Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өнерге енді қанат қаға бастаған студент күйшінің өнеріне сол замандағы еліміздің басшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі сүйсінген деседі. Замандастары арасында Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Құбыш Мұхитов, Жарқын Шәкәрім секілді өнер майталмандары күйші шеберлігін құбылысқа балаған екен. Күйшілігімен дала серілеріне тән дегдарлық қасиетінің арқасында Шәміл көпшілікке жастайынан танылған еді, жиырмадан жасы асар-аспас шағында аты аңызға айналды, қатарынан оза шапқан теңдессіз өнерпаз екені сол кездегі баспасөз беттеріне жазыла бастады. Кеңес кезеңінде жас күйші жайлы фильм-концерт түсірілді, радионың алтын қорына жазылды, бүкілодақтық «Мелодия» дыбыс жазу фирмасынан күйтабағы шықты. Шәміл Әбілтай кешегі кеңес одағының астанасы Мәскеу сахнасында қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп күй толғаған сирек орындаушыларымыздың бірі. Осы жерде Мәскеуде өнер көрсеткен домбырашыларымызды санамалай өтсек артық болмас. Әуелі күй анасы Дина Нұрпейісова үкілі домбырасымен ұлт өнерін одаққа таныстырғандардың бірі. 1937 жылы Бүкілодақтық халық аспаптарында орындаушылардың байқауына қатысып, жүлдегер атанды. Қалың тыңдарманды таң-тамаша еткен. Динадан кейін осындай өнер баспалдағына көтерілген әйгілі Әзидолла күйші. Ол 1959 жылы Әзидолла Есқалиев Мәскеудегі Бүкіләлемдік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып лауреат атанды. Осыдан кейін араға біраз жыл сала, нақтылай айтсақ, 1970 жылы Мәскеуде өткен Абайдың 125 жылдық мерейтойына жас талант Шәміл Әбілтай барды. Үш күйші, үшеуі де қазақ күйінің одаққа, одан әрі қарай әлемге танылуына себепкер болған ірі тұлғалар. Осы сапардағы салтанатты концертте Дәулеткерейдің «Қарт Жігерін» толғаған Шәмілдің орындаушылық шеберлігіне Мәскеудің менмін деген музыка білгірлері еріксіз қол соққан. КСРО халық әртісі Михаил Жаров күйшіге жақын келіп дүйім жұрттың алдында «Не деген интерпретация! Феномен! Жас жігіт, сізден өтінерім, даңққа ерте берілмеңізші!» деген ілтипатын білдіреді. Шәмілге бұл сөз шабытын шалқытардай демеу болғаны рас, «даңққа ерте берілмеңізші» деген ақ тілегін жадында сақтап қалды. Әйгілі өнер шеберінің сөзі қазақтың «ұлық болсаң – кішік бол» дегені секілді сөз еді. Бір жағынан өнер жолында кездесетін сын-қатерден сақ болғайсың деген тілек. Шәміл оны жанымен түйсінді. Содан болар, ол өзінің шығармашылық ғұмырында атақ-дәрежеге ешқашан ұмтылған емес. Биыл ғана үміткер ретінде өз туындыларын арнайы мәртебелі мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанын естідік. Таңданысымызда шек болмады, себебі Шәміл Әбілтайдай қазақ өнерінің мэтрі мұндай марапатты ең болмағанда ширек ғасыр бұрын алса жарасар еді. Мұның өзі Шәкеңнің ұлттық өнерді қандай да бір атақ-дәрежеден биік бағалайтын бекзаттығын білдіреді.
1966 жылы 18 жасында Атыраудан Алматыға білім қуып келген жас талапкер лезде топ жарып, шерткен күйлері астана халқын (ол кездегі астанамыз – Алматы болатын) елең еткізген еді, осының бірнеше себебі болды. Біріншіден, ол күй атасы Құрманғазы дәстүрінің әуелі Мәменге жұғысты болып, одан кейін Қали Жантілеуовке қонған ұлы мектебінің заңды жалғасы еді. Сонымен қатар Шәміл өскен өлкеде Дәулеткерей мен Абыл секілді классиктердің мұрасын тұтас алған дала дәулескерлерінің көздері тірі еді. Нарын құмындағы Қамеш, Серкебай, Көшәлі секілді дала күйшілерінің соңғы көшін көріп үлгерген ұлан сол салтанатты Алматыға алып келген-ді. Жас күйшінің қарым-қабілеті, домбыраға адалдығы күй ділін жазбай танитын аға буын өкілдерін шаттандырды. Себебі қазақ мәдениетінде еуропалық білім мен білік үстемдік құрып, соның салдарынан қазақ күйі біршама өзгеріске ұшыраған заман болатын. Оркестр дәуірі күй өнерін «симфонияға» дейін асқақтатты десек те, жусан иісі бұрқыраған ақжелең күйге деген қазақтың аңсары қашанда бөлек. Сол сезімді жас талант Шәмілдің саусағынан таныған зиялы ортаның ықыласы жас күйшіге түсті. Қазақ әдебиетінің ақсақалы Сәбит Мұқанов студент Шәмілді үйіне шақырып төріне отырғызады екен. Талғампаз Ғабит Мүсірепов жазу үстеліне отырар алдында Шәмілдің орындауындағы Дәулеткерейдің «Қарт Жігерін» күйтабақтан екі қайтара тыңдауды дағдыға айналдырған. Сыршыл Әбіш Кекілбаев Абылдың күйі «Абылды» тек қана Шәмілдің орындауында тыңдағанды ұнатады екен. Сыншыл Асқар Сүлейменов өмір бойы «Ақсақ құланға» тамсанумен өткен дейді. Шежіре көкірек Таласбек Әсемқұлов Құрманғазының «Ақбайын» орындаушылықтың шыңына балайтын.
Консерваторияда Шәмілдің ұстазы, халық әртісі Қали Жантілеуов болды. Қали Құрманғазы мұрасының майталманы, даңқты домбырашы, Мәменнің төл шәкірті, күйді асқан сезіммен орындайтын суреткер әрі педагог. Қали Жантілеуов қазақ оркестрінің негізін қалаған ардагер, қазақтың алғашқы кәсіби күйшілік мектебін қалыптастырған ұстаз. Шәкең өз ұстазы туралы естеліктерінде, сұхбаттарында үнемі тебіреніспен сөйлейді. «Өнердегі әкем – Қали аға» деп елжірейді. Ал Шәкеңді тыңдаған зиялылар болса, «Шәмілді тыңдасақ Қали тіріліп келгендей әсерленеміз» дейді. Себебі ол Қалидың сырбаз қағысын алған, қос ішекті сөйлете алатын тылсым тартысымен жүректі Қалиша қозғайды. Қазірдің өзінде үнтаспадағы Қалидың тартысы мен Шәмілдің орындауын салыстыра тыңдар болсақ, бір ғажап құбылысқа куә боламыз, бір кісі тартып жатқан секілді көрінеді. Шәкең Қали мұрасының шырақшысы секілді, қанша уақыт ауысса да киелі күй үніне инедей зиян келмесін қадағалап жүреді.
Әрине, дархан қазақтың күйшіге кенде болған кезі жоқ, Шәкеңнің тұстастары арасында да топ жарған дәулескерлер, қазақ күйіне олжа салған біртуар домбырашылар көп болды. Десек те, «Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің, әммесінен Қасымның десі басым», деп Мұқағали ақын айтпақшы, шығармашылық бәйгеде бәрінен Шәкеңнің «десі» басым болды, қазір де солай. Сахнада Шәміл Әбілтайдан кейін күй тарту бекер, аруағы асады, мысы басады. Ол домбыраға қол соққанда қу ағашқа қапелімде жан біткендей болады, Шәкеңмен бірге сахналас болып жүрген кездерімізде мұндай жағдайға талай куә болдық.
Шәміл Әбілтайдың сазгерлік шығармашылығының екі қыры бар, бірі – күйшілігі болса, екіншісі – әншілігі. Ол домбыраны шертіп те, төгіп те, желдірмелетіп те, термелетіп те тартады. Қазақ күйінің жеті мектебін түгел игерген буынсыз күйші. Сондықтан болар, күйші Ұлытауға барса да, Қаратауға барса да, Алатау мен Көкшетауды араласа да өз тыңдарманын әманда тауып отырады. Оның авторлық күйлерінде бір ғана дәстүрлік сипат бар, ол – қазақтың байырғы сарынынан бастау алатын түркі сазы. Осындай дәстүршіл бола тұра, оның жүрегінен шыққан күйлердің формасы мен композициясы тым жаңашыл көрінеді. Өйткені Шәміл өз заманының жыршысы. Шәкең композитор ретінде өз қолтаңбасы қалыптасқан кемел өнерпаз, ол ешкімді ешқашан қайталамайтын мінезімен әлі күнге дейін күй жауһарларын туындатып келеді.
Халық Шәкеңді тек күй ғана емес, ән шығаратын композитор ретінде де сүйеді. Ән саласындағы Шәміл қолтаңбасы да елден ерек, бір тыңдағанда жүрекке қонақтай салатын тың әуендерді туындатады. Халық арасына кең тараған әндеріне назар салсақ осыған көз жеткізе аламыз. Мысалы, Қайрат Байбосыновтың орындауындағы «Күй-Ата» әні күй мен әннің әсем синтезі, кең даланы жаңғырта көтерілетін тік шырқау мен сабырға шақырар қоңыр саздың арасынан Динаның «Әсемқоңыры» әнтек елес беретіндей көрінеді. Мұндай «күйшіл ән» формасы бұрын сазгерлік тәжірибеде болған емес. Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Бір ауыз сөз» әні болса жаңа тұрмыста қайта жаңғырған қазақтың салттық әні секілді, сахнада айтылса да, берекелі ақ дастархан басында айтылса да жүректі тербейді, ізгі ойларға жетелейді. Шәмілдің Ұлытауға арнаған «Ұлар құс Ұлытаудағы, өзіңнен сәулем аумады» деп келетін тамаша әні ертеректе шыққан. Бұл қазіргі Ұлытау облысының бейресми әнұраны секілді халыққа кең тараған аяулы дүние. Біздің жастық шағымыздың куәсі болған осы бір сұлу сазды ән нағыз патриоттық үлгіде жазылған шедевр десек артық айтпаспыз. Ал енді Шәкеңнің «Аңсау», «Боз торғай» деген әндері бұл күнде халық әні секілді болып кетті. Автор үшін бұдан асқан бақыт болмас, сірә!
Композитор Шәміл Әбілтай мен ақын Кәкімбек Салықовтың шығармашылық саладағы достығының нәтижесінде «Өрікгүл», «Күй-Ата», «Аңсау», т.б. әндер жазылды, халыққа кең тарады.
Ақын Төреғали Тәшеновтің өлеңіне жазылған «Төрт қақпалы Түркістан» атты термесі байырғы түркілік толғау стилінде шыққан импровизациялық туынды. Орындауы жеңілдеу көрінгенімен, эпикалық мақам мен мазмұнды керек ететін күрделі туынды. Бұл Шәкеңнің өз айтуында өте әсерлі естіледі. Шынында Шәкеңнің әншілік қабілеті де бөлек өнер. Әдемі тембрі бар, шабыттанғанда Біржан, Мұхит салдар секілді қоңыраулата шырқайды, әннің ішіне кіре, тебірене орындайды. Алайда осы бір қасиетін жалпақ жұртқа жария еткенді ұната бермейді. Әдетте өз шығармаларын Қайрат, Жәнібек, Мақпал секілді біртуар әншілерге талғап ұсынуды жөн көреді.
Кейінгі кезде Шәкең аспаптық циклды жанрдағы шығармалар жаза бастады, бұл қазақ күй өнерінде бұрыннан бар дәстүр десек те (тараулы күйлер), циклдық шығармалардың өзіндік жүйесі бар. Осы орайда Отанға деген сүйіспеншілік тақырыбына жазылған күй формасындағы осынау поэмалары өз бағасын алады деп сенеміз. Ал тарихи тұлғаларға арналған күйлерінің өзі қазақтың «Алпыс екі Ақжелеңі» секілді тараулана тартылатын біртұтас дүние. Түркі тарихындағы Матай батырға, Қожа Ахмет Ясауиге, Бекет атаға, Мұстафа Шоқайға шығарған күйлері – музыкалық портрет іспетті, ал «Тұран-Түркістан», «Жібек жолы», «Ұлытау» атты күйлері ұлтымыздың тарихын бейнелейтін алып полотно секілді.
Шәміл Әбілтай қазақ күйінің абызы, халықтық кәсіби музыка саласының корифейі. Аға буынға айналған күйшінің шығармашылық кредосы – Отанға деген шексіз махаббат, оның сазгерлігінің басты тақырыбы – туған елге деген бітпейтін сағыныш! Қазақ өнері мен руханиятының бағы үшін Шәміл Әбілтайдай ғасырда бір келетін өнер иесі аман болсын!
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші