Ғылым баспалдағы оқушыны жетілдіреді

16.04.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Келешекте ең қымбат валюта мұнай да, алтын да емес, кәдімгі су болуы кәдік. Тіршілік көзіне сұраныс артқан сайын саяси және экономикалық шиеленіс ширығып барады. Сарапшылардың дерегінше, 2040 жылға қарай суға деген жаһандық сұраныс 40 пайыздан асып кетуі ықтимал. Бұл жағдайда су ресурсын тиімді басқаратын жаңа технологияның маңызы арта түседі.

Ал мұндай технологиялардың пайда бо­луы экологиялық мәдениеті қалып­тас­қан жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланыс­­­­­ты. Осы ойдың растығын «Жер­де­гі ең бас­ты ресурс – су» деген тақырыпта өткен ғылыми фестивальға барып анық аңғардық.

Сол күні ЭКСПO алаңында халық ерекше көп болды. Павильонның сыртында қолдан жасаған макеттерін мәпелей көтерген оқушыларды көрдік. Ата-аналары да қасында. Шамасы, фес-тиваль аспан астында өтеді екен ғой деп ойлап үлгердік. Жоқ, жақындасақ олай емес екен. Сырттағы қараң-құраң кісілер жобаларын таныстыруға кезекке тұрған қатысушылар болып шықты. Негізгі көрініс іште қайнап жатыр. Кіріп барсақ, тамшының бейнесіндегі аниматорды бір топ бала алқалап алыпты.

Жандарына барып құлақ түріп едік, әлгі тамшы судың қасиетін баяндап тұр: «Мен – тіршілік көзімін. Өсімдіктер де, адам да, жануарлар да менсіз өмір сүре алмайды. Мен екі кішкентай бөлшектен тұрамын. Бірі – сутегі, бірі – оттегі. Сутегі – жеңіл, көзге көрінбейтін газ. Оттегі – тыныс алуға қажет ауа. Осы екеуі қосылғанда мен пайда боламын», деп балаларға қарапайым тілмен түсіндіріп тұр. Айтып жатқаны сол еді кішкентай бүлдіршін «тамшыны» құшақтай алды. Тамшы да оған құшағын айқара ашты. Алқалап тұрған балалар қарап тұрсын ба? Тамшыны құшақтауға олар да тұра ұмтылды.

Сол сәтте риясыз көріністің куәгері болдық. Балалар «тамшыны» ғана емес, тұтас табиғатты құшақтағандай әсер қалдырды. Сірә, суға деген құрмет те, жауапкершілік те дәл осындай қара­пайым сүйіспеншіліктен басталса керек. Экологиялық мәдениет те оқулықтағы анықтамамен емес, жүректен шыққан ықыласпен қалыптасады. Ғылым да жалаң есептен емес, қызығушылықтан, таңданыстан, ең бастысы, махаббаттан туады ғой. Осындай сәулелі сәттер «PRO.NRG FEST» фестивалінің әр павильонында болып жатты.

Бұл – елімізде бесінші рет ұйымдасты­рылып отырған отбасылық ғылыми фес-тиваль. Басты ерекшелігі – ғылымды күрделендірмей, қарапайым әрі түсі­нікті тілмен жеткізуінде. Мұнда формула мен теория құрғақ күйінде ұсы­ныл­майды, керісінше тәжірибе, ойын, интерактив арқылы көпшілікке ұғынықты түсіндіріледі. Фестиваль алаңында бала да, ата-ана да өзіне қызық бағытты тауып, білімін жетілдіре алады. Бірі тәжірибе жасап көрсе, енді бірі жаңа технологиямен танысады. Осы арқылы ғылым отбасының ортақ әңгімесіне, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады.

Фестиваль «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясының демеушілігімен ұйым­дас­тырылған. «Шеврон Еуразия» пре­зиденті Дерек Магнесс «PRO.NRG FEST» ғылымды халыққа жақындататын орта екенін, жасампаз жастардың кеңістігі екенін атап өтті. «Қазір технологиялық, экологиялық, әлеуметтік өзгерістер үдей түскен кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай уақытта ең қажет қасиеттердің бірі – қызығушылық пен ізденіс. Адам бір нәрсеге қызыққан кезде ғана сұрақ қояды, ал сұрақ – ғылымның бастауы. Фестивальдың бас­ты артықшылығы – білімді тәжірибе арқылы ұсыну. Мұнда оқушылар тыңдаушы күйінде қалмайды, дәріскермен рецепциялық байланысқа түсіп, жаңа дүниені өз қолымен жасап көреді. Осындай орта олардың ойлау көкжиегін кеңейтіп, айналаға ғылыми көзбен қарауға үйретеді. Мектеп оқушылары қоршаған ортаны ынта-шынтасымен зерттегені дұрыс. Ал педагогтер мен ұйымдастырушылардың білімді өмірмен ұштастыра білген еңбегі ерекше құрметке лайық. Білім – емтиханға дайындық қана емес, өмірге дайындықтың негізі», деді ол.

Расында, білімнің басы – белгісіздік. Шыр етіп туған нәресте, Абай айтпақшы, көрсем, білсем деп тұрады. Уақыт өте келе қызығушылығы төмендеп қалады. Мұғалім мен ата-анасы баланың сол ықыласын өшіріп алмауға барын салады. Фестиваль да ғылыми тереңдіктен гөрі, балаларды оқу-білімге қызықтыруды мақсат еткені анық көрінді. Бөлмедегі жа­рық­тың қалай жанатыны, судың қайдан келетіні, гаджеттің қалай жұмыс істей­тіні баланы ойландыруға тиіс. Семио­тика саласының білгірі Юрий Лотман ғылым дәл осы үдерісте бастала­тынын айтады. «Ғылым белгісіз нәрсені зерттеуден емес, белгілі нәрсенің белгісіз қырларын танудан басталады» деген еді. Осы ойлардың жетегінде тұрғанымызда, көзіміз «Sana» білім орталығының алаңқайына түсті. Аружан есімді орталық өкілі оқушыларының жетістігін таныстырып тұр екен.

«Біз балаларды оқытып қана қоймай, жан-жақты дамытуға мән береміз. Әдетте ата-аналар балаларын бірнеше үйірмеге береді. Бір үйірме екіншісіне жақын орналаса бермейді. Бірі қаланың арғы жағында болса, бірі бергі жағында дегендей. Ал біздің орталықта бала әртүрлі үйірмеге қадам аттап қатыса береді. Ағылшынын тәмамдай сала музыкаға, одан шыға бере жүзуге жүгіреді. Соны­мен қатар тамақ пісіріп, кесте тігуді үйрететін үйірмелер де жоқ емес. Осы арқылы баланың бос уақытын толтырып, баланың кешенді дамуына ық­пал етеміз. Бірақ, әлбетте, балалардың ғы­лымға бой ұруына басымдық беріледі. Қазір оқушыларымыз халықаралық бай­қауларда топ жарып жүр. Мәселен, 10-сынып оқушысы Әмірхан Елубай су астын­дағы қоқыстарды теретін құрылғы ойлап тауып, республикалық байқауда жеңімпаз атанды», деп әрірек тұрған баланы нұсқады. 

Пәлі, бұл деген тамаша ғой! Әлемдік байқауда әйгіленген жас талантты біз де әңгімеге тарттық. «Біз роботтехникамен айналысамыз, нақтырақ айтсақ, су астындағы робот жасап жатырмыз. Осы жобамен Дубайда өткен халықаралық жарыста бірінші орын алдық, соның нәтижесінде Америкада өтетін жарысқа жолдамаға ие болдық, қазір соған да­йындалып жатырмыз. Біздің робот моторлар арқылы жұмыс істейді. Сол және оң жақ моторлары бар, қосымша төмен қарай қозғалуға арнаулы мотор тағы орнатылған. Робот плас­тик трубалардан жасалған, сымдарын өзі­міз тартып, толық құрастырдық. Негізгі міндеті – су астындағы заттарды көтеріп, басқа жерге орналастыру, яғни қоқысты жинап, тазарту жұмысын жүргізу. Қазір роботта камера бар, ол бейнені телефонға немесе ноутбукке жібереді, опе­ратор соны көріп, пульт арқылы басқа­рады. Ал болашақта толық автоном­ды режімге көшіргіміз келеді. Яғни робот өзі анықтап, өзі жинайтын деңгей­ге жеткіземіз», деді Әмірхан. Біз осы бағытта жасалған басқа да жобалар­ды қарастырып көрген-көрмегенін сұрадық.

«Басқа елдерде де осындай жобалар бар, көбінде тор қолданылады, ал бізде арнайы қармауыш бар, ол ірі заттарды, мысалы бөтелкелерді көте­руге ыңғайлы. Болашақта мұндай тех­но­логияларды Каспий теңізі сияқты ай­мақтарда қол­дануға болады деп ойлаймыз», деді жас талап. Осы бір жинақы пікірдің өзінен-ақ жас өнер­тап­қыштың ойы жүйелі, мақсаты айқын екені аңғарылады. Оның сөзіне қарағанда, жоба тек жарысқа емес, нақты экологиялық мәселені шешуге бағытталған. Бүгінде құрылғы толықтай адам басқаруында жұмыс істейді. Деген­мен оның ар жағында үлкен жоспар тұр. Автономды жүйеге көшу – техникалық жетілдіру ғана емес, жасанды интеллект элементтерін енгізу деген сөз.

Осы тұста ресми жиында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов фестивальдың мән-маңызына кеңінен тоқталды. «PRO.NRG FEST – өске­лең ұрпақтың ғылыми ойлауын дамы­тып, экологиялық мәдениетін қалып­тастыруға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт қа­лыптастыру міндетін қойып отыр. Осыған байланыс­ты мектеп оқушы­ларын ғылымға тарту, олардың ізденіс дағ­дыларын дамыту ерекше маңызға ие. Сонымен қатар табиғатқа жауапкер­шілікпен қарау мәдениетін қалып­тас­тыру да – білім жүйесінің бас­ты бағыт­тарының бірі. «PRO.NRG FEST» сияқты жобалар білімді тәжірибемен ұштас­ты­рып, оқушылардың ғылымға деген қызы­ғушылығын арттыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді», деді.

Фестивальдың тағы бір ерекшелігі – ғылым мен өнердің өзара тоғысуы. «Art&Science» секциясында шығарма­шылық индустрия өкілдері ғылыми идеялардың өнерге ықпалын талқылады. Эколог Ботакөз Сәдібекова «Орнықты сән: ғылым, өнер және табиғат тоғысында» тақырыбында баян­дама жасап, бүгінгі индустриядағы өзекті мәселені көтерді. «Сән индустриясының салдарынан жыл сайын шамамен 92 миллион тонна тоқыма қалдығы жиналады. Тіпті әр секунд са­йын жүк көлігіне тең киім қоқысқа тасталады. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, мәселе ушыға түседі. Сондықтан әрбір бұйымға ұқыпты қарап, ресурсты үнемді пайдалануымыз қажет. Өйткені олардың да шегі бар», деді ол. Фестиваль жас ғалымдар мен зерттеушілердің өз жаңалықтарын көпшілікке таныстыратын ашық алаңға айналғаны да байқалды. Биылғы бағдарлама аясында физика, математика, химия, биология және астрономия бағыттарында мазмұнды дәрістер ұйымдастырылды. Соның бірі – №134 мектеп-лицейінің жоғары сынып мұғалімі Евгений Солоницынның «Суда қанша математика бар?» тақыры­бындағы интерактивті сабағы. Ол математикалық заңдылықтың экология, гидро­энергетика, су үнемдеу сияқты маңызды мәселелерді шешудегі рөлін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. «Математикалық есептеулер түрлі технологияны салыстырып, ең тиімді шешімді таңдауға мүмкіндік береді. Егер өмірге есеп ретінде қарасақ, онда бәрі жүйелене түседі. Осындай ойлау дағдысы қалыптасса, адамға дұрыс шешім қабылдау жеңілдейді», дейді ол.

Фестивальға қатысқан «Климаттық зерттеулер орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де өзекті мәселеге назар аудартты. Ұйым мүшесі Балжан Икашева пластик қалдықтарының адам ағзасына тигізер зияны туралы түсіндіру жұмысын жүргізді. «Қоқыс мәселесі өте өзекті. Әсіресе пластик қалдықтар табиғатта ұзақ сақталып, түрлі жолмен адам ағзасына енеді. Ол су арқылы, тағам арқылы, тіпті күнделікті тұрмыста да ағзаға түсуі мүмкін. Мұндай мәселені бір ғана ел шеше алмайды, бұл – бүкіл әлемге ортақ проблема. Сондықтан әр адам қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, қалдықты азайтуға үлес қосуы керек», деді.

Фестиваль бағдарламасы ғы­лыми дәріс­термен ғана шектелмеді. Келу­ші­­лерге түрлі интерактивті шоулар ұсы­нылды. «Мұздату сиқыры» крио-шоуы көрерменді ерекше тәжіри­белер­­мен таңғалдырса, елордалық «Sintez» эксперименттік театры Все­волод Мейерхольд әдістемесіне негіз­делген «Сыртқыдан ішке қарай» атты интерактивті шоу-перформансын сах­налады. Сонымен қатар Абай Құнан­байұлының 17-қарасөзінің желісімен қойылған «Адам тіршілігінің формуласы» атты заманауи қойылым да көпшілік назарына ұсынылды.

Фестивальдың маңызды бөлігінің бірі – «Астана дарыны» орталығымен бірлесіп өткен 8–11-сынып оқушылары арасындағы «Ғылымдағы дебют» ғылы­ми жобалар конкурсының финалы. Биыл су тақырыбына арналған 100-ден астам жоба ұсынылып, олар төрт бағыт бойынша сараланды. Қатысушылар гидроэнергетикалық құрылғылардың макеттерін, су сүзу жүйелерін, эколо­гиялық модельдер мен түрлі зерттеу жұмысын таныстырды. Нәтижесінде, үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Биылғы фестивальдың тағы бір жаңалығы – астрономиялық бақылау кеші. «Astro Astana» мектебінің негізін қалаушы Артур Гайдуктың жетек­шілігімен келушілер телес­коп арқылы Юпитерді, сондай-ақ Мицар мен Алькор қос жұлдыздарын тамашалады. «Бұл фестивальдың негізгі тақырыбы – су. Бұл ресурстың ғылым, математика, физика, экология, дизайн және астрономиямен қалай байланысатынын көру қызықты. Ғарыштық зерттеулер тұщы судың жаңа көздерін табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су тек Жерде ғана емес, басқа ғаламшарларда да түрлі күйде кездесуі мүмкін», деді.

Осылайша, ЭКСПО  алаңында өткен ғылыми фестиваль жаңалық пен техно­логияның көрмесі болғанымен қатар, отбасылық құндылық пен тәрбиенің де мәйегіне айналған орта болды. Мұнда ата-ана мен бала қатар жүріп, бірге тәжірибе жасап, бірге таңданып, бірге үйренді. Бала ғылымды кітаптан емес, ата-анасының жанында тұрып, өз көзімен көріп, қолымен ұстап таныды. Осындай сәттерде ғылым отбасының ортақ әңгімесіне, ортақ қызығушылығына айналады. Бәлкім, ертең үлкен жаңалық ашатын жас зерттеушінің алғашқы сұрағы дәл осы алаңда, ата-анасының жанында туған болар.

Абзал МАҚАШ,

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Жұбановтан қалған жәдігер

Жәдігер • Бүгін, 08:55

Тұрғын үй кезегіндегі түйткіл реттеліп келеді

Қоғам • Бүгін, 08:50

Алаш тұлғасына құрмет

Тағзым • Бүгін, 08:45

Кәсіптің өзгерген келбеті

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:40

Ерекше балаларға – елеулі көзқарас

Қоғам • Бүгін, 08:35

Қоныстой қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:30

Тобыл бойындағы тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:25

Пәтерді қалай жалға беруге болады?

Таным • Бүгін, 08:20

Трамвай паркінде – жаңа вагондар

Аймақтар • Бүгін, 08:15

Шымкенттің мәдени-туристік мүмкіндігі бағамдалды

Шымкент • Бүгін, 08:10

Бауырлас елмен байсалды байланыс

Саясат • Бүгін, 08:05

Ертіс ластанбасын деңіз...

Аймақтар • Бүгін, 08:00

Ұлттық рейтинг жүйесі құрылады

Саясат • Бүгін, 07:55

Ұзақмерзімді дамудың құқықтық негізі

Саясат • Бүгін, 07:50

Іргелі инфрақұрылыммен жан-жақты танысты

Саясат • Бүгін, 07:45

Барлық жаңалықтар

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью