Геосаяси баланс: тұрақтылық басты тілек

03.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Астары терең қайшылықтар ақыры Иран жерінде қолайсыз жағдайлар туындауына, тараптардың бір-бірін атқылауына себеп болды. Біз бұл тақырыпты сөз етерде мәселенің басқа қырынан қарауды, нақтырақ, Қазақстан тарапының позициясын саралауды жөн көрдік. Сонымен Таяу Шығысты шарпыған жайсыздықтар кезеңінде еліміз қандай амал-әрекетке көшті, сая­си дипломатиядағы тәжірибені қалай пайдаланды?

Ұтқырлыққа негізделген ұстаным

Иранға қарсы соққылар басталғанда әлем елдері абыр-сабыр күйге түскені рас. Бірақ Қазақстан тарапы жедел түрде іске көше алды десек, артық айтпаймыз. Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылым тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды. Осылайша, Қазақстан билігі Каспийдің арғы бетіндегі оқиғаларға бейжай қарамайтынын лезде аңғартты. 

Демек, саясаттанушылар айтқандай, қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстанның Иран төңірегіндегі оқиғаларға қатысты ұстанымы стратегиялық мүдде мен ұзақмер­зімді есепке негізделіп отыр. Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов Қазақстан күрделі жағдайда да бейтарап әрі теңгерімді дипломатияны жалғастыра беруі қажет еке­нін айтады. 

– Қазақстан ешқандай әскери-саяси блоктың риторикасына қосылмай, халық­аралық құқық пен келіссөз қағидатын қолдай бергені жөн. Біздің сыртқы саясаттың көпвекторлы сипаты дәл осындай күрделі кезеңдерде сыналады. Қазақстан үшін бастысы – Орталық Азия аймағының тұрақтылығы мен шиеленістің ушығып кетпеуі. Бұған қоса, экономикалық прагматизм аса маңызды. Иран – Каспий арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттардың маңызды буыны. Парсы шығанағындағы кез келген тұрақсыздық мұнай бағасына, тасымал тізбектеріне, тарифтерге әсер етеді. Бұл Қазақстанның экспорттық кірісіне, бюджетке, теңгенің тұрақтылығына тікелей ықпал етуі мүмкін. Сондықтан ресми Астана жағдайды тек саяси емес, экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан да бағалауы қажет, – дейді саясаттанушы.

Әрине, АҚШ пен Израильдің бірлесе жасаған соққысынан кейін, әдетінше, Иран тарапы жауапсыз қалмады. Израиль қала­ларына, Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Ара­биясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт жеріндегі АҚШ базалары орналасқан аймақтарға зымыран атқылады, әлі де атқылап жатыр. Бұл соққылардың бәрінде Қазақстан билігі реакциясыз қалмады. 

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына осынау қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен тілектестігін білдіріп, хат жолдады. Мемлекет басшысы достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіп­сіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті батыл айыптайтынын атап өтті.

– Қазақстан халықаралық күрделі проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайды, – делінген хатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бауыр­лас араб мемлекеттеріне хал-қадерінше көмек көрсетуге дайын екенін айтып, аталған елдердің басшыларымен тұрақты қызметтік қарым-қатынас жалғасатынына үміттенеті­нін жеткізді.

Жалпы, Ақорда жариялаған жаңалықтарға қарап отырып, Мемлекет басшысының Таяу Шығыстағы ахуалдарды жіті қадағалап отырғанын байқадық. Жексенбіде Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдаллаға хат жолдап, Қазақстан қазіргідей сын сағатында бауырлас иордан халқына қолдау мен тілектестік білдіретінін айтты.

Президент ахуалдың ушығуына әкелуі мүмкін іс-қимылдардан бас тартуға шақырып, кез келген халықаралық қақтығыс диплома­тиялық тәсілдер арқылы шешілуі қажет екенін тағы да атап өткен.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесіп, Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Президент аймақта қақтығыстың өршіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, осынау күрделі кезеңде Әмір мен бауырлас Қатар халқына тілектес екенін айтты. 

Өз кезегінде Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстанның ұдайы қолдауы үшін ризашылығын жеткізіп, екі ел арасындағы сан қырлы қарым-қатынасты достық және стратегиялық серіктестік рухында одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Қазақстан Президенті қасиетті Рамазан айында Қатар Әмірінің мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Қатар халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. 

Келесі кезекте Мемлекет басшысы БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен байланысқаны мәлім болды. Қазақстан Президенті Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Әмірліктердің басшылығы мен барша халқына шынайы құрметін, қолдауы мен тілектестігін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы қақтығыс барысында Біріккен Араб Әмір­ліктерінің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылатынын айтқан. 

– Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін достас әрі бауырлас ел ретінде қарастырады, қажет жағдайда қал-қадерінше көмектесуге дайын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы БАӘ азаматтық нысандарына, сондай-ақ Шығанақтағы басқа да елдерге жасалған шабуыл қатаң айыпталуы керек деп санайды. Шейх Мұ­хаммед бен Заид Әл Нахаян еліміздің қолдауын жоғары бағалап, қазіргі халықаралық дағда­рысты еңсеруде көмек көрсетуге ықылас танытқаны үшін ризашылығын білдірді. Бұған қоса, әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейіл екенін растады. Сондай-ақ қасиетті Рамазан айында екі елдің халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. 

Өңірлік билікке өң берілді

Парсы шығанағында тұрақсыздық басталған кезде Мемлекет басшысы күштік құрылымдар мен атқарушы билікке міндет жүктегенін айттық. Соның ішінде бір көзге түскені –  Президент өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдауды тапсырғаны. Яғни, геосаяси ахуалдар тек мемлекет билігі үшін ғана емес, аймақтарға да маңызды жайт болып отыр. Мұның да өзіндік астары мен маңызы терең тұстары бар. 

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов та аймақтық қауіпсіздік өлшемі өзекті екенін растап отыр. Өйткені Ирандағы ішкі тұрақ­сыздық немесе әскери эскалация Каспий маңы кеңістігіндегі қауіпсіздік ахуалына жанама әсер етуі мүмкін. Бұл жерде Қазақстан үшін маңыздысы – радикалдану тәуекелдері, көші-қон ағындары, санкциялық режимдердің кеңею ықтималдығы сияқты факторлар. 

– Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне Таяу Шығыстағы жағдайды ескеруді тапсыруы – стратегиялық алдын алу шарасы. Каспийдің арғы бетіндегі жағдай Қазақстан аймақтары үшін бірнеше себеппен маңызды. Біріншіден, логистика тұрғысынан Ақтау мен Құрық порттары арқылы өтетін бағыттар Транскаспий дәлізінің бөлігі саналады. Егер Иран бағытындағы немесе Парсы шығанағындағы тасымал тізбектерінде үзіліс болса, бұл батыс өңірлердегі экономи­калық белсенділікке әсер етеді. Екіншіден, энергетикалық фактор тұрғысынан, Иран маңындағы кез келген шиеленіс мұнай на­рығына байланған. Бағаның күрт құбылуы Маңғыстау, Атырау секілді мұнайлы өңірлердің бюджетіне және инвестициялық жоспарларына ықпал етуі мүмкін.

Үшіншіден, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық ин­фляциялық қысымды күшейтеді. Бұл ай­­мақтардағы баға, жұмыс орындары, инвес­ти­циялық жобалар сияқты нақты әлеуметтік мәселелерге әсер етуі ғажап емес. Сондықтан мәселе географиялық қашықтықта емес, экономикалық және қауіпсіздік байланыс­тарында. Каспийдің арғы бетіндегі оқиға бір аптаның ішінде ішкі нарыққа әсер етуі мүм­кін, – деп топшылады халықаралық сарапшы. 

Момынқұловтың сөзінше, Қазақстанның ең тиімді позициясы – бейтараптықты сақтай отырып, экономикалық және қауіпсіздік тәуекелдерін жүйелі түрде басқару. Осы ғана ұлттық мүддеге негізделген, салмақты, дәйекті  ұстаным бола алмақ.

Қорыта айтқанда, Қазақстан билігі кезекті рет жаһандық геосаясаттағы әр жағдайды назардан тыс қалдырмайтынын байқатты. Саяси тәуекелдер мен экономикалық сын-қатерлерді алдын ала ескеріп, ел дамуын жүйелі түрде қамтамасыз етіп отыру – мемлекеттің басты мұраты.

Мадияр ТӨЛЕУ 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью