Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Кеңеске Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ұлттық IT-холдингтердің өкілдері, сондай-ақ халықаралық және отандық технологиялық компаниялардың сарапшылары қатысты.
Жиын барысында жер қойнауын пайдалануға зияткерлік шешімдерді енгізу жұмыстары Қасым-Жомарт Тоқаевтың геологияны жедел цифрландыру және өнеркәсіпте жоғары технологиялық экожүйе қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Жоба еліміздегі геологиялық деректердің кемінде 90%-ын қамтитын бірыңғай цифрлық платформаны дамытуға бағытталған. Ол Big Data, машиналық көру және предиктивті аналитика технологияларын біріктіреді.
Кеңес барысында EPAM Kazakhstan өкілдері деректерді өңдеу және сақтау жүйелерін әзірлеу барысы туралы баяндады. Қазіргі уақытта 1 терабайттан астам дерек өңделіп, жасанды интеллект шешімінің прототипі іске қосылған.
Ал Terra GeoCube компаниясы жерсеріктік деректер мен тарихи материалдарды талдау арқылы геологиялық барлау үшін перспективалы аймақтарды анықтайтын «GeoCube» моделін таныстырды. Бұл шешім далалық шығындарды азайтып, жаңа кен орындарын табу ықтималдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қатысушылар инфрақұрылым мәселелеріне де назар аударды. Жиналған 500 терабайт деректі өңдеу үшін байланыс арналарын 25 Гбит/с дейін жаңғырту және Alem.cloud базасында қосымша қуат көздерін бөлу қажеттігі айтылды. Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ-ға жобаны қажетті ресурстармен, оның ішінде графикалық процессорлармен және 2 петабайтқа дейінгі сақтау жүйесімен қамтамасыз ету тапсырылды.
Жаслан Мәдиев бұл бастаманың стратегиялық маңызын атап өтті.
«Геологияда жасанды интеллектіні қолдану – тек автоматтандыру емес, ресурстарды іздеу уақытын бірнеше есе қысқартып, инвесторлар үшін процестердің ашықтығын арттыратын нақты экономикалық құрал», – деді ол.
Кеңес қорытындысы бойынша Astana Hub-қа 2026 жылдың 1 маусымына дейін жобаға қатысты барлық келісімдерді жеделдету тапсырылды. Ал жергілікті атқарушы органдар мен салалық ведомстволарға жер қойнауын пайдалануға қатысты өзекті деректерді уақтылы ұсыну міндеттелді.
Айта кетейік, «ҚазМұнайГаз» бен Turkish Petroleum Corporation геологиялық барлау және өндіріс саласында ынтымақтаспақ.