сатуға дейінгі бүкіл тізбекпен айналысады. QazaqGaz өңірлерді газдандыруда, ішкі нарықты қамтамасыз етуде және инфрақұрылымды дамытуда шешуші рөл атқарады.

Сондай-ақ ұлттық компания 2026 жылы ресейлік газ импорты артуы мүмкін деп есептейді. Бұны түсіндіру үшін келесі факторлар аталды:

қаңтарда Теңіз кен орнында болған форс-мажор жағдайға байланысты ішкі тауарлық газ өндірісінің қысқаруы; осы жыл ішінде Қазақстанның ірі кен орындарындағы жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары; ішкі тұтынудың өсуі.

2026 жылғы 18 қаңтарда ГТЭС-4 газ турбиналы электр станциясында екі электр трансформаторы өртеніп, содан кейін кен орнының операторы "Теңізшевройл" ЖШС қауіпсіздік мақсатында Теңіз және Королев кен орындарында өндірісті уақытша тоқтатып, Каспий құбыр консорциумы жүйесіне мұнай жеткізу бойынша форс-мажор жариялады. Энергетика министрлігі апаттан кейін өндірістің толық қалпына келтірілгені туралы наурызда хабарлады. Бұл өте маңызды, себебі Қазақстанның Атырау облысында, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына жақын орналасқан Теңіз - әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі - ол өте үлкен қорларымен ерекшеленеді және ел экономикасында шешуші рөл атқарады. Бұл жағдай Қазақстанның газбен қамтамасыз етілуі мұнай кен орындарындағы ахуалға қаншалықты тәуелді екенін нақ көрсетіп отыр.

Бұл ретте QazaqGaz компаниясының Қазақстандағы газ тапшылығына қатысты жауабы Энергетика министрлігі айтқан ақпараттан бөлектеу. Онда Ресейден импорттау тек тауарлық газ өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі жоспардан тыс тоқтаған жағдайда ғана жүзеге асырылатыны туралы айтылған еді.

"Меншікті газдың тапшылығы жылыту маусымындағы тұтынудың ең жоғарғы шегінде туындайды. Тапшылықтың жалпы бағасы Қазақстан Республикасының газ балансына негізделуі тиіс. Оны уәкілетті орган тауарлық газды өндіру, тасымалдау, сақтау және өткізу мониторингі деректері негізінде, соның ішінде жаңа перспективалы тұтынушылардың тұтыну болжамын ескере отырып жасайды. Осыған байланысты тауарлық газ тапшылығы туралы ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне хабарласуды ұсынамыз", - дейді компания өкілдері.

Сонымен қатар Қазақстанның қай облыстары нақ осы ресейлік газды пайдаланатынын сұрадық. QazaqGaz былай деп жауап берді:

"Ресейден импортталатын газ тауарлық газбен жабдықтаудың біріңғай жүйесіне түседі және диспетчерлік желі бойынша еліміздің барлық газдандырылған өңіріне бөлінеді".

Алған жауаптарымыздан Қазақстан өз қажеттіліктерін өтеуі үшін меншікті газ бәрібір әрдайым жете бермейтіні туралы қорытынды шығады. Осыдан келесідей сауалдар туындайды: біз газды неге экспорттаймыз, қандай көлемде және ол көлем біздегі жетіспеушіліктің орнын толтыра ала ма?

Фото Qazaqgaz.kz сайтынан

Қытайға газ экспорты

Бұл сауалдарды Энергетика министрлігіне жолдағанымызда, ондағылар былай деп хабарлады:

"Бүгінде қазақстандық газ экспорты тек Қытай Халық Республикасы бағытында жүзеге асырылады. 2025 жылы ҚХР-ға жөнелтілген газ экспортының көлемі бес миллиард текше метр болды".

Сондай-ақ ведомство экспорт қалдық қағидаты бойынша "ішкі қажеттіліктер толық қанағаттандырылған жағдайда жүзеге асырылатынын және жер қойнауын пайдаланушылардың QazaqGaz ұлттық операторына жеткізілімдерінің тұрақтылығына байланысты болатынын".

Ұлттық компанияның өзі де осы цифрларды келтіріп, министрліктің жеткізілімдердегі "қалдық қағидаты" туралы мәлімдемесін растап отыр.

"2026 жылы экспорттық жеткізілімдер Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, келісілген көлемде тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр", - деп жауап берді компания, бірақ биылғы бұл көлемдер бойынша жоспарларды атамады.

Сонымен қатар редакция Қытайға экспортталатын газ көлемі Қазақстанның Ресейден импорттайтын газын алмастыра ала ма деген сұрақ қойды. Біз алған жауап мынадай болды:

"Газ экспорты негізінен ішкі тұтыну азайған кезде, яғни жазғы кезеңде жүзеге асырылады. Газ импорты негізінен тұтыну ең жоғары шегіне жететін қысқы кезеңде жүргізіледі. Осыған байланысты экспортталатын көлемдер импортталатын газды алмастыра алмайды".

Бұл ретте алдағы уақытта Қазақстан Қытайға газ жеткізуді мүлдем тоқтатуы мүмкін екені белгілі болды.

"Мұндай ықтималдық бар, - деп мәлімдейді QazaqGaz. - Өйткені бұл қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тауарлық газ жеткізудің қысқаруына, ішкі тұтынудың өсуіне және тауарлық газдың өзіндік құнының артуына негізделеді".

Газ импорты мен экспорты: құпияланған сомалар

Қазақстан халықы үшін табиғи газ бағасы ең төмен елдер қатарына кіретінін білеміз. Тіпті бағаның өсуін ескергеннің өзінде, біз газдың қолжетімділігі бойынша әлемде алдыңғы қатардамыз: 1 000 текше метр үшін 32 232 теңге.

Бұны киловатт-сағатқа шаққанда құны кВт-сағ үшін небәрі 0,0056 доллар болады. Бұл көрсеткіш тек Алжирде ғана төмен (кВт-сағ үшін 0,003 доллар). Газдың арзандығы бойынша рейтингтегі үздік бестікке сондай-ақ Беларусь (0,006 доллар), Ресей (0,008 доллар) және Мысыр (0,009 доллар) кіреді.

Салыстыру үшін QazaqGaz-дан Қазақстанға импортталатын ресейлік газдың құны қанша екенін және оның қазақстандық газдан қаншалықты айырмашылығы бар екенін сұраған едік. Компания бұған қатысты былай дейді:

"Импорттық және қазақстандық газдың бағасы туралы ақпарат коммерциялық құпияға жатқызылған және жарияланбайды".

Энергетика министрлігі де бұл тақырыпта артық тіс жармауды жөн көрді: "баға шарттары бойынша ақпарат жарияланбайды".

Қазақстанның Қытайға газды қандай бағамен экспорттайтыны туралы мәселе де осыған ұқсас.

"Газ экспортынан түсетін табыс туралы ақпарат коммерциялық құпия саналады және жарияланбайды", - деп мәлімдеді QazaqGaz компаниясы.

Министрлік те "QazaqGaz" ҰҚ" АҚ мен қытайлық тарап арасындағы келісімшарт талаптарына сәйкес, экспорттық жеткізілімдердің бағасы мен табысы туралы ақпарат коммерциялық құпия екенін растап отыр.

Түйіндей келгенде, Қазақстандағы газ мәселесі - өте күрделі теңгерім. Елде газ өндіру көлемі рекорд деңгейге жеткенімен, оның бәрі бірдей бірден тауарлық газға айналып, тұтынушыларға қолжетімді болмайды. Көп жағдай мұнай өндірісіне, өңдеуге, маусымдық сұранысқа және ірі кен орындарының тұрақтылығына байланысты - мұның бәрі импортқа немесе экспортқа деген қажеттілікке әсер етеді. Елді белсенді газдандыру, бір жағынан - қажеттілік болса, екінші жағынан - осы күрделі жүйенің тағы бір бөлшегі. Газдандыру жұмыстары неғұрлым қарқынды жүрген сайын, осы саладағы логистиканың тұрақтылығы соғұрлым маңызды бола түспек.

Ал Қазақстанды газдандыру деңгейіне келсек, 2024 жылдың аяғына қарай ол 64,2 пайызға жетті. Ал бес жыл бұрын, 2021 жылы бұл көрсеткіш 53 пайыз болған. Прогресс бар, бірақ ол үкіметтің де, қазақстандықтардың да қалағанындай жылдам емес. Редакция Қазақстанды толық газдандыруға не кедергі екенін анықтап көрді.

Авторы: Никита Данилин

Аударған: Дина Шәріпхан

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью