Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан басталған ұзақ үдеріс мемлекеттік биліктің бүкіл құрылымын қамтыған жүйелі өзгерістерге ұласты. Жаңа Конституция қабылданды, бір палаталы Құрылтай құрылды, Вице-Президент институты енгізілді, Қауіпсіздік Кеңесі жеке мемлекеттік институт ретінде айқындалды. Енді Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады. Ал алдағы мәслихаттар сайлауы жаңа саяси жүйенің жергілікті деңгейдегі негізін күшейтуге тиіс.
Бұл реформалардың аяқталғанын білдірмейді. Керісінше, саяси институттарды қалыптастыру кезеңі аяқталып, олардың нақты әрі нәтижелі жұмысын қамтамасыз ететін жаңа кезең басталады.
Қазақстан Халық Кеңесінің ерекшелігі – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты бірыңғай жүйеге айналдыруында. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, өңірлік мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осылайша, әртүрлі әлеуметтік топтар мен өңірлердің мүддесін республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік беретін жаңа алаң қалыптасты.
Бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі және Ұлттық құрылтай қоғамдық диалог мәдениетін дамытуда маңызды тарихи міндет атқарды. Мәселен, Ұлттық құрылтай бастамаларының негізінде 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы қаралатын болады. Қазақстан Халық Кеңесі осы тәжірибені жалғастырып қана қоймай, қоғамнан түсетін ұсыныстарды жинақтап, талдап, нақты мемлекеттік шешімдерге айналдыратын институт болуы керек.
Менің ойымша, Кеңестің тиімді жұмысы цифрлық технологиялар мен деректерді талдауға сүйенуге тиіс. Бүгінде азаматтар мемлекеттік органдарға өтініш жолдайды, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттарға ұсыныстар береді, әлеуметтік желілерде өңірлердегі мәселелерді көтереді. Алайда бұл ақпарат әртүрлі жүйелерде шашыраңқы сақталады және әрдайым тұтас сараптамалық көрініске айнала бермейді.
Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі аясында қоғамдық сұранысты тұрақты түрде өлшейтін бірыңғай цифрлық талдау жүйесін қалыптастыру маңызды. Ол азаматтардың өтініштерін, әлеуметтік зерттеулерді, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың ұсыныстарын және өңірлік көрсеткіштерді біріктіруге мүмкіндік береді. Мұндай жүйе қай мәселенің қай өңірде ушығып келе жатқанын, қандай әлеуметтік топтардың пікірі жеткілікті ескерілмей отырғанын және қабылданған шешімдердің халықтың өміріне қалай әсер еткенін көрсетуі тиіс.
Бұл жерде жасанды интеллект пен үлкен деректердің міндеті – адамның орнын басу емес. Олар мыңдаған ұсыныстың ішінен қайталанатын мәселелерді анықтап, әлеуметтік тәуекелдерді ерте байқап, сарапшыларға негізделген шешім әзірлеуге көмектесуі қажет. Ал барлық жұмыс жеке деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, алгоритмдердің ашықтығы және цифрлық этика қағидаттарына негізделуі тиіс.
Әрбір азамат өз ұсынысының қайда жіберілгенін, оны кім қарастырып жатқанын, қандай шешім қабылданғанын және қандай нәтиже болғанын көре алуы керек. Сонда кері байланыс формалды рәсім емес, толық басқару цикліне айналады:
Азаматтың сигналы – деректерді талдау – сараптамалық қорытынды – мемлекеттік шешім – орындалуын бақылау – қоғамға есеп беру.
Бұл модель әсіресе өңірлер үшін маңызды. Жаңа саяси жүйеде Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, мәслихаттар және қоғамдық кеңестер тұрақты байланыста жұмыс істеуі қажет. Мәслихаттар жергілікті мәселелерді анықтаса, Халық Кеңесі оларды республикалық деңгейге шығарып, орталық мемлекеттік органдармен бірге шешу тетіктерін ұсынуға тиіс.
Алдағы мәслихаттар сайлауы осы жүйені жергілікті деңгейде толықтыратын маңызды кезең болады. Мәслихат депутаттарының жұмысы тек өткізілген кездесулермен емес, шешілген мәселелердің санымен, бюджет қаражатының тиімділігімен, орындалған бастамалармен және тұрғындардың қанағаттану деңгейімен бағалануы керек.
Қазақстан Халық Кеңесі консультативтік орган. Ол халықтың пікірін нақты шешімге айналдыратын, өңірлер мен орталықты байланыстыратын, азаматтық қоғамның сараптамалық әлеуетін біріктіретін және мемлекеттік шешімдердің орындалуын бақылайтын пәрменді институт болуы тиіс.
Саяси реформалардың алғашқы кезеңінде мемлекет азаматтарды есту үшін жаңа арналар ашты. Келесі кезеңде билік институттарының құрылымы қайта қаралды. Енді естілген пікірді өлшенетін нәтижеге айналдыратын алаң ұйымдастырылды.
Жаңа саяси жүйенің тиімділігі құрылған институттардың санымен емес, азаматтардың мемлекетке деген сенімімен, өңірлердегі өмір сапасымен, шешімдердің әділдігімен және биліктің қоғам алдындағы есептілігімен өлшенеді.
ҚҚДИ Деректер және цифрлық шешімдермен жұмыс жөніндегі орталығының директоры Әлия Қанатова