Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Астана Global Financial Centres Index (GFCI 39) жаһандық қаржы орталықтары рейтингінде өз позициясын жақсартып, 3 орынға көтеріліп, әлемдегі 120 қаржы орталығының ішінде 65-орынды иеленді. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында бірінші орынды сенімді түрде сақтап, көшбасшылықты 3 жылдан бойы нығайтып келеді.
GFCI индексінің ағымдағы редакциясы көрсеткендей, қаржы орталықтарының көпшілігінде көрсеткіштер төмендеген. Бұл нақты юрисдикциялардағы өзгерістерден гөрі жаһандық кең ауқымды өзгерістерді көрсетеді. Осы жағдайға қарамастан, Астананың үш орынға көтеріліп, әлемде 65-орында болуы — маңызды нәтиже. Бұл Астана қаласы мен АХҚО-ның халықаралық қаржы қауымдастығы арасындағы танымалдығы мен сенімділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, респонденттердің пікірінше, Астана алдағы 2-3 жылда маңызы арта түсетін топ-5 қаржы орталығының қатарына енеді.
— Бүгін инвестициялық шешімдердің негізінде тұрақтылық және мықты даму институттары жатыр. Осындай жағдайда қаржы орталықтары капитал тартумен ғана шектелмей, нарықтардың интеграциясын қамтамасыз етіп, инновацияларды қолдап, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуі тиіс, — деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.
GFCI рейтингі жылына екі рет жарияланып, әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының дамуын көрсетеді. Ол халықаралық маңызды көрсеткіштердің бірі және Қытайдың даму институты CDI (Шэньчжэнь) мен Z/Yen Partners (Лондон) аналитикалық орталығымен серіктестікте шығарылады. Бағалау бизнес орта, қаржы секторын дамыту деңгейі, инфрақұрылым, адами капитал және қалалардың беделі сияқты кешенді көрсеткіштер негізінде қалыптастырылады.
Бұл рейтингте 137 қаржы орталығы зерттеліп, олардың 120-ы негізгі индекске кірді. Рейтинг 147 макроэкономикалық көрсеткіш пен онлайн сауалнамаға қатысқан 5,2 мың қатысушының 34 мыңнан астам бағалауына негізделген. Дереккөздер қатарында Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы бар.
Астана алғаш рет GFCI рейтингіне 2018 жылы кірді, ал аймақтық көшбасшылық мәртебесі 2023 жылы бекітілді. Қала позициясын нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан — «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), ол инвестициялық жағымды ортаны қалыптастырып, Қазақстанға аймақтық қаржы хабы ретіндегі сенімділікті арттырады.
АХҚО бизнестің капиталға қол жеткізуін қамтамасыз етіп, бірегей жұмыс шарттары — ең үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген реттеу, дамыған қаржы инфрақұрылымы, тәуелсіз сот жүйесі, инновациялар мен қаржылық технологияларды қолдауды ұсынады. Орталық халықаралық және аймақтық нарық қатысушылары үшін тартымды орын болып қала беріп, қаржылық қызметтер мен инвестициялық белсенділікті дамытуға ықпал етеді.
GFCI 39 есебі мына сілтеме бойынша қолжетімді.
Бұдан бұрын «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров «АХҚО Қазақстан ішіндегі офшорлық аймаққа айналып жатыр ма?» деген айыптауларға жауап берді.