Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Исатай ауданы Қамысқала округіне қарасты Х. Ерғалиев ауылының бір топ тұрғыны көршілес Махамбет ауданындағы мұнай қалдығын өңдеуге арналған жобаға қарсылық танытты.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жобаны талқылау негізгі шешімдер қабылданып қойғаннан кейін ғана басталып, адамдарға дайын шешімді ғана жариялаған.
Мұнай қалдығын өңдейтін жер Махамбет ауданы Таңдай округінен таңдалынған, ол Х. Ерғалиев ауылынан 16 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде он гектар аумақта мұнай қалдықтарын өңдеу алаңын орналастыру жоспарланып отыр.
Білуімізше Махамбет ауданы «EcoVision» ЖШС-не 2025 жылдың 23 шілдесінде 10 гектар жерді аукционмен сатып жіберген. Осылайша, жер инвесторға берілгеннен кейін ғана жоба тұрғындармен талқылана бастады.






Қоғамдық тыңдауда «EcoVision» ЖШС өкілдері алдымен мұнай және мұнай қалдықтарын қайта өңдеу кешенінің техникалық сипаттамасымен таныстырған болатын. Айтуларынша қалдықтар қауіпсіз әдістермен және экологиялық талаптарға сай жүргізіледі деді. Алайда тұрғындар бұл мәлімдемелерге сенім білдірмеді.
- Атырау облысы-өндірісі шоғырланған өңір. Экологиялық ахуалдың қандай екенін білеміз, сол себептен ұсынылған жоба нақты ғылыми есептермен дәлелденуі керек. Ал бұл баяндамада табиғатқа келетін залалдың математикалық нақтылығы жоқ,-деп атап көрсетті облыстық Мәслихат депутаты Нұрлан Қайырденов.
Аудандық қоғамдық Кеңес мүшесі Самат Қабделов, Мақсот Мұқанов, Биғали Мутиев халықтың әлеуметтік жағдайы ескерілмегені, қалдық өңдеу ауылға тым жақындығын атап өтті.
Тұрғындар бірауыздан бұл жобаға қарсы екенін білдіріп, хаттамаға енгізді, «егер бұл айтқандарымыз ескерусіз қалса, мәселені құқықтық алаңда жалғастыруға дайынбыз» деген қорытындыға келді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
Бүгін, 14:22