Газсыз өткен екі жыл. Алматыдағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары неге алаңдаулы?

11.06.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын Түрксіб ауданындағы ескі екі қабатты үйлердің тұрғындары Алматыдағы тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы бойынша "На Кассина" тұрғын үй кешеніне қоныс аударған болатын. Алғашында көбі қуанды: ескі пәтерлердің орнына жайлы әрі жаңа баспана иесі атанамыз деп үміттенді. Алайда үйлерге әлі күнге дейін газ тартылмаған, енді тұрғындардың бүкіл тұрмысы қымбат электр энергиясына тәуелді болып отыр. Оның үстіне, тұрғын үй кешені қалалық қазандыққа да қосылмаған. Тұрғындардың айтуынша, уақытша қазандық қана жағдайды амалдап тұр. Ол алдағы қыста шыдас бермеуі мүмкін.

Поделиться

Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын Түрксіб ауданындағы ескі екі қабатты үйлердің тұрғындары Алматыдағы тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы бойынша "На Кассина" тұрғын үй кешеніне қоныс аударған болатын. Алғашында көбі қуанды: ескі пәтерлердің орнына жайлы әрі жаңа баспана иесі атанамыз деп үміттенді. Алайда үйлерге әлі күнге дейін газ тартылмаған, енді тұрғындардың бүкіл тұрмысы қымбат электр энергиясына тәуелді болып отыр. Оның үстіне, тұрғын үй кешені қалалық қазандыққа да қосылмаған. Тұрғындардың айтуынша, уақытша қазандық қана жағдайды амалдап тұр. Ол алдағы қыста шыдас бермеуі мүмкін.

TengriHome тілшісі қоныс аударушылармен кездесіп, мемлекеттік органдар мен құрылыс салушының ұстанымын білді және жағдайдың неге бұлай қалыптасқанын, алдағы уақытта не істеу керек екенін анықтады.

Бұл мәселе туралы тұрғындардың Tengrinews.kz редакциясына жолдаған жазбаша өтінішінен білдік. Кейінірек олар бізді жиынға шақырды. Біз бұл ұсынысты қабылдадық.

Кездесу орны - бес қабатты үйлердің ортасындағы балалар алаңы адамға лық толы. Ересектеу балалар алаңсыз велосипед теуіп жүр, бүлдіршіндер сырғанақтан зырғып, ара-тұра жиналып қалған үлкендерге көз тастап қояды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Қызу талқылау кезінде (50-70-ке жуық үй иесі жиналған) жекелеген наразылықтар мен пікірлер естіледі:

- Екі жылға жуық уақыт өтті, бірақ әлі газсыз отырмыз, электр плиталарынан сымдар еріп жатыр.

- Көрші тұрғын үй кешендеріне бір жылдың ішінде газ берілді, біз қанша күтуіміз керек?

- Ал сіздер электр қуатына қанша төлейсіздер? Мен сұмдық көп төлеймін.

- Қазандықтың жайы не болмақ, ол қыстан аман шыға ма?

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Бұл туралы сәл кейінірек егжей-тегжейлі баяндаймыз. Әзірге мәселенің тарихынан бастайық.

"На Кассина" ТҮК. Реновация қалай басталды?

Қазіргі пәтер иелерінің бір бөлігі (100-ден аса отбасы) мұндағы екі қабатты үйлерде өткен ғасырдың 40-50-жылдарынан бері тұрып келген. Айтпақшы, Сейфуллин даңғылы, Кассин, Котельников, Дулатов, Ақан Сері көшелеріндегі сол үйлердің кейбірі әлі бұзылмаған.

Ескі екі қабатты үйлер әлі бұзылмаған. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Владимир Заикин

Қоныс аударушылардың бірі Татьяна Шилованың айтуынша, 2022 жылы бұл ескі қордың бұзылатыны туралы әңгіме басталған. Тұрғындар ескі үйлердің орнына салынатын жаңа ғимараттарға көше алады деп айтылған.

Татьяна Шилова. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Алматы қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында қоныс тойын тойлау мүмкін болды.

