Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Егер 2015 жылы бұл мақсатқа 69,3 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы көрсеткіш 219,7 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылы елімізде ғылымды дамытуға бюджеттен шамамен 240,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы негізінен ғылыми зерттеулерді гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға, ғалымдардың еңбекақысын көтеруге және қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталады.
Әйтсе де, бұл жерде бір түйткіл бар. Ол – ғылымға бөлінетін қаржының осы күнге дейін ЖІӨ-нің 1 пайызына да жетпеуі. Мысалы, елімізде ең соңғы рет ғылымға бөлінген қаржы 1990 жылы ең жоғары межеде болған. Яғни, ЖІӨ-нің 0,82 пайызына жеткен. Ал тәуелсіздік жылдары бұл көрсеткіш былтыр ғана ең жоғары деңгейге – 0,26 пайызға жетті. Жалпы, Ғылым және жоғары білімді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, ғылымға бөлінетін қаражаттың үлесін ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткізу 2029 жылға межеленгенін де айта кету абзал. Әрине, біз барлық сандарға, деректерге салыстырмалы түрде қарағанды тәуір көреміз. Шетелдермен салыстырып, пәлен елде ғылымға ЖІӨ-нің 4 пайызы, 5 пайызы не 6 пайызы бөлінеді деп дерек келтіреміз. Бірақ сол дамыған елдерде ғылымға қаражат бөлу біздегідей көбіне мемлекеттік бюджет есебінен (бізде ғылымды 76 пайыз бюджет қаржыландырады) жүзеге аспайды. Ғылымға қаражатты көбіне үлкен кәсіпорындар, компаниялар мен консорциумдар құяды.
Ғылым екі негізгі бағыт бойынша қаржыландырылады. Ғылымды мемлекеттік қолдау тетіктері «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң негізінде реттеледі. Заңға сәйкес ғылыми жобалар екі негізгі бағыт бойынша қар-жыландырылады: гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру.
Гранттық қаржыландыру ғалымдар мен ғылыми ұжымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін қолдауға бағытталған. Гранттар конкурс арқылы, қайтарымсыз негізде беріледі. Басым ғылыми бағыттарды Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындайды, ал жобалар тәуелсіз сараптамадан өтеді. Сараптаманы Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы жүзеге асырады. Соңғы шешімді Ұлттық ғылыми кеңестер қабылдап, нәтижелері ашық жарияланады.
Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру стратегиялық маңызы бар ірі ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге арналған. Мұндай жобалар көбіне ғылыми ұйымдар мен консорциумдардың қатысуымен іске асырылады және нақты мемлекеттік міндеттерді орындауға бағытталады.
Ғылымды қаржыландыру мен ҒЗТКЖ шығындарының айырмасы. Көп жағдайда «Ғылымды қаржыландыру» мен «Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығындар» ұғымдары шатастырылады. Біріншісі, бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі болса, екіншісі – қаржыландыру көздеріне қарамастан, зерттеулерге нақты жұмсалған ішкі шығындарды көрсететін статистикалық көрсеткіш.
Халықаралық тәжірибеде ғылыми-технологиялық дамудың басты индикаторы ретінде ішкі ҒЗТКЖ шығындарының жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққандағы үлесі қолданылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2020 жылғы 0,13 пайыздан 2024 жылы 0,16 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар ҒЗТКЖ шығындарының құрылымында бюджет қаражатының үлесі 52 пайыздан 76,9 пайызға дейін артты. Бұл ғылым саласындағы мемлекеттің рөлінің күшейгенін аңғартады.
Қай салаларға басымдық берілуде? 2023 жылғы көрсеткіш бойынша салааралық бөліністе ең көп қаражат инженерлік әзірлемелер мен технологияларға (59,4 млрд теңге), жаратылыстану ғылымдарына (58,8 млрд теңге) және ауыл шаруашылығы ғылымдарына (20,1 млрд теңге) бағытталған.
Ғылым комитетінің дерегіне сәйкес, қаржы тек зертханалық зерттеулермен шектелмей, нақты секторға енгізіліп жатыр. Өнеркәсіп пен тау-кен металлургия кешенінде ғылыми нәтижелер технологиялық процестерді жетілдіруге және ресурстарды тиімді пайдалануға жұмсалуда. Энергетика саласында электр стансаларын жаңғырту мен басқару жүйелерін цифрландыруға қолданылса, агроөнеркәсіп кешенінде егіншілік пен мал шаруашылығын цифрландыруға, су және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталуда.
Денсаулық сақтау саласында диагностикалау әдістерін жетілдіру, телемедицина элементтерін енгізу, медициналық басқару жүйелерін дамыту бойынша ғылыми әзірлемелер пайдаланылуда. Ал мемлекеттік басқаруда ғылыми-аналитикалық құралдар жоспарлау мен шешім қабылдау үдерісін жетілдіруге ықпал етіп келеді.
Жалпы алғанда, Қазақстанда ғылымды қаржыландыру жүйелі түрде өсіп, ғылыми нәтижелерді экономикаға енгізу үдерісі біртіндеп жүйелі сипат алуда. Дегенмен ҒЗТКЖ шығындарының ЖІӨ-дегі үлесін стратегиялық деңгейге жеткізу – тек бір ведомствоның емес, тұтас экономикалық және бюджет саясатының үйлесімділігін талап ететін кешенді міндет.
Алдағы кезеңдегі басты мақсат – ғылыми зерттеулерді экономиканың нақты сұраныстарымен тығыз байланыстыру, енгізу, ауқымын кеңейту және өңірлерде практикалық тиімділігі жоғары технологиялық шешімдерді кеңінен тарату. Сонда ғана ғылым елдің тұрақты дамуының нақты драйверіне айнала алады.
Сымбат САРСЕМБАЕВА,
PhD, постдокторант:
– Гранттық қаржыландыру бойынша айтар болсақ, постдокторантурада «Жас ғалым» бағдарламасы аясында үш жылға 10 миллион теңге қаражат бөлінеді. Бұл қаражат кезең-кезеңге бөлініп береді. Ал кейде жалақы есебінде ай сайын алып отыруға да мүмкіндік бар. Оны оқу орны шешеді. Соған сәйкес, ғылыми жобаны орындау барысында да қатаң талаптар қойылады. Әрбір іс-әрекетті күнтізбелік жоспарға сәйкес орындауың қажет. Мысалы, ғылыми мақала шығарту қажет болса, ол дәл сол белгіленген мерзімде шығу керек. Ал уақтылы шықпай жатса, айыппұл төлейсің. Меніңше, постдокторантураның жас ғалымдарға берер көмегі көп. Ғылыми дәрежесін қорғай алмай жүрген жас ғалымдар ғылыми ортадан алыстамайды. Сондай-ақ ғылыми жоба орындаушылар жоғары оқу орнында 0,5 кредитпен сабақ бере алады. Мұның бәрі «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жүзеге асады.
Ардаби МӘУЛЕТ,
Өнертану PhD докторы:
– Қазіргі кезде ғылымды қаржыландыру біршама өсіп келеді. Соған сәйкес ғылыми-зерттеу жобаларына да қаржы көбірек бөлінуде. Бірақ ғылыми жобаларға қаржы қазіргіден де көбірек бөлінуі керек деп ойлаймын. Одан кейінгі бір мәселе – уақыт. Меніңше, 3 жыл аздық етеді. Өйткені жобаны ұсынасың, оны қарауға жарты жылдай уақыт кетеді. Мысалы, тендер алу бойынша уақыт мәселесін Үкімет араласып жүріп шешті. Әйтпесе, бұрын 3-4 ай қаралатын. Сол сияқты ғылымда да жобаның қаралу уақытын тездету керек деп ойлаймын. Президент ғылымға ерекше көңіл бөледі, әрбір ірі жиында ғылым мәселесін тілге тиек етеді. Сондай жиындардың бірінде ғылыми жобаны 5 жылға ұзарту туралы ойын да айтқан болатын. Бірақ ол ұзарған жоқ. Сол үшін құрығанда жобаны қарау мерзімін қысқартса, бұның өзі жетістік болар еді.
Айгүл СЕЙІЛ