Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Орта салмақта әлем чемпионы атағын бірнеше мәрте иеленген Геннадий Головкин (GGG) Нью-Йоркте өткен The Ring Awards марапаттау рәсімінде аты аңызға айналған боксшылармен жүздесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Боксшылардың жолы The Ring журналы ұйымдастырған салтанатты кеште түйісті. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда Головкиннің үстел басында pound-for-pound рейтингінің бұрынғы көшбасшысы Теренс Кроуфордпен әңгімелесіп отырғанын, сондай-ақ өзінің бұрынғы қарсыласы Дэниэл Джейкобсты жылы жүзбен қарсы алғанын көруге болады.
Кадр сыртындағы әңгімеде Джейкобс Геннадий Головкиннің бокстағы еңбегін ерекше атап өтіп, оның көрсеткен деңгейі мен өткізген жекпе-жектері үшін алғысын білдірген.
Еске салайық, Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобс 2017 жылы Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden аренасында жұдырықтасқан болатын. Ол жекпе-жекте IBF, WBC және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулдары сарапқа салынған еді. 12 раундқа созылған кездесудің қорытындысы бойынша Головкин бір ауыздан қабылданған шешіммен жеңіске жетті. Ал Джейкобс Геннадиймен толық 12 раундтық қашықтықты өткерген алғашқы қарсылас ретінде тарихта қалды.