Анықтама: Қазақстандағы тұрғын үй қорын реновациялау - бұл ескі және апаттық жағдайдағы үйлерді (негізінен 1930-1980 жылдары салынған) бұзуға және тұрғындарды жаңа, көбінесе ескі үйлердің орнына салынған ТҮК-терге көшіруге бағытталған мемлекеттік бағдарлама. 

Екі қабатты үйлер 2021-2025 жылдарға арналған реновация бағдарламасына енді.

"Бағдарламаның әкімшісі - "Алматы" ӘКК" АҚ. Уәкілетті ұйым "Алматы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны" (КҚК) ЖШС болды - қазір ол "Almaty Renovation" ЖШС деп аталатын көрінеді. Құрылыс салушы - "Qazaq Stroy Properties" ЖШС", - дейді Татьяна Шилова.

2023 жылы меншік иелерімен айырбастау шарты жасалды. Бұл бағдарлама қатысушысының жаңа үйден тең дәрежелі баспана алатынын растайтын құжат. Айырбастау "бөлмеге бөлме" қағидаты бойынша жүзеге асады. Бұл - нұсқалардың бірі ғана.

Анықтама: Қазіргі реновация бағдарламасында ескі үй үшін өтемақының үш нұсқасы бар. Біріншісі - пәтерді дайын ТҮК-тегі тең дәрежелі пәтерге айырбастау. Екіншісі - салынып жатқан үйден дәл сондай шаршы метр алу. Бұл ретте үй пайдалануға берілгенге дейін меншік иесіне уақытша тұрғын үйді жалдау ақысы төленеді. Үшіншісі - ескі жылжымайтын мүлікті нарықтық құны бойынша сатып алу.

Татьяна Шилованың айтуынша, көшу мәселесі талқыланған кезде тұрғындарға үйлерге бір жыл ішінде газ беріледі деп уәде етілген.

"Бізді көшірерден бір жыл бұрын бастамашыл топпен бірге аудан әкімдігіне кездесуге бардық. Оған құрылыс салушының өкілі де, сол кездегі әкім Бақытжан Ақжаров та қатысты. Сол кезде бізге ТҮК аумағында әзірге уақытша қазандық болатыны айтылды. Бірақ кейінірек үйлердің бірінші кезегі де, біздің екінші кезегіміз де жақын маңдағы қалалық қазандыққа қосылады деді. Біз жаңа баспанамыз, барлық коммуникациямыз - жарық, су, газ, жылу болатынын түсініп, осы жерге көшуге келістік", - дейді алматылық тұрғын.

Әйелдің айтуынша, бұл көршілерінің көбі жаңа пәтерлерге 2024 жылдың тамызында кірген. Бұл құрылыс салушының тұрғын үйінің екінші кезегі болатын. Пәтерлер таза әрленген күйде берілді, ас үйде әрқайсына бонус ретінде газ плиталары орнатылған. Бірақ екі жылға жуық уақыт ішінде олар бұл плиталарды бірде-бір рет пайдаланбаған.

"Білесіз бе, әрқайсымызда газ плитасы болды, біз соған қатты қуандық. Бірақ қазір бұл күлкілі көрінеді", - дейді жиналғандар ренішпен.

Газсыз үйлер мен қымбат электр қуаты: себептері

Арада екі жылға жуық уақыт өткенде нысан қосуға дайын болды, деп толықтырды басқарушы компанияның директоры Вадим Иванов.

Бұл құбырлармен әлі күнге дейін газ берілген жоқ. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Сыртқы газ желілері тартылып, үй ішіндегі жабдықтарды тексеру үшін пәтерлерге кіру мүмкіндігі де қамтамасыз етілген. Алайда конфоркалардағы көгілдір от әлі де тұтанған жоқ.

"Құрылыс салушы сыртқы газ инженерлік желілерін газбен жабдықтаушы компанияға әлі өткізе алмай отыр деп түсінеміз. Соған байланысты нысанды желіге қосу мүмкін болмай тұр. Құрылыс салушы тарапынан қандай да бір заңбұзушылықтар бар деп болжаймыз, бірақ бізге оны айтпайды. Бұл мәселенің қашан шешілетіні де белгісіз", - деп түсіндірді мәселенің мән-жайын Вадим Иванов.

