Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Жаңа ғылыми саясаттың өзегінде адам капиталы, жас зерттеушілердің әлеуетін ашу және ғылымды өңірлік дамудың нақты драйверіне айналдыру міндеті тұр, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа ғылыми саясаттың назарында – ең алдымен адам, ғалым. Өйткені ғылымның болашағы жас зерттеушілердің келуімен және олардың кәсіби дамуына тұрақты жағдай жасаумен тікелей байланысты. Инфрақұрылым мен қаржыландыру қаншалықты маңызды болғанымен, ғылымға жаңа буын келмейінше ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан бүгінде жүргізіліп жатқан реформалардың негізінде дәл осы қағида жатыр.
Соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» гранттық бағдарламасы елдің ғылыми құрамын жаңартудың маңызды тетіктерінің біріне айналды. Бағдарлама іске қосылған кезде жас зерттеушілерге мыңға дейін грант бөлу міндеті қойылған еді. Бұл мақсат іс жүзінде орындалды.
2022-2025 жылдары өткізілген конкурстар нәтижесінде жалпы сомасы 23,16 млрд теңгені құрайтын 941 ғылыми жоба қолдау тапты. Бұл тек сандық нәтиже емес. Бұл – жастардың мемлекеттік ғылыми саясаттың толыққанды бөлігіне айналып келе жатқанын білдіретін маңызды институционалдық белгі.
Ғылымның жасару үрдісі статистикадан да айқын көрінеді. Бүгінде еліміздегі зерттеушілердің 47 пайызын, яғни 12 758 адамды жас ғалымдар құрайды. 2025 жылға қарай олардың гранттық жобаларды іске асыруға қосқан үлесі 30,1 пайызға жетті. Демек, ғылыми қауымдастықтың жартысына жуығы отандық ғылымның жаңа келбетін қалыптастырып отырған жас буын өкілдері.
Бағдарламаны қаржыландыру да тұрақты өсім көрсетіп келеді. Мәселен, 2023 жылы 2,75 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7,58 млрд теңгеге дейін артты. Мұндай динамика мемлекеттің жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға стратегиялық басымдық беріп отырғанын аңғартады.
«Жас ғалым» бағдарламасы тек жеке жобаларды қолдаумен шектелмейді. Ол ғылыми зерттеу мәдениетін қалыптастыруға, академиялық бәсекелестікті күшейтуге, жарияланым белсенділігін арттыруға және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа ғылыми көшбасшылардың қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен бірге жас буын ғалымдарды қолдау тек гранттық қаржыландырумен ғана шектелмеуі тиіс. Тұрақты ғылыми экожүйе қалыптастыру үшін кешенді көзқарас қажет. Ғалым өз зерттеуіне толыққанды көңіл бөлуі үшін оның әлеуметтік тұрақтылығы да қамтамасыз етілуі маңызды.
Алмасадам Сәтқалиев: Ғылымды ілгерілету әлеуметтік инфрақұрылымнан басталады
Осы бағытта 2023-2026 жылдары жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінге дейін 606 пәтер табысталды. Оның ішінде 483 пәтер «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында берілді. Сонымен қатар Алматы қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы екі жыл ішінде 118 пәтер жас зерттеушілерге өтеусіз негізде бөлінді.
Бұл шаралар ғылыми мансаптың тартымдылығын арттырып, талантты мамандардың университеттер мен ғылыми орталықтарда тұрақтап жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Егер «Жас ғалым» бағдарламасы кәсіби дамуға жағдай жасаса, әлеуметтік қолдау ғылыми қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде ғылыми мансаптың жаңа моделі қалыптасуда – болжамды, бәсекеге қабілетті және әлеуметтік тұрғыдан қорғалған.
Ғалымдарға көрсетіліп отырған мұндай қолдау ғылыми қауымдастықтың алдына жаңа міндеттер қояды. Қазіргі ғылым тек білім өндіруші сала ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін маңызды күшке айналуы тиіс. Өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, аграрлық сектор, экология және өңірлік даму бағыттарында нақты шешімдер ұсыну – бүгінгі ғылымның басты миссияларының бірі. Жаңа ғылыми саясаттың тиімділігі енгізілген технологиялармен, даярланған кадрлармен және нақты экономикалық нәтижелермен өлшенеді.
Ғылымның өңірлік құрылымы да біртіндеп айқындала бастады. Алматы мен Астана ірі ғылыми орталықтар ретінде көш бастап отыр. Алматы қаласының үлесіне ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын ішкі шығындардың 43 пайыздан астамы тиесілі болса, Астана қаласы 20,4 пайызды құрайды. Бұл екі қалада ғылыми инфрақұрылымның, университеттік ғылымның және зерттеу құзыреттерінің жоғары деңгейде шоғырланғанын көрсетеді.
Сонымен бірге өңірлерде де ғылыми белсенділік артып келеді. Мысалы, Маңғыстау облысында ҒЗТКЖ-ның 86 пайызы ұйымдардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бұл бизнестің ғылымға белсенді қатысып отырғанын және ғылыми зерттеулердің экономикамен тығыз байланыста дамып келе жатқанын көрсетеді. Өңірдегі ғалымдардың орташа жалақысы 845 мың теңгеге жетіп, республикалық орташа деңгейден 2,4 есе жоғары.
Ғылыми диссертация тақырыптарын бірыңғай база арқылы қадағалау мүмкін бе?
Мемлекет өңірлік ғылыми орталықтар жүйесін қалыптастыруға да ерекше назар аударып отыр. 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру конкурсы аясында өңірлік университеттер базасында алты академиялық және зерттеу озықтық орталығын құру жұмысы басталды. Бұл орталықтар еліміздің негізгі макроөңірлерін қамтиды.
Атап айтқанда, Каспий технологиялар және инжиниринг университеті – батыс өңірін, Ақтөбе және Қостанай өңірлік университеттері – батыс пен солтүстікті, Тараз университеті – оңтүстікті, Халықаралық қазақ-түрік университеті – оңтүстік-шығысты, ал Шығыс Қазақстан техникалық университеті шығыс өңірдің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған.
2025-2027 жылдарға арналған келесі кезеңде бұл тәжірибе кеңейтіледі. Озықтық орталықтары қатарын толықтыру үшін Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау және Павлодар педагогикалық университеттері қатысатын жаңа конкурстық кезең жоспарланып отыр.
Маңыздысы – бұл жүйе тұрақты мәртебеге негізделмейді. Озықтық орталықтары өз мәртебесін нақты ғылыми нәтижелер арқылы дәлелдеуі тиіс. Мұндай тәсіл өңірлер арасында ғылыми хаб болу үшін салауатты бәсекелестік қалыптастырады.
Өңірлік ғылыми саясатты дамытуға Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырыстары да ықпал етіп жатыр. Бұл формат ғылыми күн тәртібін өңірлердің нақты қажеттіліктерімен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірлік университеттер халықаралық серіктестік арқылы да нығайып жатыр. Қазіргі таңда 40 жетекші шетелдік университетпен стратегиялық серіктестік орнатылып, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің академиялық мектептерін ұсынатын 33 филиал жұмыс істейді.
Жалпы алғанда, академиялық және зерттеу озықтық орталықтары, шетелдік университеттер филиалдары және ұжымдық пайдаланудағы заманауи зертханалар – ғылымның қоғамдағы рөлін күшейтіп, оның экономикаға нақты ықпалын арттыруға бағытталған біртұтас жүйенің құрамдас бөліктері.
Сонымен бірге барлық өңірлерде салалық ерекшеліктерді ескере отырып ғылымды дамытудың басым бағыттары айқындалды. Өңір әкімдерінің төрағалығымен Ғылым жөніндегі кеңестер құрылды. Ал 2026-2030 жылдарға арналған өңірлерді дамыту жоспарларына ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын ішкі шығындардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесін арттыру көрсеткіші енгізілді.
Соңғы екі жыл ішінде өңірлерде 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізіліп, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тұрақты өзара іс-қимыл жолға қойылды. Бұл формат ғылым мен бизнестің байланысын күшейтіп, экономиканың нақты сұраныстарын ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелерге айналдыруға мүмкіндік береді.
Ғылым мен өндірістің осындай өзара ықпалдастығы елдің ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның тұрақты дамуына қызмет ететін инновациялық экономиканы қалыптастырудың берік негізін қалайды.
Ж.Тохтаров,
Ғылым және жоғары білім министрлігінің
Ғылым комитеті төрағасының орынбасары
Соңғы жаңалықтар
IBF Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырды
Кәсіпқой бокс • Бүгін, 09:27
Бүгін доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?
Қаржы • Бүгін, 09:13
Мал ұрлығының алдын алу өзекті
Қылмыс • Бүгін, 09:00
Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейеді
Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55
Ұлт көсемі ұрпағының беймәлім суреттері
Тарих • Бүгін, 08:50
Теміржол торабы: Саладағы кешенді жаңғыру
Экономика • Бүгін, 08:45
Қылмыс • Бүгін, 08:43
Экономика • Бүгін, 08:40
Құқық • Бүгін, 08:37
Шаруашылық • Бүгін, 08:35
Қоғам • Бүгін, 08:32
Digital • Бүгін, 08:30
Digital • Бүгін, 08:25
Білімді бақылау жүйесінде алға озды
Білім • Бүгін, 08:20
Құрылысты цифрландыру қарқыны күшейеді
Үкімет • Бүгін, 08:17