Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Былтыр қараша айында газет тілшісі Э. Серікқызының «География пәнін оқытудағы жүйесіздік» («Egemen Qazaqstan» газеті, 28.11.2025) атты мақаласы жарық көрген еді. Осыған орай редакцияға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, география ғылымдарының докторы, профессор Орденбек Мазбаев келіп, осы мақалада көтерілген мәселелерге байланысты өз ойымен бөлісті.
– Орденбек Білісбекұлы, жоғарыдағы мақалада профессор, атаулы мектеп жетекшісі Ұ. Есназарова орта мектепте география пәнінің оқытылуы туралы біраз мәселені атап көрсеткен. Бұған сіздің де айтар жауабыңыз бар екен. Сөзді содан бастасаңыз?
– Алдымен бұл мақаламен оған негіз болған мұғалімдер хатының мазмұнымен бұрыннан таныспын. Дегенмен бір жағдайды нақтылап айту керек: 475 қол қойылған хат республикадағы география пәні педагогтерінің жалпы ұстанымын білдірмейді. Бүгінде елімізде 10 мыңнан астам география мұғалімі жұмыс істейді. Сондықтан бір топтың пікірі барлық кәсіби қауымның көзқарасы ретінде ұсынылуы ғылыми әрі әділ тәсіл емес. Айта кетейін, бұл хатқа байланысты кезінде ресми жауап берілді. Соның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен өткен кездесуде де нақты түсіндірілді. Алайда оның неліктен әлі жалғасып келе жатқаны түсініксіз.
Шындығын айтқанда, өзге пәндердегі секілді географияны да жетілдіретін тұстар жетеді. Бірақ мақалада айтылған «карта және кескін картамен жұмыс қарастырылмаған» деген тұжырым бағдарламалық құжаттарға сәйкес келмейді. Бұл жұмыстар оқу мақсатында бар, мәселе – оларды іске асырудағы әдістемелік пен ұйымдастырушылық деңгейде. Сондай-ақ география пәні сағатының қысқаруы туралы сын барлық мектепке ортақ емес. Бұл тек төмендетілген оқу жүктемесін таңдаған білім ошақтарына тән жағдай. Ал «мұғалімдер геоақпараттық технологияларды меңгермеген» деген пікірге келсек, бұл да жалпылама тұжырым. Мұндай технологияларды игермеген педагогтер бар болуы мүмкін. Бірақ оны жүйелік кемшілік деп айта алмаймын. Мұндағы негізгі мәселе – педагогтердің біліктілігін арттыру мен әдістемелік қолдаудың сапасында. Мақалада ұсынылған «шиыршық әдісінен бас тарту», «ескі пәндік құрылымға қайта оралу» сияқты ұсыныстар ғылыми-педагогикалық тұрғыдан дау туғызады. Бұл – жүйені жетілдіру емес, реформадан кері шегіну болады.
– Жаңартылған оқу бағдарламасында география пәнінің мазмұны мен сабақтастығы сақталған ба?
– География ғылымының негізгі компоненттері 7-11 сыныптар аралығында бірізді әрі ғылыми тұрғыда беріледі. Ал «физикалық география» мазмұны жойылған жоқ, бұл – 7-9 сыныптарда ішкі бөлімдер арқылы толық қамтылған. Қазіргі бағдарламада 8-9 сыныптарда Қазақстанның физикалық, экономикалық, әлеуметтік географиясына 136 сағаттан астам уақыт бөлінген. Бұл – оқушылардың ұлттық географиялық білімін терең меңгеруге толық мүмкіндік береді. География пәнінде мәселе бағдарламада емес, оны іске асыру мен басқару шешімінде деп ойлаймын. Сондай-ақ әдістемелік қолдау да қажет.
– Енді осы пәнді оқытудың шиыршық моделіне (спиральдық) тоқтала кетсеңіз?
– Қазір білім беру жүйесі жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес спираль қағидаты негізінде құрылып отыр. Осы тәсіл географиялық білімді біртіндеп, оқушының жас ерекшелігіне сай, қайталап, тереңдетіп оқытуға бағытталған. Мұндай тәсіл арқылы оқушылар функционалдық сауаттылығын арттырып, пәнді жүйелі түрде меңгереді. Мәселен, сызықтық оқыту моделінде география белгілі бір сыныпта толық өтіліп, білім көбіне теориялық әрі бір реттік сипатта беріледі. Сондықтан ұғымдар терең дамымай, практикалық қолдануы шектеулі болады. Ал спиральді модельде негізгі географиялық ұғымдар бірнеше рет қайталанып, әр сыныпта біртіндеп күрделене түседі. Бұл әдіс оқушылардың жас ерекшелігін ескеріп, білімді кезең-кезеңімен меңгеруге жол ашады. Қазіргі география сабағында карта, дерек, диаграмма және цифрлық құралдармен жұмыс істеуге басымдық берілген. Нәтижесінде, оқушылардың сыни ойлау мен кеңістіктік талдау дағдылары қалыптасады. Яғни география пәні – бүгін тек карта жаттау емес, өмірде қолданылатын маңызды білімге айналып отыр. Спираль моделі география пәнінің мазмұнын жоймайды, керісінше оны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес кезең-кезеңімен тереңдетіп, пәнішілік сабақтастықты қамтамасыз етеді. Сондықтан 6-сыныпта «физикалық география» пәнінің жеке курс ретінде болмауы әдістемелік олқылық емес, жаңартылған оқу бағдарламасының 7,8,9 сыныптарда қарастырылатын ғылыми негізделген педагогикалық шешімі.
– Қазір бұл пән мектепте қалай оқытылып жүр?
– Еліміздегі орта мектептерде география пәні жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқытылады. Мәселен, 5–6 сыныптарда – жаратылыстану пәні құрамында (географияның үлесі шамамен 40%), 7–9 сыныптарда – физикалық және әлеуметтік-экономикалық география, 10–11 сыныптарда – дүниежүзі географиясы бойынша өтеді. Бұл деңгейлерде теориялық ақпарат қысқарып, қолданбалы, зерттеушілік және жобалық жұмыстарға басымдық берілген. Негізгі мақсат – функционалдық сауаттылықты қалыптастырып, алған білімді өмірде қолдана алу. Сонымен бірге оқулықтарда мазмұн жаңарып, тақырыптар қазіргі заман талабына жақындай түсті. Айталық, онда тұрақты даму, климат, ресурстар, жаһандану мәселелері қамтылған. Дегенмен кейбір оқулықтарда мәтіннің күрделілігі,практикалық тапсырмалардың жеткіліксіздігі, аймақтық (жергілікті) мысалдардың аздығы сияқты мәселелер әлі бар. Қазіргі география – картамен жұмыс істей отырып, құзыреттілікке, тәжірибеге, ойлауға және өмірмен байланыстыра оқытуға бағытталған пән. Географиялық білім – тек мектеп бағдарламасының бөлігі емес, әлемді түсінудің, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік шешімдерді саналы қабылдаудың өмірлік шарты. Өкінішке қарай, географиялық білімнің осындай кешенді рөлі кейде толық бағаланбайды. Анығында, географиялық білімнің маңызы – өмір талабы. Сондықтан оқыту мазмұнында теория азайып, қолданбалы, жобалық мазмұн көбейген.
– Жаңартылған білім мазмұнында аталған пән әдістемелік жағынан қаншалықты өзгерген?
– Жаңартылған білім мазмұнында география пәні мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан едәуір жаңарды. Оны 2013 жылғы оқу бағдарламасы мен соңғы апробациядан өткен ҰБА-ның бағдарламаларын салыстырмалы талдауы айқын көрсетеді. Мұнда Қазақстан географиясы 7–11 сыныпқа дейін қарастырылған. Алайда барлық кезеңде бағдарлама педагогтердің толық көңілінен шығады деп айту қиын. Себебі жаңа көзқарастарды, спиральді тәсілді және құзыреттілікке негізделген оқытуды меңгеру мен түсіну – әр география мұғалімінен қайта кәсіби даярлық пен үздіксіз дамуды талап етеді. Сондай-ақ география пәні аясында шешілуге тиіс өзекті мәселенің бірі – оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларында «география» секциясының дербес түрде енгізілуі. География ғылымының мазмұны табиғи, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және кеңістіктік үдерістерді кешенді талдауға бағытталғанымен, оқушылардың ғылыми жобалар жүйесінде бұл бағыт толық көлемде көрініс таппай отыр. Сондықтан оқушылардың ғылыми жобаларында «география» секциясын жеке бағыт ретінде енгізіп, аталған пәннің Президенттік олимпиадада дербес пән ретінде ұсынылуын қамтамасыз ету керек деп ойлаймын.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Асыл мұрамызды әлемге қалай танытамыз?
Руханият • Бүгін, 08:15
Михаил Шайдоров – Олимпиада чемпионы!
Олимпиада • Бүгін, 08:10
Өнер • Бүгін, 08:05
«Ажалын жоғалтқан адамның» тұсауы кесілді
Басылым • Бүгін, 08:00
Іле Алатауы саябағында жабайы аң фототұзаққа түсіп қалды
Жануарлар • Кеше
Ұлытау облысында инвестициялық жобалар талқыланды
Инвестиция • Кеше
Жаңа Конституция – әр азаматтың құқығын мемлекеттің басты міндеті ретінде бекітетін құжат
Ата заң • Кеше
Риза Сүйіндік: Конституция – билік үшін емес, халық үшін жазылған негізгі заң
Ата заң • Кеше
Ұлытауда «Сағаттар сыры» көрмесі ашылды
Аймақтар • Кеше
Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден Әлем кубогы кезеңін алты медальмен аяқтады
Спорт • Кеше
Қызылордада Қорқыт ата университетінің ректоры таныстырылды
Аймақтар • Кеше
Абай ауданында дін мен дәстүрді сабақтастырған орталық ашылды
Дін • Кеше
Ибраһим келісімі Қазақстанға қандай пайда береді?
Саясат • Кеше
Еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындары жаңа Конституция жобасын қолдады
Ата заң • Кеше
Нұрлан Имам конституциялық реформа кезеңінде қазақстандықтарды бірлік пен жауапкершілікке шақырды
Ата заң • Кеше