Сондықтан, жиналғандар наразылық білдіріп, олардың электр қуатына тәуелді болуына тура келетінін айтады.

Кейінірек жиынға қатысушылардың бірі Екатерина Берш ас үйдегі электр плитасын көрсетті. Ол газ келетін беткейдің үстіне қойылған. Газ плитасын сатып алғанымен, әлі бірде-бір рет қолданбаған.

Әзірге барлығы электр плитасымен тамақ пісіреді. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

"Тоңазытқыш, кір жуғыш машина, электр плитасы, енді оған кондиционер қосылады. Осының бәрі электр қуатымен жұмыс істейді. Бұл үлкен салмақ, оның үстіне кернеу тұрақсыз. Жақында розеткам жанып кетті, ток тетігі атып кете береді. Біз бұл жағдайға қатты алаңдаймыз және бізге газ қосуды сұраймыз", - деп қосты үй тұрғындарының бірі.

Кернеудің ең жоғары шегі кешкі уақытқа тұспа-тұс келеді, бұл кезде тұрмыстық техникалар толық қуатында жұмыс істейді. Осының салдарынан электр сымдарының еріп кеткен кездері де болған.

"Мұнда негізінен электр плиталарын пайдаланады. Өйткені пеші бар толыққанды электр плитасын қосу үшін қосымша кабель тарту керек, әйтпесе сымдар шыдамайды. Егер үйді газдандыру қарастырылмаса, электр плиталарын пайдалану үшін жерге тұйықтауды қарастыру қажет, ал мұнда ол жоқ. Мүмкін, үй газға қосылады деп жоспарланған шығар", - дейді басқарушы компания директоры өз болжамын айтып.

Тұрғындардың айтуынша, жарық та жиі өшеді. Ондай кезде кір жуу да, тамақ пісіру де, жуыну да мүмкін емес. Мәселе мынада: ыстық су қазандықтан келеді. Егер жарық сөнсе, су да тоқтайды.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Адамдар өз наразылығын жеткізуге тырысып бақты:

- Мен пәтердегі екі адам үшін электр қуатына 8,5 мың теңге төлеймін. Бұл не деген сұмдық?

- Мен айына алты мың теңгеге жуық төлеймін. Бұл біз үшін көп. Айналаға қараңызшы - мұнда негізінен зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар тұрады. Бұл өте қымбат.

- Егер бізде газ болса, екі есе аз төлер едік.

"Бұл үйлерде тек реновация бағдарламасымен көшіп келгендер ғана тұрмайды. Мен, мысалы, пәтерді сатып алдым. Маған да бір жылдың ішінде газ беріледі деп уәде берген. Әрине, жылжымайтын мүлікті осы себепті де сатып алдым. Газ күтіп жүргеніме екінші жыл болды, электр қуаты үшін орасан зор тариф төлеп отырмын. Қыста екі адам үшін шамамен 15 мың теңге шығатын", - деп есептейді жиынға қатысушылардың бірі.

Вадим Иванов тарифтің қымбаттығы да үлкен мәселе екенімен келіседі.

Сұрақтарға Вадим Иванов жауап беріп жатыр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Құрылыс басқармасының тапсырысымен салынған трансформаторлық қосалқы станция (ТҚС) әзірге коммуналдық компанияның теңгеріміне берілмеген. Бұл да киловатт-сағаттың құнына әсер етеді. Өйткені оны күтіп ұстау шығындары да пәтер иелерінің мойнында.

"Біздің ТҚС тұрғын үй кешені аумағында орналасқан, оның кабелі екі квартал арқылы негізгі көзге - басқа, қуаттырақ орталық ТҚС-қа тартылған. Тұтынылған электр энергиясының көрсеткіштері орталық ТҚС-тан алынады. Оны біздікімен салыстырғанда айтарлықтай алшақтық бар - ай сайын шамамен 300 мың теңге. Мен бұл соманы тұрғындарға жазбайтынымды айттым, өйткені ол негізсіз. Мүмкін шығындар бар шығар, мүмкін біздің ТҚС-тар арасында, шартты түрде айтсақ, әлдебір "дәмхана" қосылып алып, электр энергиясын жағып жатқан шығар, ал оны ТҮК тұрғындары төлеуі керек пе?" - деп пайымдайды Вадим Иванов ықтимал нұсқалар туралы.

Ол бұл нысанның қала теңгеріміне тезірек өткенін қалайды. Құрылыс басқармасының жоспарында бұл бар сияқты.

"Бұл жағдайда ТҚС "Алатау Жарық Компаниясы" ("АЖК") меншігіне өтеді, тұрғындар оның филиалы - "АлматыЭнергоСбытпен" келісімшарт жасасып, тікелей соларға төлей алады. Бұл әлдеқайда оңай әрі арзан. Ең бастысы, нысан қала теңгеріміне өтсе болғаны", - деп есептейді ол.

"Қыста шыдамай ма деп қорқамыз". Тұрғындар қазандық үшін неге алаңдайды?

Жаңадан салынған үйлер әлі күнге дейін қаланың қуатты орталық қазандығына қосылмаған.

"Осыдан бір ай бұрын ғана бізге аудан әкімі орынбасарларымен келген. Сондай-ақ қалалық қазандықтың өкілі де болды. Ол бұл қазандықтың қуаты жетпейтінін, оны жаңғырту керек екенін ашық айтты. Оны қаншалықты деңгейде жаңғырту керек екенін және бұл қашанға жоспарланғанын біз білмейміз", - деп түсіндіреді Татьяна Шилова.

Сондықтан "На Кассина" ТҮК уақытша қазандық негізінде жұмысын жалғастырады. Тұрғындардың пікірінше, ол үздіксіз пайдалануға арналмаған.

Уақытша қазандық. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Жиналғандардың айтуынша, қазандық алдағы қыстан "шықпай қалуы" мүмкін деген қауіп бар. Бұған көбіне оның толық жинақталмағаны себеп болып отыр.

"Нысанда қосалқы генератор жоқ, ал ол электр энергиясы өшкен жағдай үшін барлық қазандықта болуы тиіс. Сондай-ақ мұнда резервтегі отын да жоқ. Енді елестетіп көріңізші, егер күн суықта осының бірі болса не болады? Қазандық тоқтап қалады. Біз мұндай жағдайды өткен қыста бірнеше рет бастан өткердік. Соның салдарынан тұрғындар ыстық сусыз және жылусыз қалды. Ал мұнда зейнеткерлер мен балалар өте көп", - дейді Вадим Иванов.

Егер ТҮК немесе аудан жарықсыз қалса, қыста үйлерді жылумен қамтитын қазандықтар автоматты түрде өшеді. Мұндай жағдайда үйлердегі батареялар 10-15 минутта суып, температура тез арада 10 градустан төмен түсіп кетеді, дейді тұрғындар.

Бұған қоса, су сорғылары да тоқтап, екінші-үшінші қабаттан жоғары су айдауды тоқтатады.

Тұрғындар қыста үйлері "қатып қала ма" деп алаңдайды. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Бұл жағдай 0 градус температурада жүйенің қатып қалуына және үй қабырғаларының мұздануына әкеп соғуы мүмкін деп тұрғындар қатты уайымдап отыр.

"Адамдар тіпті тамақ пісіре алмайды немесе су жылыта алмайды, ал пәтерлерде газ болса, мұның алдын алуға болар еді. Мұндай жағдайды тас дәуіріне қайта оралумен теңестіруге болады", - деп "На Кассина" ТҮК тұрғындары ұжымдық шағым хатында өз ойларын жеткізді.

Бұдан бөлек, қазандықта ыстық суды химиялық тазарту жүйесі жоқ, деп толықтырды Вадим Иванов. Су жылу жүйесіне түспес бұрын оны зиян қоспалардан тазарту қажет.

"Әр үш ай сайын барлық жылу алмастырғыш тұз шөгінділерімен бітеліп қалады. Бұл - жоспарланбаған шығындар, олар іс жүзінде тұрғындардың үйді күтіп ұстауға арналған ай сайынғы жарналарына жүктеледі", - деп нақтылады Вадим Иванов.

Оның айтуынша, судың сапасыздығы мен оның сүзілмеуі ыстық және суық суды үйдің жоғарғы қабаттарына жеткізетін сорғыларды да "істен шығарған".

"Олар тез бұзылды. Кепілдік мерзімі әлі аяқталмағандықтан, біз құрылыс салушыдан оларды ауыстырып беруді сұрадық. Олар бас тартпағандай болды, бірақ сонымен қатар уақыт созып жүргендей көрінді. Біз бұдан артық күте алмадық, тағы да тұрғындардың есебінен ауыстыруға тура келді", - дейді Вадим Иванов.

Татьяна Шилованың айтуынша, шүмектен пайдалануға жарамсыз, лай су ағады.

"Тіпті жеке тұрмыстық сүзгілер орнатылған күннің өзінде, суды қайнатқанда минералды көбік пен қалың қақ пайда болады. Меніңше, тұрғындар сапалы ауыз су алуға құқылы болуы керек", - дейді әйел.

Негізінде, құрылыс салушы коммуналдық және инженерлік желілерді үй пайдалануға берілгеннен кейін алты ай ішінде қала теңгеріміне өткізуі тиіс. Бірақ бұл талап сирек сақталады, дейді Астана бойынша "Территория прав" қоғамдық бақылау тобының жетекшісі, ПИК төрағасы Павел Шульгин. Ол нақты осы жағдайға ғана емес, жалпы тәжірибеге қатысты түсініктеме бере отырып, былай дейді:

"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға сәйкес, құрылыс салушы инженерлік желілерді қалаға өткізуге міндетті. Бірақ компаниялар бұл талапты жиі орындамайды, себебі ол үшін жаза қарастырылмаған. Бұл туралы көп айтылып жүр, жауапкершілікті белгілеу керек дейді, бірақ әзірге құрылыс салушы үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген".

"На Кассина" ТҮК желілерін газ компаниясы қабылдамай отыр, ал уақытша қазандықты ешкім теңгеріміне алғысы келмейді. Осылайша, бұл проблемалық мәселелерді шешу тұрғындардың мойнына жүктеліп отыр.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

"Иә, біздің үйлеріміз ескі болды, бірақ сонда қолайлырақ сияқты еді. Газ, су, жылу болды, еш қиындық көрмедік. Сол жақта қалғаным жақсы болар ма еді деген сезімдемін", - деп мұңын шақты Любовь Назарова.

"На Кассина" ТҮК мәселелері: құрылыс салушы мен коммуналдық мекемелердің ұстанымы

Қазір тұрғындар не істерін білмей отыр. Оларды бәрінен бұрын екі негізгі мәселе мазалайды: газға қосылу және үйлерді тұрақты қуатты қазандыққа көшіру. Ең бастысы - бұл іспен нақты кім айналысады.

Біз жетекші мемлекеттік органдарға - Түрксіб ауданының әкімдігіне, құрылыс салушы "QazaqStroy" ЖШС-не, сондай-ақ тозығы жеткен тұрғын үй иелерін жаңа үйге көшірумен айналысатын "Almaty Renovation" ЖШС-не сауал жолдадық.

Неге әлі күнге дейін газ жоқ және ол қашан болады?

Бұл сұраққа "QazaqStroy" ЖШС былай деп жауап берді:

"Тұрмыстық газды қосуға қажетті инженерлік желілер мен коммуникациялар бүгінде дайын. Объект бойынша рұқсат беру және техникалық құжаттаманың толық пакеті белгіленген талаптарға сәйкес жасақталды. Алайда "Qazaqgaz Aimaq" АҚ құжаттардың толықтығы мен мазмұнына қатысты ресми ескертулердің жоқтығына қарамастан, ұсынылған құжаттарды қарауға қабылдамай отыр".

Жағдайды анықтау үшін TengriHome "Qazaqgaz Aimaq" АҚ-на да жүгінді. Компания 2024 жылғы 3 сәуірде "QazaqStroy" ЖШС "На Кассина" ТҮК (3-8 блоктар) бойынша төмен қысымды сыртқы газбен жабдықтау желілеріне атқарушылық-техникалық құжаттаманы (АТҚ) жолдағанын түсіндірді.

"Ұсынылған құжаттаманы қарау нәтижесінде нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкессіздіктер анықталды, соған байланысты құжаттар пакеті кемшіліктерді жою және пысықтау үшін құрылыс салушыға қайтарылды. 2026 жылғы 23 сәуірде АТҚ қайта ұсынылды", - делінген компания жауабында.

Qazaqgaz Aimaq деректері бойынша, ескертулер толық көлемде жойылмаған, атап айтқанда:

1. Жергілікті жерге шығару актісі (геодезиялық бөлу актісі) ұсынылмаған.

2. Газ таратушы ұйыммен газ тарату құбырлары мен олардағы құрылыстарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі шарт қоса берілмеген.

3. Дәнекерленген жіктердің схемалары тиісті түрде ресімделмеген, газ құбырының жерден шығу нүктелері туралы мәліметтер оқылмайды.

4. 28.10.2020 жылғы №4752 техникалық шарттардың көшірмесі ұсынылған, ал өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасында және жұмыс жобасының түсіндірме жазбасында 16.09.2022 жылғы №3549 техникалық шарттар көрсетілген.

Пысықталған құжаттама QazaqGaz Aimaq мекенжайына қайта түскен жоқ, деп көрсетілген компанияның ресми жауабында.

Үйлер қалалық қазандыққа қашан қосылады?

"На Кассина" ТК-де қазандық объектіні коммуналдық жылумен жабдықтау желілеріне қосқанға дейін тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету үшін уақытша техникалық шешім ретінде қарастырылған болатын, деп түсіндірді QazaqStroy өкілдері.

"Кейіннен, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жекелеген инфрақұрылымдық шешімдерді іске асыру тәсілдерінің өзгеруіне байланысты, тұрғын үй кешенін "Мехпоселок" шағынауданының қолданыстағы қазандығына қосу нұсқасы қаралды. Қазіргі уақытта қосу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде және одан әрі пысықтауды талап етеді", - деп түсіндірді компаниядағылар.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ұлан Кенжеғалиев

Сондай-ақ Түрксіб ауданының әкімдігіне хабарласып, қазандықтың қосылуы туралы сұрадық. Сауал "Almaty Renovation" ЖШС-не қайта бағытталды.

"На Кассина" ТҮК тұрғын үйлеріне қызмет көрсететін уақытша қазандықты газбен жабдықтау және пайдалану мәселелері серіктестіктің құзыретіне жатпайды. Сонымен қатар, құрылыс салушы ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың аяғында аудандық әкімдік өкілдерінің қатысуымен аталған тұрғын үй кешенінің қазандығына тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша құрылыс салушы анықталған ескертулерді жою жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ қазандықты коммуналдық меншікке беру мәселесі қаралды", - делінген сауалға берілген жауапта.

Орталық желілерге қосылу, объектілерді қала теңгеріміне өткізу

"QazaqStroy" ЖШС үйлер тұру үшін қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген деп есептейді.

"QazaqStroy" ЖШС реновация бағдарламасына қатысуын аяқтап, жобадан 2024 жылы шықты. Инфрақұрылымды одан әрі дамытуға, орталықтандырылған желілерге қосуға және жекелеген инженерлік объектілерді тиісті ұйымдардың теңгеріміне өткізуге қатысты мәселелер уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретінде", - деп толықтырды құрылыс салушы.

"Almaty Renovation" ЖШС мынаны қосты:

"На Кассина" ТҮК инженерлік инфрақұрылым объектілерін одан әрі пайдалану, дамыту және өткізу мәселелері жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2027 жылға жоспарланып отыр".

ТҮК-де инженерлік коммуникациялар мен желілер расымен де бар. Тек оларды толыққанды пайдалану мүмкін болмай отыр, деп түйіндеді Вадим Иванов. Құрылыс салушы мен коммуналдық қызметтер арасындағы шешілмеген мәселелердің кесірінен тұрғындар әлі күнге дейін газсыз және орталық қазандықсыз отыр. Ал олардың сұрап отырғаны көп емес - тек жайлы өмір сүруге мүмкіндік.

Аударған: Дина Шәріпхан

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

Қазақстандағы көршілер мәдениеті және ол қалай өзгеріп жатыр?

“Бизнес“ санатынан деп алған үй “эконом“ болып шықса, құрылыс компаниясын жауапқа тартуға бола ма?

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Алматы тұрғын үй шағым Газ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью