Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Үндістан билігі «Cyber Hunt» («Кибераң») кодтық атауымен өткен операция нәтижесінде халықаралық желінің әшкереленгенін қаңтар айында хабарлаған.
Тергеу мәліметінше, схема былай жұмыс істеген: Дубайда орналасқан үш оператор цифрлық әмияндар, банк арналары және делдал платформалар арқылы ақша қозғалысын бақылап отырған, ал Грузиядағы негізгі үйлестіруші әртүрлі юрисдикциялар арасындағы транзакцияларды басқарған.
Қаражат алдымен Раджастхандағы жалған шоттарға түсіп, кейін ізін жасыру үшін әртүрлі қаржылық құралдар арқылы дереу шығарылып отырған.
Іс бойынша екі негізгі күдікті Гуджарат штатында ұсталды, екеуі де құқық қорғау органдарының назарына іліккеннен кейін елден кетуге әрекет жасаған. Олардың бірі — жеке банктің қызметкері Каушал Кумхар, ол қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, көптеген банк шоттарын жаппай ашуға көмектескен.
Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін қоғамдық орындарда — университеттердің маңында, адам көп жүретін көшелерде және вокзалдарда уақытша киоскілер мен шатырлар орнатып, «мемлекеттік жеңілдіктер» немесе «қаржылық көмек» уәде ету арқылы жинаған.
Шот иелері, негізінен, табысы төмен жұмысшылар, жұмыссыз жастар мен студенттер, өз шоттарының күмәнді операциялар үшін пайдаланылып жатқанын білмеген.
— Шоттар тек транзиттік арна ретінде қолданылды. Ақша түскен бойда бірден шығарылып отырған, — деді тергеуге қатысқан аға офицер.
Полиция тергеуді жалғастырып жатыр: құқық қорғау органдарының назарында басқа банк қызметкерлері, шот ашу агенттері және қаржылық делдалдар да бар. Үндістан тұрғындарына құжаттарын бейтаныс адамдарға бермеу, шот ашудың мақсатын мұқият тексеру және күмәнді операциялар туралы киберполицияға дереу хабарлау жөнінде ескерту жасалды.
Айта кетелік Түркістан облысында интернет-алаяқтарға ұрынғандар 1,6 млрд теңгесінен айырылған еді.