Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Әлемдік фольклорда бір көзді дәу туралы ертегінің 84 нұсқасы бар. Оның 60-ы - түркі халықтарына тиесілі.
Осы жазда циклоп тағы да үлкен экрандарға оралды. Шілдеде әлемдік прокатқа Гомер эпосының желісімен түсірілген "Одиссея" фильмі шықты. Туындының ең танымал эпизодтарының бірі - басты кейіпкердің бір көзді циклоппен кездесуі.
Қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай Tengrinews.kz авторлық бағанында Гомердің "Одиссеясындағы" циклоп неге біздің байырғы "танысымыз" болуы мүмкін екенін баяндайды.
84 жағдайдың 60-ында "Циклоп біздікі"XIX ғасырда Григорий Потанин (орыс географы, этнограф, фольклортанушы - ред. ескертпесі) түркі-монғол фольклорындағы бір көзді дәулердің бейнесі туралы жазған болатын. Ал Едіге Тұрсынов (қазақстандық этнограф және дәстүрлі мәдениетті зерттеуші - ред. ескертпесі) сонау 1970-жылдары бір көзді дәу бейнесі мен адамның сол көзді ойып жіберіп жеңіске жету мотиві - дәл осы түркі фольклорына тән төл туынды екенін дәлелдеп берді.
Бұл сюжет әлемдік фольклорда 84 рет кездеседі. Оның ішінде:
төртеуі - моңғол фольклорында, 10-ы - кавказ халықтарында, 10-ы - түрлі халықтарда (соның ішінде ежелгі гректің "Одиссеясы" бар), 60-ы - түркі фольклорында.Осылайша, бұл нұсқалардың басым көпшілігі түркі және олармен көршілес халықтардың фольклорында кездеседі.
Түркі мәдени дереккөздері бұл кейіпкер мен оның шығу тегі туралы не дейтінін егжей-тегжейлі қарастырып көрейік.
Едіге Тұрсыновтың циклоп туралы мақаласының 1975 жылы әзербайжандық "Советская тюркология" журналында алғаш жарияланған сәтінен скриншот
"Қорқыт ата кітабындағы" Төбекөз - біздің басты циклопЕгер әлем жұртшылығы циклопты "Одиссея" арқылы таныса, ең танымал түркі циклопы Депегез (қаз. Төбекөз - төбесінде көзі бар - автор ескертпесі) "Қорқыт ата кітабы" ішінде.
Анықтама: Шілдеде әлемдік прокатқа Кристофер Ноланның "Одиссеясы" шықты - бұл Гомердің ежелгі грек эпосының ауқымды экранизациясы. Фильмде Одиссей рөлін Мэтт Дэймон, Пенелопаны - Энн Хэтэуэй, ал Телемахты Том Холланд сомдаған. Туынды қазір кинотеатрларда көрсетіліп жатыр және жылдың басты кинопремьераларының біріне айналды. "Одиссеяның" ежелгі нұсқасында да, заманауи экранизациясында да ең танымал эпизодтардың бірі - кейіпкердің теңіз құдайы Посейдонның ұлы, бір көзді циклоп Полифеммен кездесуі.
Депегез (Төбекөз) аққу кейпіндегі пері анадан туады. Эпоста оның әкесі ретінде пері қызды зорлықпен иемденген бір шопан аталады. Бірақ жырда Депегезді тауып алып, асырап алатын Аруз есімді бек (князь) де бар. Депегезді болашақта жеңетін Бисаттың Аруздың ұлы екенін ескерсек, циклоптың да әкесі Аруз болған деп топшылау қисынға келеді.
Сурет нейрожелі көмегімен жасалған
Аққу ана және қаншыр: кейіпкерлердің туылуыҚазақ фольклорында ер адамның (жауынгердің, дәруіштің, бектің) және аққу-қыздың некесінен (қандай да бір дәрежеде мәжбүрлі) кейіпкердің туу мотиві өте кең таралған. Және бұл көбінесе шежірелік аңыздың бастауы болып табылады. Аңыз бойынша, мұндай некеден қазақтың арғы атасы Қазақ та, басқа да көптеген көрнекті тұлғалар дүниеге келген. Бірақ оғыз эпосында циклоп туады. Мифтағы оның шынайы табиғаты қандай?
Айтпақшы, циклоп Полифемнің шығу тегі өте жоғары, ол іс жүзінде құдай текті - ежелгі грек теңіз құдайы Посейдон мен теңіз нимфасы Фоосаның ұлы. Фоосаны түркілік су перісімен (аққу кейпіндегі су перісі - автор ескертпесі) шендестіруге әбден болады.
Депегезді болашақта жеңетін Бисат кішкентай кезінде асығыс көш кезінде адасып қалады. Оны қаншыр (арыстанның ұрғашысы) тауып алып, емізіп, өсіреді. Кейін Депегез сияқты оны да адамдар тауып алады - Аруз өзінің жоғалған ұлын таниды. Бисатты ұстап алғаннан кейін ол ұзақ уақыт бойы "жабайы мінез танытады". Яғни, Аруз бек іс жүзінде екі "жабайы" ұлды - аққудың ұлы мен қаншырдың асырандысын бауырына басады, кейін оның бірі екіншісін өлтіреді.
Түркілердегі циклоптан құтылу жолы және оның осал тұсыПері анасы сыйлаған жүзіктің арқасында Депегезге ешқандай қару өтпейді. Оның алып денесіндегі жалғыз ғана нүкте - жалғыз көзі ғана жарақаттануы мүмкін (тура мағынасында: "көзінен басқа жерде еті жоқ" - яғни көзінен басқа жерінің бәрі тас болып қатқан). Үңгірден тек циклоптың сол көзін шықпырту арқылы ғана құтылуға болады.
Циклопты көзінен айырған Бисат (Одиссей сияқты) үстіне қой терісін жауып алып, оның аяғының астынан өтіп шығады (тағы да Одиссей сияқты). Түркі мифологиясында бұл Бисаттың Депегезден қайта туылуын бейнелейді. Жеңілген Депегездің сұрағына жауап бере отырып, Бисат өзінің әкесі - "жуан ағаш", ал анасы - "арқыраған арлан" екенін айтады.
Циклоп оған қару өткізбейтін ететін жүзігін, қазынасын және семсерін береді. Бисат семсер ілулі тұрған бағалы шынжырды садақпен атып үзіп, сол қарумен Депегездің басын шауып алады.
Күннің көзі: неге циклоп - бұл күнБашқұрттарда аққу - Ұмай ананың ипостасы. Менің болжамым бойынша, ол ежелгі дәуірде күнді білдірген. Мифологиядағы бір көзді мақұлық көбіне күнді бейнелейді. Қазақтардың күнді әлі күнге дейін "күннің көзі" деп атайтынын еске сала кетейік.
Серікбол Қондыбай (қазақстандық мәдениеттанушы - ред. ескертпесі) Төбегөздің күндік, яғни отты табиғатын дәлелдеп қана қоймай, бұл бейненің өлілер патшалығы мен астыңғы дүние құдайларына жақындығын талдаған. Атап айтқанда, сібір түркілерінің мифологиясындағы Ерлікпен, иран мифологиясындағы алғашқы адам - Йимамен, үнді мифологиясындағы ажал құдайы - Ямамен ұқсастығын қарастырды.
Көрде туғандар: Көроғлы, Көртегін және солярлы қаһарманТөбегөз (Депегез) үлкен былғары қаптың ішінде немесе шаранамен бірге туады. Әлкей Марғұлан (қазақстандық археолог және фольклортанушы - ред. ескертпесі) мұндай дүниеге келуді үңгірде немесе көрде аса қуатты тылсым күш иесінің тууымен шендестіреді.
Бұл тұрғыда ол Төбегөзді Қорқыт, Көроғлы, Көртегінмен салыстырады. Көроғлы - түркі халықтарына кең тараған эпос кейіпкері, оның есімі "көрде туған" деген мағынаны білдіреді.
Қондыбай бұл есімнің этимологиясын көрмен (моламен) емес, "көру" сөзімен байланыстырады және бұл бейнені солярлы мифологияның сарқыншағы деп есептейді. Яғни, бұл - түркі фольклорына тән көрде (үңгірде) туатын күннің (солярлы қаһарманның) орнықты бейнесі.
Жапон мифологиясындағы күн құдайы Аматэрасу да үңгірден шығады. Күн сәулесін, серт пен достықты, әділдікті бейнелейтін ежелгі үнді-иран құдайы Митра да тастан жарып шығады. Демек, түркінің бір көзді дәуі Төбегөз де солярлы құдай болғаны ма?
Мифтің күрделі логикасыАрыстан да күннің символы екені белгілі. Осылайша, Төбегөз бен Бисат та табиғаттан тыс жолмен туған (немесе қоректенген), екеуі де солярлы символикаға ие және екеуінің де әкесі (нағыз немесе өгей) - Аруз. Бисат символикалық түрде Төбегөзден "туады" және оны өлтіреді.
Бұл өте күрделі схема, бірақ мифологиялық логикаға сүйенсек (ал мифологиялық ойлаудың өз логикасы бар), мұнда біртұтас бастаудан дуальді (қос) негіздердің жаралу схемасын көруге болады.
Төбегөз туралы мифтің құрылымы негізінен Мирча Элиаде (румын дін және миф тарихшысы - ред. ескертпесі) сипаттаған "қаза тапқан құдай" бейнесіне сәйкес келеді. Көрнекті мифологтың теориясы бойынша, құдайларды екі санатқа бөлуге болады:
әлемді жаратып, сосын одан алыстап тынығатын жаратушы құдай; екінші буынды бейнелейтін "қаза тапқан құдай".Бұл құдай немесе мақұлық беймәлім жақтан келеді және онымен бірге ажал келеді. Ол адамдарды бағыштау (инициация) мақсатында өлтіреді немесе жейді, ал адамдар бұл әрекеттің мәнін түсінбегендіктен, соңында оның көзін жояды.
"Осы тылсым иенің келуі, әрекеттері мен өлімі туралы миф жасырын бағыштау (инициация) рәсімдерінің сценарийіне айналады. Бұл рәсімдерде тылсым ие оның денесін немесе дауысын білдіретін киелі бейне немесе зат түрінде қатысады", - делінген Мирча Элиаденің "Миф аспектілері" атты кітабында.
Байқап қарасақ, әлемдік діндердің бірі іс жүзінде осы мифті қайталайды ("алыңдар, жеңдер, бұл - Менің Тәнім... ішіңдер, бұл - Менің Қаным...", Інжілден үзінді - ред. ескертпесі).
Бектердің жаппай қырылуы: бағыштау ма рәсім бе, әлде құрбандық па?Егер Төбегөз туралы мифті инициация (бағыштау, жоғары мәртебеге ие болу) мифі ретінде талдап көрсек, ең алдымен Төбегөздің көптеген атақты бектерді өлтіретінін айту керек.
Тәжірибелі жауынгерлердің мұндай жаппай қырылуы "Қорқыт ата кітабы" эпосының тек осы бөліміне ғана тән деуге болады. Басқа бөлімдерде Қорқыттан есім алатын жас жауынгердің алғашқы ерлігі, яғни жауынгерлер мен аңшылар қатарына қабылдануы - инициацияның бірінші сатысы немесе екінші мәрте тууы туралы айтылады (инициация рәсімдерінің терминологиясы бойынша бірінші туу - анадан туған қарапайым туылу).
Тәжірибелі жауынгерлер бұл алғашқы сатыдан әлдеқашан өткен, сондықтан олардың үңгірде Төбегөздің қолынан қаза табуын инициация деп қарастырсақ, бұл жауынгерлік бағыштаудың немесе инициацияның әлдеқайда жоғары сатысы - "үшінші мәрте туу" туралы болуы тиіс.
Төбегөзді жеңуші оның Күн-көзін теседі, бұл - "кейіптер үңгірінен" шығудың жалғыз жолы. Бұл - ұмытылған көне түркілік "ұлы мистириялардың" ритуалдық сценарийі.
Сурет нейрожелі көмегімен жасалған
Көрдегі түн: Абылай хан батырларды қалай сынағанБатырдың көрде, үңгірде немесе былғары қап ішінде тылсым жағдайда тууы туралы мотивті қарастыра отырып, Марғұлан былай деп жазады:
"Бұл наным қазақ даласында сондай күшті болған, тіпті XVIII ғасырда Абылай хан жас батырларын ержүрек әрі қайсар етіп тәрбиелеу үшін, оларды сынау мақсатында иен даладағы жалғыз ескі молаларға түнде жалғыз қалдыратын болған. Жас жауынгер келгенше, моланың ішіне кебін киген аты шыққан батыр жасырынып жататын. Түнде молаға жас сарбаз келгенде, кебін жамылған батыр ақырып моладан атып шығады. Егер жас жауынгер қорықпай батылдық танытса, моладан шыққан "әруақпен" айқаса бастаған".
Әлкей Марғұланның ХХ ғасырдың екінші жартысында жазып алған бұл таңсық салты, іс жүзінде, атты көшпелілер өркениетінің мұрагерлері – қазақтар мемлекеттілігі мен жауынгерлік одақтардың үздіксіз дәстүрін сақтап тұрған кезге дейін өмір сүрген ежелгі инициациялық (сынақтан өткізу) рәсім туралы екі ғасыр бойы халық жадында жартылай ұмытылып сақталған естелік екені анық.
"Кіші" және "ұлы" мистериялар: батырдың екі мәрте туылуыЖас жауынгер түнде жалғыз ескі молаға қонуға келеді және моладан шыққан "әруақпен" шайқасады. Бүгінгі күнге дейін қазақтарда емделу немесе ерекше қасиет (мысалы, күйшілік өнер) дарыту, бата алу және тағы басқа мақсаттарда "әруағы" бар әулиелердің немесе белгілі тұлғалардың басына түнеу салты сақталған.
Екінші жағынан, аты шыққан батыр (яғни бірінші инициациядан әлдеқашан өткен адам) кебін киіп, "әруақ" кейпінде қайта тірілу үшін жалғыз, ескі молаға жатады. Ол үшін бұл жай ғана киінген қойылым емес, өз деңгейіндегі жоғары сатылы инициация рәсімінің бір элементі.
Батыр молада "өледі" де, оның ішінен "рух", "көрұғлы" - Көрұғлы, Көртегін ретінде "қайта туады". Символикалық түрде ол көрінетін ғаламның қабірін тастап, рухқа айналады, рухтан туады, ал ақ кебін оның осы жаңа күйін білдіреді. Яғни, бұл рәсімде жас жауынгер "кіші мистериялар" кезеңінен өтсе, тәжірибелі батыр үшін бұл "ұлы мистериялар" кезеңі болып табылады.
Ескерту: бұл туралы толығырақ Зира Наурызбайдың "Вечное небо казахов" кітабындағы "Қазақтардың инициациялық мифтері мен рәсімдері" бөлімінен оқи аласыздар.
Эпилог орнына: Гомердің циклопы – көмескі көшірме ме?"Қорқыт ата кітабындағы" Төбегөз - бұл даңқты жауынгерлерді сынақтан (инициациядан) өткізетін күн құдайы.
Прототүркілерден алынған Төбегөз бейнесі Гомер эпосында ақымақтау әрі қатыгез циклопқа айналған.
Бірақ оның текті шығу тегі туралы жады сақталып қалды және оның терең табиғаты тек түркі мұрасына жүгінгенде ғана ашылуы мүмкін.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін
Аударған: Дина Шәріпхан
Автор туралы: Зира Жетібайқызы Наурызбаева (Зира Наурызбай) - қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, қазақ тілінен орыс тіліне аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты (PhD). Бірқатар балалар кітабы топтамасының авторы. С. Қондыбайдың "Арғы қазақ мифологиясы" атты төрт томдығын, Т. Әсемқұловтың "Талтүс" романын және басқа да туындыларды қазақ тілінен орыс тіліне аударған. Ағылшын тіліне аударылған "Күндес" әңгімесі АҚШ-та Best Asian Short Stories 2019 лауреаты атанды. "Алтын Адам - Жыл адамы" (2014) ұлттық сыйлығының лауреаты, "Парасат" орденімен (2022) марапатталған. Otuken мәдениетті дамыту қорының құрылтайшысы, "Охотники за петроглифами" ҚҚ қоса құрылтайшысы.
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу