Грант, сыйлық, шәкіртақы: Дарынды жастардың дамуына жол ашатын бастамалар

07.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгінде «Дарын» сыйлықтың лауреаттары саны 380 адамға жетті. Сыйлық иегерлеріне лауреат атағымен бірге, арнайы диплом, төсбелгі және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылдан бері жыл сайын 3 миллион теңге көлеміндегі «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты беріледі. Грант жас қазақстандықтардың тың идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған. Осы уақытқа дейін 153 жас аталған грантқа ие болды. 

Мәдениет пен өнерге еңбек сіңіріп жүрген азаматтар да мемлекеттік қолдаудан тыс қалған емес. Жыл сайын мәдениет саласының 75 өкіліне мемлекеттік стипендия тағайындалады. Биылдан бастап стипендия көлемі екі есеге ұлғайтылып, 5 миллион теңгеге жетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздарға «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы тағайындалады. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ынталандырудың жаңа тетіктерін әзірлеп жатыр. Жоспарға сәйкес, музыка, театр, хореография мен балет, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, сондай-ақ кино және анимация салалары бойынша сыйлық иегерлерін арнайы сараптама комиссиясы айқындайды.

Дарынды жастарды қолдауға арналған платформа іске қосылады

Қоғамда дарынды жастардың халықаралық деңгейде танылуына да ерекше көңіл бөлінеді. Отандық студенттер, магистранттар, оқытушылар мен мәдениет саласының қызметкерлері «Болашақ», Erasmus+, DAAD, Fulbright, Chevening және өзге де бағдарламалар арқылы білім алып, тағылымдамадан өте алады.

Бүгінде «Креативті индустрия, шығармашылық және өнер» бағыты бойынша «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары Royal Conservatoire of Scotland, University of Reading, Stanford University және New York Film Academy секілді жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. 

Сонымен қатар бірқатар беделді халықаралық шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарына гранттар беріліп, шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарына конкурссыз түсу мүмкіндігі қарастырылған. Оған музыка, вокал, балет, хореография және орындаушылық өнер салаларындағы халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары қатыса алады.

Дарынды жастар конференциясы

Дарынды жастарды қолдау тек мемлекеттік бағдарламалармен ғана шектелмейді. Бұл бағытта шығармашылық мектептер, фестивальдер, байқаулар, білім беру жобалары, қоғамдық және қайырымдылық қорлар да белсенді түрде жұмыс атқарып жатыр. Соның жарқын мысалдарының бірі – 2024 жылы құрылған BIRLIK көпұлтты ән-би ансамблі. Іріктеу қорытындысы бойынша ансамбль құрамына Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінен құралған 20 үздік биші мен музыкант қабылданды.

Жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер ұсыну тұрғысында Креативті индустрияларды дамыту қорының да рөлі ерекше. Қор дарынды жастарды анықтауға және қолдауға, инвестиция тартуға, салалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ қазақстандық креативті өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға күш салып келеді.

Айта кетейік, жыл сайын шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарында білім алуға 1000-нан астам, ал колледждерде оқуға 500-ден астам грант бөлінеді.

Дарынды жастар дебюті

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью