Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Осыған дейін Президенттің өзі бұл мәселеге ашық тоқталып, ғылымға бөлінетін қаражаттың қайтарымы төмен екенін айтты. Үш мыңнан астам ғылыми жобаның тек 29-ы ғана нарыққа шыққаны – ойланатын жайт. Мұндай сын ғылым саласына серпін беретін маңызды сигнал ретінде қабылдануға тиіс.
Бұл – кездейсоқ үрдіс емес, мемлекет деңгейінде ғылымға деген көзқарастың өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бүгінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жыл сайын жүздеген миллиард теңге бағытталып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы көрсеткіш бойынша ғылымға бөлінген қаржы көлемі 300 млрд теңгеден асып кеткен. Оның ішінде ішкі шығындар – 261,5 млрд теңге, ал сыртқы шығындар – 42,7 млрд теңге.
Бұл сандардың өзі ғылымға деген қызығушылықтың артқанын айғақтайды. Бірнеше жыл бұрын мұндай көлем туралы айту қиын еді. Яғни, Қазақстан ғылымды қолдаудың жаңа кезеңіне аяқ басты деуге негіз бар.
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Елбек Өтеповтің айтуынша, Қазақстанда ғылымды қаржыландыру расымен өсіп келеді, мемлекет қолдау құралдарын кезең-кезеңімен кеңейтіп отыр. «Конкурстар саны көбейіп, бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Бірақ соған қарамастан, ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындардың ЖІӨ-дегі үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр», – дейді ол.
Ғалым Дүниежүзілік банк деректеріне сүйене отырып, 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 0,14% болғанын, ал кейінгі жылдары шамамен 0,16% деңгейінде сақталғанын айтады. «Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 2–3% шамасында. Яғни, біз әлі де едәуір артта келеміз», – дейді профессор.
Сонымен бірге ол ғылымды қолдау тек жалпы сандармен емес, нақты тетіктер арқылы жүзеге асып жатқанын атап өтті. «Қазақстанда гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесі қалыптасқан. Жыл сайын түрлі конкурстар жарияланып, ғылыми жобалар іріктеледі», – дейді Елбек Өтепов. Мәселен, жас ғалымдарға арналған «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша бір жобаға жылына 30 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Басқа гранттар бойынша бұл сома 75 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал жалпы гранттық жобаларда қаржыландыру көлемі көбіне 120-150 млн теңге аралығында болады.
Ғалымның айтуынша, коммерцияландыруға бағытталған жобаларға қойылатын талап мүлде бөлек. «Мұнда нақты өнім шығару міндеті бар. Бір жобаға 350 млн теңгеге дейін қаржы беріледі, бірақ оған қоса міндетті түрде жеке серіктес тарапынан кемінде 20% қосымша қаржы тартылуға тиіс», – дейді ол. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ірі ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бағытталған. «Бұл жерде қаржы көлемі бірнеше жүз миллионнан бірнеше миллиард теңгеге дейін барады. Мұндай жобалар қазір мегагранттар деп аталады», – деп түсіндіреді профессор.
Елбек Өтепов ғылымдағы іріктеу мен бақылау жүйесіне де тоқталды. Оның сөзінше, қаржыландыру оңай берілмейді. «Барлық өтінімдер алдымен мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтеді, содан кейін ұлттық ғылыми кеңестерде қаралады. Қаржы тек ең негізделген жобаларға ғана беріледі», – дейді ол. Сонымен қатар жобалар тек басталғанда ғана емес, іске асу барысында да қатаң бақылауда болады. «Бұл дұрыс, өйткені бұл – салық төлеушілердің ақшасы. Сондықтан оның қалай жұмсалып жатқанын бақылау қажет», – дейді ғалым.
Профессор ғылымдағы нәтижені бағалау тәсілдерінің де әртүрлі екенін атап өтеді. «Гранттық қаржыландыруда негізгі нәтиже – ғылыми жарияланымдар. Бұл халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Ал бағдарламалық-нысаналы жобаларда стратегиялық міндеттер шешіледі: зертхана ашу, кадр даярлау, жаңа бағыттарды дамыту», – дейді ол.
Ал коммерцияландыру жобаларында басты талап – нарыққа шығатын нақты өнім. «Бұл жерде лицензиялау, құқықтарды беру сияқты нақты механизмдер жұмыс істейді», – деп түсіндіреді Өтепов.
Оның айтуынша, барлық талаптар келісімшарттарда нақты көрсетіледі. «Жобалар бойынша тек сан емес, сапа да бағаланады. Ғылыми мақалалардың өзі белгілі бір халықаралық көрсеткіштерге сәйкес болуы тиіс – квартиль, процентиль сияқты талаптар қойылады», – дейді профессор. Егер жоба бірнеше жылға есептелсе, әр жылға нақты нәтиже жоспарланып, соған сай есеп беріледі. Профессор пікірінше, басты міндет – осы жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, ғылым нәтижесін нақты өмірмен байланыстыра білу.
Дегенмен ғылымды тек коммерциямен өлшеу де дұрыс емес. Бұл туралы экономист Расул Рысмамбетов орынды пікір айтады. Оның сөзінше, негізгі мәселе – ғылымға деген нақты сұраныстың жоқтығы. «Сұраныс болмаса, ұсыныс та дамымайды. Ғалымдар да практикалық шешімдерге жақындауы керек», – дейді сарапшы.
Сондықтан ол институционалдық өзгерістер қажет екенін алға тартады. «Қазақстанға толыққанды Ғылым министрлігін қайта құру керек. Қазіргі модельде ғылым жоғары біліммен біріктірілген, ал бұл жүйеде басымдық көбіне білім беру жағына ауып кетеді», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, дамыған елдерде ғылым бөлек стратегиялық бағыт ретінде қарастырылады. «АҚШ-та National Science Foundation, DARPA сияқты құрылымдар бар. Оңтүстік Корея мен Израиль де ғылымды бөлек басқару жүйесі арқылы дамытып отыр. Бізге де шешімдерді ғылымға сүйеніп қабылдайтын модельге көшу керек», – дейді Р.Рысмамбетов.
Бүгінде ғылымға бөлінетін қаржының құрылымына қарасақ, оның жартысынан астамы еңбекақыға жұмсалатынын көреміз. Бұл – табиғи нәрсе. Өйткені ғылым – ең алдымен адам капиталы. Ғалымдар мен зерттеушілердің еңбегі бағаланбаса, ешқандай нәтиже болмайды. Соңғы жылдары ғылыммен айналысатын мамандар саны да өсіп келеді. Егер бұрын бұл көрсеткіш 16 мың шамасында болса, қазір 27 мыңға жуықтаған. Бұл – ғылымға жаңа буынның келіп жатқанын көрсететін жақсы белгі.
Сонымен қатар зерттеушілердің ішінде PhD докторларының үлесі айтарлықтай артқан. Бұл – қазақстандық ғылымның халықаралық стандарттарға бейімделіп жатқанын білдіреді. Яғни, сапалық өзгерістер де бар.
Алайда инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Ғылыми жабдықтарға бөлінетін қаржы жалпы көлеммен салыстырғанда аз. Бұл зертханалардың мүмкіндігін шектейді. Ал заманауи ғылым технологиясыз дамымайды. Сондықтан алдағы уақытта инвестицияның бір бөлігі дәл осы бағытқа көбірек бағытталуға тиіс.
Сарапшы Олжас Байділдинов ғылымның нақты нәтижеге жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтеді. Оның пікірінше, ғылым күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым технологиялардан басталуы керек. Яғни, үлкен жобалармен қатар, нақты өнімдер шығару да назардан тыс қалмауға тиіс. Бұл – ғылымды халыққа жақындататын маңызды қадам.
Тағы бір маңызды мәселе – ғылым мен экономиканың байланысы. Қазір бұл байланыс әлсіздеу екені байқалады. Бірақ оң өзгерістер де жоқ емес. Мысалы, әлемде ғылымды экономикамен ұштастырудың тиімді үлгілері бар. Гонконг университеттері ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру арқылы миллиардтаған табыс тауып отыр. Қытай болса, патенттерді жүйелі түрде нарыққа шығарып, ғылымды индустрияға айналдырды.
Қазақстан да осы бағытқа бет бұрып келеді. Мемлекет тарапынан инновацияны қолдауға арналған бағдарламалар іске қосылып жатыр. Университеттер мен бизнес арасындағы байланыс күшейе бастады. Бұл – әрине, уақытты талап ететін процесс.
Кәмила ДҮЙСЕН