Халық игілігі Қытайдың даму стратегиясының басты басымдығы

18.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Халықтың жақсы өмір сүру туралы арманын жүзеге асыру – Қытай модернизациясының бастауы әрі түпкі мақсаты. «14-ші бесжылдық» бағдарламасы іске асырылғалы бері халықтың тұрмыс деңгейі тұрақты түрде өсіп келеді. Әлеуметтік қорғау жүйесінің бірізділігі, тұрақтылығы және беріктігі едәуір нығайып, әлеуметтік саланың дамуы тарихи нәтижелерге қол жеткізді.

Халық сапасы тұрақты түрде жақсарып, білім беру кепілдіктері жүйесі кезең-кезеңімен күшейтілуде. 2024 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, Қытайдағы тұрақты халықтың урбандалу деңгейі 67%-ға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 3,11 пайыз артты. Еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың орташа оқу ұзақтығы 11,21 жылды құраса, тоғыз жылдық міндетті білімді аяқтау көрсеткіші 95,9%-ға жетті.

Халықаралық өлшемдермен салыстырғанда, Қытайдың мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы салыстырмалы түрде төмен деңгейде. Сонымен қатар студенттік несиелер беру саясаты жетілдірілуде. «Білім әркімге қолжетімді» қағидаты негізінде 2021–2024 жылдары 630 миллион адамға 1,2 триллион юаньнан астам қаржылай қолдау көрсетілді.

2022 жылдан бастап студенттік несиелер бойынша пайыз төлеуден босату және негізгі қарызды өтеуді кейінге шегеру жөніндегі ұлттық саясат енгізілді. Бұл студенттердің отбасына түсетін қаржылық жүктемені едәуір жеңілдетті.

Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жетілдіріліп, халыққа көрсетілетін медициналық саясаттың нәтижесі уақыт өткен сайын айқын байқалуда.

2024 жылдың соңындағы дерек бойынша, 1,7 млрд адам негізгі зейнетақы сақтандыруымен, ал 1,33 млрд адам негізгі медициналық сақтандырумен қамтылған. Қамтылу деңгейі 95% шамасында тұрақтап, «сақтандырылуға тиіс әр адам сақтандырылған» қағидаты іс жүзінде орындалды.

2018 жылдан бері мемлекет дәрі-дәрмек пен медициналық шығын материалдарын орталықтандырылған түрде 11 рет ірі көлемде сатып алу жүргізді. Соның нәтижесінде олардың орташа бағасы 50–60% төмендеді. Мысалы, жүрекке қойылатын стенттің орташа бағасы 13 мың юаньнан шамамен 700 юаньға дейін арзандады. Компьютерлік томография (КТ) сияқты медициналық тексерулерді қоса алғанда, көптеген ем-шара құны айтарлықтай арзандап, науқастардың қаржылық жүктемесі едәуір жеңілдеді.

Қытайдың сапалы медициналық қызметтері шетелдік пациенттерді көбірек тартуда. Ал «Cured in China» жобасы шетелдік интернет-платформаларда кеңінен танымал болды.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі үздіксіз жетілдіріліп, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып келеді. Қытайда қоғамдық жалдамалы тұрғын үйді, кепілдендірілген жалдамалы тұрғын үйді және кепілдендірілген сатылатын тұрғын үйді қамтитын көпдеңгейлі тұрғын үй жүйесі қалыптасты. Бұл тұрғын үй жинақ қорын тиімді пайдалануға және халықтың баспанаға деген сұранысын жүйелі түрде қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

«14-ші бесжылдық» кезеңінде ел бойынша 11 миллионнан астам кепілдендірілген тұрғын үй және қоныс аударушыларға арналған өтемелі баспана салынды. Соның нәтижесінде 30 миллионнан астам адам жобаның игілігін көрді. Осы кезеңде 240 мыңнан астам ескі тұрғын үй шағын ауданы жаңғыртылып, 40 миллионнан астам отбасы мен шамамен 110 миллион тұрғынның өмір сапасы жақсарды.

Қосымша 129 мың лифт орнатылып, 3,4 миллионнан астам жаңа автотұрақ орны ашылды. Сондай-ақ қарттар мен балаларға арналған мекемелер сияқты 64 мың коммуналдық қызмет нысаны салынды.

Бұл шаралар «шағын қадамдар» арқылы халықтың өмір сапасын едәуір жақсартуға бағытталған. Нәтижесінде «тек баспанамен қамтамасыз ету» кезеңінен «жайлы әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру» кезеңіне біртіндеп көшу жүзеге асырылуда.

Кедейлікті жою саласындағы жетістіктер нығайтылып, кедейлікке қайта ұшыраудың алдын алатын ұзақ мерзімді тетіктер жетілдірілуде.

2020 жылдың соңына қарай Қытай кедейлікті жою бойынша қойылған барлық міндеттерді мерзімінде орындады. 98,99 миллион ауылды жердегі аз қамтылған тұрғын кедейлік шегінен шықты. 832 әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан артта қалған уезд «кедей» мәртебесінен толық арылды. Осылайша ел 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы БҰҰ күн тәртібінде көзделген кедейлікті қысқарту мақсатына белгіленген мерзімнен 10 жыл бұрын қол жеткізді.

2021–2024 жылдары бұрын кедей деп танылған ауылдық аймақтарда жан басына шаққандағы нақты қолда бар табыстың орташа жылдық өсімі 7,8% болды. Бұл «кедей отбасылар азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етіліп, міндетті білімге, базалық медициналық қызметке және қауіпсіз баспанаға қол жеткізеді» деген өмір сүру деңгейіне жетуге мүмкіндік берді.

«14-ші бесжылдық» басталғалы бері ел бойынша 7,1 миллионнан астам адамға кедейлікке қайта ұшыраудың алдын алуға бағытталған кешенді көмек көрсетілді. Кедейліктен шыққан өңірлердің ішкі даму әлеуеті нығайып, кедейлікпен күресте қол жеткізілген нәтижелер жүйелі түрде бекітіліп келеді.

Қытайдың халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы тарихи жетістіктері, ең алдымен, Қытай Коммунистік партиясының басшылығының және елдің нақты жағдайына сай келетін қытайлық модернизация бағытын табанды түрде ілгерілетудің нәтижесі.

Халықтың игілігі – Қытай Коммунистік партиясының ғасырдан астам күресі мен практикалық қызметінің негізгі қағидаты әрі басты көрінісі. Партия халық мүддесін бәрінен жоғары қояды және «даму – халық үшін, дамуға халық сүйенеді, даму нәтижесін халық бірге пайдаланады» деген ұстанымды берік ұстанады. Осы қағида адамға бағдарланған қытайлық модернизация жолын қалыптастырды.

Қытайлық модернизация – қытай халқының тәжірибе барысында өз бетінше таңдаған, ұлттық жағдайға толық сәйкес келетін дұрыс даму жолы. Ол модернизацияның жалпы заңдылықтарын сақтай отырып, Қытайдың шынайы ахуалына негізделеді және қазіргі дәуірдің айқын белгілері мен ұлттық ерекшеліктерін үйлестіреді. Қытайлық сипаттағы модернизация халықтың әл-ауқатын үздіксіз арттыру үшін берік саяси кепілдік пен институционалдық негізді қамтамасыз етеді.

Қытайдың халықтың әл-ауқатын арттырудағы табысты тәжірибесінің жаһандық маңызы бар. Әлемдегі ең ірі дамушы ел ретінде Қытай халықаралық қауымдастыққа, әсіресе басқа дамушы мемлекеттерге, халық игілігін қамтамасыз ету саласында жаңа үлгі ұсынып отыр.

Көптеген дамушы елдердің тарихи тәжірибесі Қытайға ұқсас: олар да ұлттық даму мен жаңғырудың тарихи міндеттерімен бетпе-бет келіп, осы процесте көптеген ортақ қиындықтар мен сын-қатерлерге тап болуда. Қытайдың халықтың әл-ауқатын арттыру тәжірибесі елді басқару стратегиясының тиімділігін көрсетті. Оған реформалар мен ашықтық саясаты, экономикалық дамуға басымдық беру, мұқтаж топтарға атаулы қолдау көрсету, тұрақты даму қағидатын ұстану және партиялық құрылысты нығайту кіреді.

Бұл тәжірибе өзінің нәтижелілігін дәлелдеді және дамушы елдер үшін үлгі әрі пайдалы идея көзі бола алады. Жалпы алғанда, Қытайдың халық игілігін арттыру саласындағы тәжірибесі – модернизацияға жедел қадам басып жатқан дамушы мемлекеттер үшін маңызды стратегиялық ресурс.

Бүгінде Қытай мен Қазақстан экономикалық даму мен ұлттық жаңғырудың маңызды міндеттері алдында тұр. Қытай 2035 жылға қарай социалистік модернизацияны аяқтауға ұмтылса, Қазақстан «Әділетті Қазақстанды» құру бағытын белсенді түрде ілгерілетіп, тұрақты дамуға ұмтылуда.

Қытай мен Қазақстан – модернизация жолындағы серіктес елдер. 2026 жыл Қытайда «15-ші бесжылдықтың» басталуын білдіреді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қытай тарапы Қазақстанмен саяси өзара сенімді одан әрі тереңдетуге, даму стратегияларын үйлестіруді күшейтуге, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапада бірлесіп жүзеге асыруға ниетті.

Сондай-ақ екі елде де халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік саланың дамуын жан-жақты қолдап, Қытай мен Қазақстан арасындағы тағдырлас қауымдастықты одан әрі нығайту, жаһандық тұрақсыздық пен қақтығыстар жағдайында бейбітшілікті сақтауға көбірек тұрақтылық пен оң серпін қосу мақсаты көзделеді.

Хань Чуньлинь

Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью