Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Мәселен Алакөлге келетін 1,5 миллион туристің саны көбеймесе, азаймайды. Ал инфрақұрылым туристер ағынына дайын емес. Бүгін Мәжілісте Respublica партиясы фракциясы Алакөлдің жай-күйі туралы кеңейтілген отырыс өткізді.
Тоғыз ай бұрын азаматтардың көптеген өтініштерінен кейін Президент Алакөл туристік аймағындағы дайындықтың төмен деңгейін сынға алып, Үкіметке қысқа мерзімде туристік бағыттарды ретке келтіруді тапсырған еді. Ал жазғы маусымның басталуына небәрі екі ай қалды.
Фото: Мәжіліс– Статистикаға сүйенсек, былтыр елімізге 15 миллионнан астам турист келген. Биыл бұл көрсеткіш одан әрі өседі деп күтіліп отыр. Әсіресе әлемдегі геосаяси тербелістер, ушыққан жағдайлар мен түрлі шектеулер артып, Қазақстанға келетін туристер саны көбейетіні анық. Мысалы, қазақстандықтар шетелде демалу үшін жыл сайын шамамен 4 млрд доллардан астам қаражат жұмсайды. Біз басқа елдің экономикасына осындай үлес қосып жатырмыз. Әлемдегі түрлі саяси және экономикалық құбылыстарды ескеріп, осы қаражатты ішкі туризмді дамытуға бағыттасақ, көптеген мәселелерді шешу мүмкіндігі туар еді. Ол үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет, – деді фракция жетекшісі Айдарбек Қожаназаров.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова 2025 жылы туристік әлеуеті жоғары өңірлерге сапарлап, өзекті проблемаларды зерделеген. Бүгінгі отырыста депутат әуе билеттерінің қымбаттығын, ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығын, кәріз жүйесінің ретсіздігі проблемасын көтерді. Су шайып кеткен жағажайларды да нығайту қажет.
Фото: Мәжіліс– Тіпті судың астына кетіп қалған демалыс орындары бар. Оны кәсіпкер өз ақшасына салды ғой кезінде, суға кетсе обал ғой. Оны шешудің жолы – толқынды тоқтататын құрылғыларды орнату. Ол өте қымбат және базалық инфрақұрылым, оны мемлекет жасауы керек. Сосын Алакөлде 5 шақырым жағажай болса, әкімдік соның 450 метрін ғана житнастырады. Қалған 4,5 шақырымды кәсіпкерлер өз ақшасына жинап жүр. Күнде 2-3 машина қоқыс шығарады, – деді Е. Смолякова.
Әйтсе де, Алакөлге шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып отыр. Абай облысында Қытай мен Әзербайжан инвесторлары жаңа демалыс орындарын жоспарлауды бастап кеткен.
Бұл үшін облыс әкімдігі озығы жеткен электр желілерін жаңартып, жол салып, интернетпен қамтуды бастап кетті. Оған қоса, Алакөл мен Жидебайда визит орталықтар салынып, Семейде Хилтон, Рэдиссон қонақүйлері бой көтермек. Жеке кемелер тоқтайтын арнайы айлақтар ашылады.
Фото: Мәжіліс– 2025 жылы бірінші рет облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлдік. Бірінші кезекте қоқыс жәшіктері, шешінетін орындар, дәретхана салу бойынша, жағалауларды бекітуге байланысты қаржы бөлінді. Биылғы жылы 2,4 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Мұның барлығы Алакөлдің дамуына қажетті жобаларды жүзеге асыруға байланысты жұмсалады, – деді Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.
Отырысқа тоғыз министрліктің, Абай облысы әкімдігінің өкілдері, депутаттар, сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысты. Қорытындысында барлық ұсыныстар жүйеленіп, Үкіметке жолданады.
Айта кетейік, биыл жазда Алакөлге қосымша 9 пойыз қатынайды.
Сондай-ақ Алакөлді дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр.