Гүлмира Әбіқай Атыраудағы резонансты іске қатысты пікір білдірді

26.02.2026

Arasha.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Журналист Гүлмира Әбіқай Атырау облысында жұмбақ жағдайда қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ісіне қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Ақбаян… Қарап отырып, енді өз ата-анасын өлтірді деген күдікке ілінді. Ертең туған бауырларын да жоқ қылған өзі болуы мүмкін. Әлде Сұлтан бәрін әйелінің қолымен істеткен бе? Бесінші баласын босанғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, әлсіреп жүрген әйелді басқару оңай. Босанғаннан кейінгі депрессия – жеңіл нәрсе емес. Мүмкін, Сұлтанның ойындағы жоспар жаңа босанған келіншекті “жын кірді” деген сылтаумен бір жыл бойы сүйреген кезден басталған шығар», – деп жазды журналист.

Осы арада Атырау облысында резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша жаңа мәлімет белгілі болды. Индонезияның Ломбок аралында ұсталған марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін із-түзсіз жоғалған отбасының күйеу баласы мен қызы шетелде қолға түскені хабарланған еді. Әйел осы уақытқа дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған.

Еске салайық, 2025 жылдың күзінде Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кеткен. Кейін іздеу жұмыстары барысында 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған жұбайы Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласынан көмілген күйде табылды.

Ал олардың балалары – 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар санатында.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасуда. Күдіктілердің бірі саналатын күйеу бала Индонезияда ұсталған. Енді марқұмдардың қызы да осы іс аясында күдікті мәртебесіне ие болды.

Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Резонанс тудырған бұл іс қоғам назарында қалып отыр.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью