Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Алдағы үш жылда геологиялық барлауға екі онжылдықтағы шығындармен шамалас қаржы салынады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресінің пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы қолға алынды. Қазіргі кезде ел аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау жұмыстары басталды. Ал жер қойнауының геологиялық зерттелу аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады.
"Президенттің тапсырмасы бойынша 2026-2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына тек мемлекет тарапынан 470 млн долларға жуық инвестиция салынады. Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас", - деді Бектенов.
Оның айтуынша, қазіргі шаралар геологиялық барлау ауқымын кеңейтіп қана қоймай, цифрлық шешімдерді де кеңінен енгізуді көздейді. Әсіресе жасанды интеллектіге басымдық беріледі. Қазірдің өзінде біріккен жер қойнауын пайдалану платформасы құрылып, лицензия беру және жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін бақылау процестері автоматтандырылды. Бұрын магниттік таспаларда және фотосуреттерде сақталған 4,6 миллионнан астам бастапқы геологиялық ақпарат цифрлық форматқа ауыстырылды.
"Келесі кезеңде жасанды интеллект технологияларын геологиялық барлау, деректерді талдау және өндірісті басқару процестеріне интеграциялау қажет. Бұл еліміздің минералдық-шикізаттық базасын игеру тиімділігін айтарлықтай арттырып, жаңа кен орындарын ашуды жеделдетіп, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартады",— деді премьер.