Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Чемпионаттың тұсауын рапидшілер кесті. Құрамында әзербайжандық Шахрияр Мамедьяров, ресейлік Александр Грищук, мажарстандық Рихард Раппорт және Бибісара Асаубаева, Қазыбек Нөгербек, Алдияр Аңсат, Меруерт Камалиденова, Құмар Тюлюповтей дүлдүлдері бар еліміздің «KazChess» клубы тұсаукесер кездесуінде биылғы жылғы «Үміткерлер турнирінің» жеңімпазы Жавохир Синдаров бастаған Өзбекстан құрамасын 3,5:2,5 есебімен ұтып, бірден көш басына шыққан еді. Сол секілді «Barys» та байрақты бәсекені қарқынды бастады. Олар бүгінгі таңда төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылып отырған Магнус Карлсен жетекшілік ететін «WR Chess» клубын 4:2 есебімен қапы қалдырды. Бұл команданың намысын тәжірибелі гроссмейстерлер – Петр Свидлер, Дмитрий Андрейкин (Ресей), Алуа Нұрман, Ксения Балабаева, Айлым Зарқын, Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Даниял Сәпенов, Ерғали Сүлеймен сынды қазақтың дарынды ұл-қыздары қорғады.
Біразға дейін тізгінді ешкімге бермеген «KazChess» жарыс соңына қарай жүрісінен жаңыла бастады. «Barys» та ала-құла өнер көрсетті. Нәтижесінде, біздің елде жасақталған командалар жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Қорытынды есепте «KazChess» 8, «Barys» 12-орынды қанағат тұтты. Бас жүлдені «Dragon Chilling» (Қытай) олжаласа, «Team MGD1» (Үндістан) мен «Hexamind Chess Team» (ФИДЕ) күміс пен қола медальды иеленді. ФИДЕ командасының сапында бұл күндері Лондонда білім алып жатқан қазақтың әуесқой ойыншысы Мұрат Омаров өнер көрсетті.
Блиц бәсекесінде де жерлестеріміздің жолы болмады. Қос командамыз да 1/8 финалда сүрінді. «KazChess» Үндістан, «Barys» Қытай өкілдеріне есе жіберді. Сөйтіп, біздің шахматшылар Гонконгтан олжасыз оралды.