Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Жауапта газет-журналдарды елді мекендерге жеткізу шығындарын субсидиялау Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде қала беретіні айтылған.
— Қазір мерзімді баспа басылымдарын жеткізуді субсидиялау жөніндегі құзыретті Мәдениет және ақпарат министрлігіне беру мәселесі қарастырылмайды. Өз кезегінде, «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес баспа бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдау мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы жүзеге асырылады. Жалпы Үкімет «Қазпошта» АҚ-ның қаржылық тұрақтылығын арттыруға және пошта инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде 2028 жылы IPO өткізуге бағытталған шаралар кешенін іске асыруды жалғастыруда, — делінген жауапта.
Олжас Бектенов былтыр бюджеттен «Қазпоштаға» 2 млрд теңге субсидия берілгенін атап өткен.
— Ағымдағы жылы ауылдық жерлерде пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсету бойынша операторлардың залалдарын субсидиялауға 500 млн теңге көзделген. Сонымен қатар, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтеріне қосымша қажеттілік бойынша 2,8 млрд теңге сомасына бюджеттік өтінімді қалыптастырды. Оны Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен уәкілетті органдар қарайтын болады, — деп жауап берді Премьер-министр.
Жауапта Ұлттық банк «Қазпоштаның» шалғай ауылдарға ақша жеткізуге кеткен шығындарын өтей бастағаны да айтылған.
— «Пошта туралы» Заңға «Қазпошта» АҚ-ның ауылдық елді мекендерге қолма-қол ақша жеткізуге жұмсаған шығындарын өтеуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Осы тетік аясында ағымдағы жылдың ақпан айында Ұлттық банк тарапынан «Қазпошта» АҚ-ның 2025 жыл бойынша 3,5 млрд теңге сомасында шығыстары өтелді, — дейді Үкімет басшысы.
Жалпы депутаттар газет-журналды халыққа кешіктірмей жеткізу, пошта қызметкерлерінің жалақысын өсіру мәселесін аракідік көтеріп жүр.