Хабар мен 24KZ арналарында көктемгі телемаусым: мазмұндық жаңару және ашық диалог

03.03.2026

Zakon.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Бұл жолы арналар ең алдымен көрермен сеніміне, салмақты талдау мен сараптамаға және қоғаммен ашық әңгімеге басымдық бермек. Мақсаты ақпаратты жеткізу ғана емес, оның мәнін ашып, ел көкейіндегі сауалдарға жауап беру.

"Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев қазіргі таңда көрермен күрделі мәселелердің анық та әділ талдануын күтетінін атап өтті. "Қоғамдық хабар таратушы ретінде біз көрерменнің сұранысын жіті аңғарып, контентімізді ашық пікір алмасу мен қоғаммен өзара ықпалдастық қағидатына негіздеп құрып отырмыз", – дейді Басқарма төрағасы.

"Хабар" арнасының эфир кестесі жан-жақты жаңартылған. Студия декорациясы, бағдарламалардың берілу тәсілі де өзгерді. Бұрыннан таныс жобалар жаңа реңкке ие болды. "Өмір өрнегі", "ХХІ ғасыр Көшбасшысы", "Азамат", "Қоғам пікірі", "Көзқарас", "Өзекті", "Жеті күн", "ОйнаIQ" секілді бағдарламалар мазмұндық өзегін сақтай отырып, жаңаша үлгіде көрерменге жол тартады. Пікір алмасуға көбірек орын беріліп, көрерменмен байланыс нығая түспек. Сонымен қатар ел өміріндегі елеулі оқиғалар мен айтулы даталарға арналған деректі фильмдер көрсетіледі. Бұл туындылар өткен мен бүгінді сабақтастырып, уақыт тынысын сезуге бағытталған.

24KZ арнасы да көрерменге бірқатар жаңа тележобаларды ұсынады. Солардың бірі – "Ел Алдында" саяси ток-шоуы. Бұл – дәнекерсіз, тікелей эфирде өтетін ашық алаң. Онда мемлекеттік органдардың бірінші басшылары БАҚ өкілдерімен бірге азаматтардың сауалдарына тікелей эфирде жауап береді.

"Приоритеты" – танымал тележурналист Асқар Меңдібаев жүргізетін авторлық сараптамалық жоба. Бағдарлама ел ішіндегі және әлемдегі үдерістердің мән-маңызын түсіндіріп, оқиғаның астарына үңілуге мүмкіндік береді. Ал "Alem Talk" халықаралық үдерістер мен олардың Қазақстанға ықпалын кең ауқымда талдайтын тележоба. "Анық Time" – ақиқат пен жалған ақпараттың ара-жігін ажыратуға бағытталған апталық фактчекинг жобасы. Қазақ және орыс тілдерінде шығатын бағдарламада резонансты тақырыптар сараланып, нақты кейстер талданады, көрерменге ақпаратты өз бетінше тексерудің практикалық жолдары ұсынылады.

Сурет: "Хабар" арнасы

Сонымен қатар эфирге апта сайын "Тең мүмкіндік / Разные-Равные" әлеуметтік тележобасы шығады. Әр шығарылымда ата-аналардың шынайы тағдыры, ерекше балалардың өмір жолы, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары және инклюзивті дамудың нәтижелі тәжірибелері кеңінен сөз болады. Бағдарламада кедергісіз орта қалыптастырудың нақты қадамдары көрсетіліп, тең мүмкіндікке негізделген қоғам құру жолы жан-жақты әңгімеленеді. Бұған қоса "President", "Түйін", "Мәжіліс Life" бағдарламалары да эфирде өз жұмысын жалғастыра береді.

Жаңа маусымда цифрлық контентке ерекше көңіл бөлінеді. "Хабар" Агенттігі әлеуметтік желілер мен YouTube платформасында белсенділікті арттырып, жас аудиторияға арналған форматтарды дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда медиахолдингтің YouTube арнасында шамамен 8 миллион жазылушы бар, ал әлеуметтік желілердегі аудиториясы 3 миллионға жуық. Алдағы уақытта төрт подкаст, екі Instagram-сериал және "Қонақжай" жобасы іске қосылады.

"Қонақжай" бағдарламасы Қазақстанның табиғатын, аймақтардың тыныс-тіршілігін және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығын таныстыруға арналған. Жоба арқылы көрермен еліміздің әр өңірінің ерекшелігі мен салт-дәстүр алуандығын жақынырақ тани алады.

Осылайша, "Хабар" мен 24KZ арналары көктемгі маусымда мазмұны терең, қоғам сұранысына жауап беретін, жарқын эмоцияларға толы тележобалар ұсынып, медиакеңістіктегі 31-ші маусымын ашқалы отыр.

Серіктестік ақпарат

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью