Ғылым мен тәжірибенің тоғысуы: Атыраудағы STEAM жобасы мұғалімдерге жаңа мүмкіндік ашты

16.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Жоба әлеуметтік қолдау аясында жүзеге асырылып, өңірдің білім беру ұйымдарымен өзара серіктестік негізінде іске асып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлемдік білім беру кеңістігі қарқынды өзгеріске бет бұрды. Еңбек нарығында шығармашылық ойлайтын, ғылыми тұрғыдан талдай алатын, инженерлік шешім қабылдайтын және технологияны тиімді қолданатын мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Сондықтан қазіргі мектептің басты міндеттерінің бірі – оқушыларды тек теориялық біліммен ғана емес, нақты өмірлік мәселелерді шешуге бейімдеу.

Осы қажеттілікке жауап беретін бағыттардың бірі – STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Mathematics) білім беру моделі. Бұл тәсіл пәндерді жеке-жеке оқытудан гөрі оларды өзара байланыстырып, оқушының зерттеушілік қабілетін, сыни ойлауын, шығармашылығын және инженерлік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бірақ STEAM бағытын сапалы жүзеге асыру үшін ең алдымен мұғалімдердің кәсіби дайындығы мен мектептердің зертханалық мүмкіндіктері жоғары деңгейде болуы қажет. Осы мақсатта қолға алынған жоба аясында Атырау қаласы мен аудан мектептерінен 100 мұғалімді қамту жоспарланған.

Қатысушылар арнайы оқыту курсынан өтіп, практикалық тренингтерге қатысады, авторлық жобасын әзірлейді және тәжірибелі мамандармен жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ жоба аясында арнайы білім беру платформасы әзірленіп, оқу соңында қатысушыларға сертификаттар табысталады және жоба қатысушыларының басын қосатын фестиваль ұйымдастырылады.

Жоба бір жыл мерзімге жоспарланған. Қазіргі таңда оның алғашқы жартысы жүзеге асырылып, жоспарланған іс-шаралардың елеулі бөлігі орындалды.Бүгінде алғашқы офлайн кезең толық аяқталып, қатысушылар үшін онлайн оқу модульдері жалғасып отыр. Ал тамыз айында зертханалық-практикалық курстардың екінші легі басталып, жоба келесі кезеңге өтеді.

Алғашқы кезең: 50 педагогке жаңа мүмкіндік

Жобаның алғашқы кезеңіне Атырау облысының қала және аудан мектептерінен 50 педагог қатысты.

Бағдарлама барысында мұғалімдер STEAM бағытындағы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде меңгерді. Сондай-ақ олар инженерлік және ғылыми-зерттеу тапсырмаларын орындап, тәжірибеге негізделген сабақтарды жоспарлау әдістерін үйренді.

Педагогтер мектеп зертханаларын тиімді пайдалану бойынша практикалық машық қалыптастырып, авторлық жобалар әзірледі. Бұдан бөлек, кәсіби тәжірибе алмасу желісіне қосылып, заманауи білім беру технологияларын сабақ үдерісіне енгізу тәсілдерін меңгерді.

Оқыту бағдарламасының басты ерекшелігі – теория мен тәжірибені қатар ұштастыру болды. Қатысушылар әрбір тақырыпты нақты зертханалық жұмыстар арқылы бекітіп, ғылыми әдістерді мектеп жағдайында қолданудың тиімді жолдарын үйренді.

Ғылыми идеядан нақты жобаға дейін

Курс барысында педагогтер командалық форматта өңір үшін маңызды мәселелерді талдап, олардың шешімін ұсынатын авторлық жобалар әзірледі. Нәтижесінде тоғыз авторлық жоба сәтті қорғалды. Солардың ішінде ерекше назар аудартқан жұмыстардың бірі – масаларға қарсы табиғи спрей әзірлеу жобасы болды. Бұл бастама Атырау өңірінде тұрғындарды жиі алаңдататын өзекті мәселелердің біріне ғылыми тұрғыдан қарауға мүмкіндік берді.

Педагогтер қолжетімді шикізат пен қарапайым зертханалық әдістерді пайдалана отырып, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тиімді шешім әзірлеуге талпыныс жасады. Бұл жоба STEAM оқытудың басты қағидасын, яғни нақты өмірлік мәселені ғылым, инженерия және тәжірибе арқылы шешуді айқын көрсетті. Сонымен қатар мұндай жұмыстардың кейін мектеп оқушыларының ғылыми жобаларына негіз болу мүмкіндігі де жоғары.

Жиынға қатысқан сала мамандары жобаның өңірлік білім беру жүйесі үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай бастамалар мұғалімдердің кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеріп, мектеп зертханаларының мүмкіндігін тиімді пайдалануға жол ашады.

Сонымен бірге жоба оқушылардың ғылыми-зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруға, инженерлік және техникалық бағыттарға қызығушылығын арттыруға және өңірдегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Онлайн оқыту кезеңі жалғасады

Қазіргі уақытта жоба аясындағы онлайн оқыту бағдарламасы белсенді түрде жалғасып жатыр. Осы кезеңде педагогтер қосымша цифрлық оқу модульдерін меңгеріп, өздерінің авторлық жобасын жетілдіреді.

Сонымен қатар қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, STEAM әдістемелерін мектеп тәжірибесіне кезең-кезеңімен енгізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл кезең офлайн оқыту барысында алған білім мен практикалық дағдыларды бекітіп, оларды күнделікті сабақ үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді. Ал тамыз айында зертханалық-практикалық курстардың екінші легі басталып, жоба келесі маңызды кезеңіне өтеді.

Аталған жоба – қысқа мерзімді оқу курсы ғана емес, өңірдегі білім беру сапасын ұзақ мерзімді перспективада дамытуға бағытталған жүйелі бастама.

Оның басты құндылығы – мұғалімді жаңа біліммен қамтамасыз ету ғана емес, сол білімді күнделікті мектеп тәжірибесіне енгізуге мүмкіндік жасау. Өйткені заманауи зертхана тиімді пайдаланылған жағдайда оқушының ғылымға қызығушылығы артып, зерттеушілік мәдениеті қалыптасады.

Жобаның алғашқы алты айында қол жеткізілген нәтижелер оның өзектілігі мен тиімділігін көрсетіп отыр. Айта кеткен жөн, өткен жылы өңірде білім мен ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Соның бірі робототехника мен инженерлік бағыттағы бастама болды.

Оның аясында облыстың жеті ауданында арнайы оқу курстары ұйымдастырылып, инженерлік шешімдер байқауы өткізілді. Қатысушылар Arduino платформасы, электроника, 3D модельдеу және басып шығару, сондай-ақ STEAM тәсілі арқылы жобалау бойынша білім алды.

Жобаға 14-18 жас аралығындағы жүздеген оқушы қатысып, заманауи технологияларды пайдалана отырып, өз қолдарымен практикалық жұмыстар орындады және инженерлік қабілеттерін сынады. Сонымен қатар облыста алғаш рет жастардың робототехника фестивалі ұйымдастырылып, оған 537 жас қатысты. Фестиваль аясында робототехника турнирлері, Hackathon, инновациялық жобалар байқауы, шеберлік сабақтары, жарыстар, дәрістер мен көрмелер ұйымдастырылды. Қатысушылар сала мамандарының дәрісін тыңдап, өндірістік нысанға экскурсия жасап, заманауи технологияның нақты өндірісте қолданылуымен танысты.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью