Гүлмира Амангелдіқызы: Оның әр шумағында жүрек соғысы жатыр

18.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

– Ағаны алғаш көрген кезіңіз есіңізде ме?

– Әрине, өте жақсы есімде. Нұрлан Мәукенұлымен тағдыр бізді мектеп қабырғасында та­быс­тырды. Ол Зайсан ауданының Жамбыл ауылындағы сегізжыл­дық мектепті бітіріп келді, ал мен Сарытерек ауылында өсіп, сол жердегі мектепті тәмамдап, кей­ін аудан орталығындағы Ломо­носов атындағы орта мектепке ауыстым. Сөйтіп, 9-10-сынып­тарды бірге оқып, бір сыныптың оқушысы болдық.

Сол кездің өзінде Нұрлан қатарластарынан өзгеше көріне­тін. Артық сөйлемейтін, ешкімге өзін көрсетуге ұмтылмайтын. Бірақ оның ой-өрісінің кеңдігі, кітапқа құмарлығы, сөзге деген жауапкершілігі бірден байқа­латын. Біз мектепті бірге аяқтап, 1979 жылы үлкен арман жетелеп Алматыға аттандық. Нұрлан ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түссе, мен Нархоз институтының студенті атандым. Сол күндер біздің өміріміздің ең жарқын кезең­дерінің бірі болып қалды.

– Жоғары оқу орнын  бітірген соң, ауылға қайта оралған екен­сіздер. Не себепті?

– ҚазМУ-ды  бітірген соң Зайсандағы аудандық «Достық» газетіне тілші болып жұмысқа орнықты. Бірте-бірте бас редак­торлыққа дейін көтеріліп, кейін аудандық баспа үйінің директоры болды. Одан соң аудандық пар­тия комитетінде еңбек етті.  1990 жылы Алматыдағы Жоғары пар­тия мектебіне оқуға жіберілді.Сол жылы Зайсанда жойқын жер сілкінісі болып, ата-енемнің үйі қирады. Өзіміз тұрған екі қа­батты үйдің қабырғасы жарылып, қазақ үйде тұруға мәжбүр бол­дық. Нұрлан жоғары партия мектебінің ректоры Әбдеш Қал­мырзаевқа кіріп жағдайымызды айтқанда, ол кісі бірден қолдау көрсетіп, Алматыдағы қазіргі Достық даңғылы мен Абай көше­сінің қиылысындағы ғимараттан (қазіргі КИМЭП орналасқан орын) үлкен бөлме бергізді. Кең бөлмені бөліп, шағын шаңы­раққа айналдырдық. Партия мектебін аяқтаған соң ауылға барып қызмет атқарамын деп жүрген тұста Кеңес өкіметі ыды­рады. Заман өзгерді. Сол кезде Нұрлан: «Алматыда қалайық, өлеңімді жазып, әдеби ортада жүруім керек. Мен – ақынмын ғой», – деп шешім қабылдады. Жазушы­лар одағына мүше бол­ып, мүш­әйраларға қатысты. «Жас қа­зақ» газетіне қосымша жұмысқа тұрды. Ол кезде бас редактор ақын Ұлықбек Есдәу­летов еді. Редакцияға мені де есепші етіп алды. Осы газетте партия мекте­бінде бірге оқыған досы Ғалым Жайлыбай, Есжан Айнабеков (марқұм), Темірғали Көпбаев сияқты  азаматтар қыз­мет атқар­ды. Сол кездегі жастар бір-бірі­мен жарыса өлең жазып, үлкен ағалардан тәлім алды. Ұлықбек Есдәулетов, Иранбек Оразбаев, марқұм Темірхан Ме­дет­бек, Рафаэль Ниязбек, Жәр­кен Бөдеш сынды ақындар ақыл­дарын айтып, шыңдалуына ық­пал етті. Өз замандастары – Ғалым Жайлы­бай, Қасымхан Бегманов, Темір­ғали Көпбаев, Әбділдабек Салық­баев, Марал­тай Ыбыраев, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Жанар­бек Әшімжан сынды қаламгер­лермен араласты.

– Ақынның мінезі қандай болды?

– Нұрлан өте сабырлы, сал­мақты адам еді. Сырт көзге тома­ға-тұйық көрінетін. Көп­шілік оны қаталдау қабылдайтын шы­ғар, бірақ оның ішкі жан дүниесі мүлде басқа болатын. Ол ешқа­шан орынсыз дауыс көтермейтін, біреуді ренжітетін сөз айтпайтын. Барлығын байыппен ойланып барып сөйлейтін.

Ол үшін адамдық қасиет бәрі­нен жоғары тұрды. Адал­дықты ерекше бағалайтын. Досына да, туысына да, қыз­меттесіне де бірдей әділ болды. Сондықтан да оны жақын таны­ған адамдар Нұрланның міне­зін­дегі ұстамдылық пен парасатты ерекше құрметтейтін.

–Ағаның ең жақын достары кім еді?

– Нұрлан адамгершілігі мол, парасатты, үлкен-кішімен тіл табыса білетін, мәдениеті жо­ғары жан еді. Марқұм Асқар Сүл­ейменов те бір сөзінде: «Өлең­дері де «шик», өзі де «шик», жылқыдай сұлу азамат екенсің», – деп бағасын берген еді. 1993 жылы сол кездегі әкім Заманбек Нұрқаділов 20 мың қазаққа тегін жер бергізді. Біз де Таугүлден жеті сотық жер алдық. Бұл жер алғашында қызыл қыз­ғалдақ көмкерген алқап еді. Жиырма жылға жуық асарлатып жүріп үй салдық. Құрылыс ма­териалын табу қиын заман бола­тын. Ал 1997 жылы Нұрлан ауыр ота жасатып, денсаулығына байла­нысты мүгедектік рәсім­делді. Арагідік қан қысымы көтері­ліп, жүрегі мазалайтын. Бірақ өлеңнен қол үзбеді. Мүш­әйралардан жүлдесіз қайтқан емес. Абайдың 150 жылдығында жүлделі орын алды. «Түркі әлемі» поэзиясында екінші орын ие­ленді. «Бойтұмар», «Құсни хат» жинақтары жарық көрді. «Құсни хат» кітабы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Ол кезде небәрі 41 жаста еді. Уақыт өткен сайын Нұрланның жоқтығы бұрынғы­дан да қатты сезіледі. Бірақ оның өлеңдері, адамгершілігі, өмірлік ұстанымы бізге жұбаныш болып қалды. Мен үшін Нұрлан – тек қазақтың талантты ақыны ғана емес, адал жар, қамқор әке, үл­кен жүректі азамат болып мәңгі есте қалады.

– Өлең мен өмірдің арасында айырмашылық бола ма?

– Меніңше, шынайы ақын­ның өмірі мен өлеңі бір-бірінен алыс болмайды. Нұрланның өзі соның дәлелі еді. Ол бала күнінен кітапқа құмар болып өсті. Газет-журналдарды қалдырмай оқып, түрлі тақырыпта мақалалар жаз­ып, өлең шығара бастады. Оның ақындық қабілеті кейін емес, өте ерте қалыптасты.

Үйдегі үлкендердің айтуын­ша, жеті баланың ішінде Нұрлан ерекше зерек болған. Әжесі де, ата-анасы да оның өзгеше бол­мы­сын ерте байқаған екен. Кейде ақындық қасиет адамның бойына Алланың берген ерекше сыйы сияқты көрінеді ғой. Нұр­лан­ның бойынан да сондай табиғи талант анық сезілетін.

– Өлең жазып отырғандағы ақынның бейнесі жүрегіңізде қалай сақталды?

– Нұрлан көбіне түнде жұмыс істейтін. Үйдің іші тып-тыныш болғанын қалайтын. Шабыт кел­ген кезде ештеңеге алаңдамай, ұзақ отырып жазатын. Өлеңін аяқтаған соң міндетті түрде мені оятып: «Тыңдап көрші», – дейтін.

Мен кейде ұйқылы-ояу отыр­ып тыңдайтынмын. Бірақ ол үшін ең маңыздысы – жақын адамының пікірін білу еді. Сол сәттер қазір ойласам, шығарма­шылық адамының ішкі әлемін көрсететін ерекше көріністер екен.

– Ақын өлеңі арқылы өмірін жазады дейді. Оның өлеңдерінен мұң сезетін бе едіңіз?

– Иә, әсіресе өмірінің соңғы кезеңінде жазған өлеңдерінде мұң басым болды. Кейде қоштас­қандай, өмірдің өткіншілігін терең сезінгендей әсер қалды­ратын. Ол маған: «Ақындардың ғұмыры ұзақ бола бермейді. Сен әрдайым дайын бол. Балаларға керексің», – деп айтатын.

Мен ондай сөздерді қабыл­дағым келмейтін. «Неге бұлай айтасың? Өлеңдерің де мұңайып кетті. Махаббат жайлы, өмір жайлы көбірек жазсаңшы», – дейтінмін. Сонда ол: «Өлеңде­рімді асықпай оқы. Сонда түсінесің», – деп жауап беретін.

Қазір сол сөздерін еске алған­да, расында да жүрегі бір нәрсені сезгендей әсерде қаламын.

Нұрланның жырларын кейде қайта парақтап отырып, оның әр шумағында жүрек соғысы жат­қанын сеземін. Өмірге, адам­ға, махаббатқа деген көзқарасы қан­дай таза, қандай шынайы еді… Сол әлем әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Әдебиетші ғалымдар назар аударып, ақын поэзиясы­ның табиғатын ашса, оның ли­ри­касы жаңа қырынан танылар еді. Әсіресе сезімге құрыл­ған нәзік өлеңдеріне әуен жазылып, сахна төрінде шырқал­са – жыр­дың ғұмыры ұзара түсер еді.

– Балаларына, отбасына деген мейірімі қандай еді?

– Нұрлан үшін отбасы бәрі­нен қымбат болатын. Балаларын ерекше жақсы көрді. Қыздарына – Гүлрең мен Гүлден, ұлына – Наздан деген есімдерді де өзі қойған. Әрқайсысына арнап жүрекжарды өлеңдер жазды.

Әкелік мейірімі өте ерекше еді. Балаларының тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарай­тын. Маған қалдырған ең үлкен аманаты да осы болды. «Бала­ларды жақсы тәрбиеле. Ең бас­ты­сы – адам болсын», – деп жиі айтатын. Сол сөздер бүгінге дейін менің өмірлік ұстанымыма айналды.

– Ұлы Назданның да ғұмыры ерте үзілді. Ұлыңыздың қазасы да жаныңызға қатты батқан шығар.

– Назданым ерте есейді. Әке­сіне Құран бағыштап отыра­тын. Нұр-Мүбарак университетіне түсті. Бакалавр мен магистра­ту­раны қызыл дипломмен тәмам­дап, 25 жасында докторантураға қабылданды. Құлыным-ай, қай­тейін, ғұмыры сонша қысқа бола­ды деп кім ойлаған?! Әкесі ерте кетті, небәрі 43 жасында деп жүргенде, ол 26-ақ жасында, мезгілсіз бұл өмірмен қоштасты. Жүрегі тоқтап қалды. Әкесі сияқ­ты өте талантты, білімге құш­тар, көп оқып, көп білетін. Ойлаған арманы көп еді. Амал қанша?! Аллаға қарсы тұра алма­дық. Артында қос құлыны – Әбдірахман, Ілияс қалды. Келін­ім Жанерке бар. Осыларға көр­ме­ген, көре алмай кеткен қызық­тарын, шыға алмай кеткен шыңдарын бағындыруды нәсіп етсін. Алладан қалғандары аман болса екен деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью