Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
«Ұлы далада өндіріліп, күллі әлемге таралды».
Дубайда осындай атауман Қазақстанда шығарылатын тамақ өнеркәсібі өнімдерінің біртұтас павильоны ашылды.
Халықаралық «GulFood» (галфуд) көрмесі аясында ұйымдастырылған іс-шара шетелдіктердің ерекше қызығушылығын тудырды. Ашылу рәсімі қазақы нақышта өтті. Шашу шашылып, ұлттық ойын асық ойналды. Үлкендер бата беріп, сәт сапар тіледі. Шығанақ нарығына тамақ өнімдерін кең саудалауды көздеген отандық кәсіпкерлердің бастамасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан қолдау тапқан. Ал әмірліктегі қазақ дипломатиялық миссиясы жергілікті серіктестермен арнайы келісімдер жасасуға жол ашты. Айта кеткен жөн, көрме алаңын жалға алу, стенд орнату, өнімдерді жеткізу және басқа да шығындар бизнес өкілдері есебінен өтелген. Осы арқылы олар экспорттық әлеуетті арттыруға толықтай дайын екенін аңғартып отыр.
Баян Жомартова, күріш өндіру компаниясының сату жөніндегі директоры:
- «GulFood»-та Қазақстан қонақ емес. Ең мықтылардың қатарында тұрмыз. Премиалды күріш әкелдік. Күрішімізді ұсынып отырмыз. Бізге бұл үлкен мәртебе. Өйткені ең үздік тауарлар, брендтер осы «GulFood»-та кездеседі.
Аманбай Оралов, Шырын өндіру компаниясының басшысы:
- Алматы алмасынан таза алма шырынын өндіреміз. Сонымен қатар алма чипсі, алма езбесін жасаймыз және жаңадан алма өнімінен пастилаж шығарып жатырмыз. Қазақстанның өнімін бүкіл әлемге таныс қылып, өзіміздің Қазақстанның дәрежесін көтеруге атсалысып жүрген адамдармыз.
Жалпы «GulFood» Таяу Шығыс және Шығанақ нарығында тұрақты түрде өткізілетін көрме. Биыл 31-рет ұйымдастырылды. Бұл жер тамақ өнімдерін шығарушы компаниялар мен жеткізушілердің арнайы іскерлік алаңы іспетті. Осы жылдың өзінде көрмеге 195 мемлекеттен ірі тауар өндірушілер жиналды. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, ұлттық павильон құрды. «Мақсат – отандық бизнестің Шығанақ нарығына шығуына көмектесіп, бөлшек сауда және «HoReCa» желілерімен тікелей байланыс орнатуына жағдай жасау. Бұл міндет сырт елдермен алыс-берісті арттыру жөніндегі мемлекет мүддесімен үндес»,- дейді мамандар.
Нұрсәуле Дүйсенбиева, қазақстандық экспортты қолдау қорының атқарушы директоры:
- Біз Қазақстан ретінде осы көрмеге ең алғаш рет қатысып отырмыз. Бұл көрмеге біздің Қазақстаннан ет, сүт, сусын, бидай дақылдарын өндіретін 30 компания қатысып отыр. Байерлер, ритейлдар, «HoReCa» компаниялары тартылуда.