Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ол тұтас ғұмырын табиғаттың тылсым сырын зерттеуге арнады. Кәрі таулардан халықтың тарихын оқыды, қатпар-қатпар қара тастардан қазақтың тағдырын таныды. Өзендердің арнасынан өркениеттің ізін іздеді, бедеу құмның бедерінен заманның бейнесін көрді. Ақыры өзі де жанын жаратқанға тапсырып, табиғатпен тұтасып кетті. Әлия Бейсенова кеңестік кезеңде физикалық география саласында қазақ қыздарының арасынан алғашқылардың бірі болып үлкен ғылыми мектеп қалыптастырды. Кандидаттық диссертациясын Мәскеуде, докторлық жұмысын Бакуде қорғап, еліміздегі физикалық география тарихын жүйелі зерттеген санаулы ғалымдардың қатарына қосылды.
Аяулы жары, әдебиеттану ғылымының көрнекті тұлғасы, академик Серік Қирабаевпен бірге өткізген ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпақ үшін ғылымға адалдықтың, отбасы құндылығының және ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып қалды. Бұл кісілер кейінгі бірнеше буынның ардақты абызы һәм аяулы анасы болды. Серік Қирабаев естелігінде: «Оның қонақжайлығы мен кең дастарқаны өзіміз араласқан жазушылар, ғалымдар, жора-жолдастар арасында аңызға айналған еді. Әлия жастайынан-ақ көпшілікке пана, ақылшы бола білді. Сондықтан да ол ерте «апа» атанды. Тек өзінен кейінгі буын ғана емес, қатарлас және жасы үлкен ағалардың өзі оны құрметпен «Әлия апай» деп атайтын», деп жазған еді. Міне, сол үшін Әлия Сәрсенқызын елі көрнекті ғалым ретінде ғана емес, ұлт ұстаздарының анасы, қамқоршысы ретінде есте сақтайды.
Ол табиғат тағдырын ұлт тағдырынан бөліп қарамады. Аралдың тартылуы мен Балқаштың болашағына алаңдап, тың игерудің экологиялық салдарын алғашқылардың бірі болып ғылыми негізде көтерді. Қала экологиясы, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты ұқыпты пайдалану мәселелерін қоғамдық талқыға шығарып, экологиялық сананың қалыптасуына зор үлес қосты. Ал кейінгі жылдары жас экологтерді тәрбиелеуге күш салып, елдегі экологиялық білім беру жүйесінің дамуына жол ашты.
«Ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Әлия Бейсенованың артында ұлт ғылымының қазынасына айналған мол мұра қалды. Ол жазған еңбектер, тәрбиелеген шәкірттер, көтерген экологиялық мәселелер мен қалыптастырған ғылыми мектеп әлі талай буынға қызмет етеді.
Астанаға, Еуразия университетіне, ел білімі мен ғылымына еңбек сіңірген академиктің әзіз сүйегі Ұлттық пантеондағы академик С.С.Қирабаевтың жанына жерленді.
«Қазақ газеттері» серіктестігі