Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 102 жыл толды

19.10.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Рақымжан Қошқарбаев – Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы. Ол Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді.

1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылғы қазанда Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген.

1944 жылғы қазан айынан бастап бірінші Беларусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты.

Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, Жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.

1947-67 ж. Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор, 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры болды. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласындағы Совет аудандық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып үш рет сайланды. Қошқарбаев соғыс ардагерлері комитетінің қазақ бөлімшесінің президиумының мүшесі, кеңес-герман достығы қоғамының мүшесі болды. «Целиноград қаласының құрметті азаматы», «Балқаш қаласының құрметті азаматы», «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атақтарымен марапатталған.

1988 жылы 10 тамызда қайтыс болып, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.

Екі жыл бұрын майдандағы қазақ азаматтарының еленбей қалған ерлік істерін мұра­ғат материалдары негізінде жұртшылыққа жариялап жүрген бел­гілі публицист, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммед AIQYN газетіне берген сұхбатында Рақымжан Қошқарбаевқа қатысты тың ақпаратты бөліскен еді.

– Рақымжан ағамыздың «Жеңіс жа­лауы» 1978 жылы жарық көрді, ол кезде қа­зіргідей емес, советтік цензура­ның кү­шейіп тұрған уақыты. Мен қазір сізге Жеңіс туының нақпа нақ тігілген уа­қы­тын құжаттармен дәлелдеп көрсе­темін. Мұ­ның бәрін кезінде «Ресей Феде­рация­сы Қорғаныс министрлігінің Орта­лық ар­хиві» федералды мемлекеттік мекеме­сі­нен алдырдым.

«Гиммлер үйі» ғимаратынан Рейхс­таг­қа дейінгі арада 360 метр жер ашық алаң бар – Кёнигсплац алаңы деп ата­лады. Сол ашық алаңды кесіп өту керек, қарудың бар­лық түрінен оқ қарша борап тұр. Ра­қым­жан аға өзінің кітабында «осы жерде мен 7 сағатта жүріп өттім, кешкі сағат 6.30-да ту тігілді» деп жазған. Шын­ды­ғын­да, Рақымжан ағаға осылай деп жаз­дырған. Әскери цензура өзгертіп қосуы да мүмкін.

Ту 30 сәуір күні сағат 14.25-те тігілген. Оны бірінші болып тіккен – Рақымжан Қош­қарбаев пен Григорий Булатов. 

Бірінші құжат. Рақымжан Қошқар­баевтың взводы 674 атқыштар полкінің құрамында болды, полктің командирі – Плеходанов. Сол Плеходанов Жеңіс туы тігілген оқиғаның ізі суымай-ақ алғашқы баянатты береді. Онда былай делінген, сөзбе сөз келтірейін: «Коман­дир взвода разведки 1 сб л-нт КОШКОР­БАЕВ и раз­ведчик взвода полковой разведки кр-ц БУЛАТОВ в 14.30 водру­зили знамя над Ре­йх­стагом. В 14.40 1 и 2 сб полностью вош­ли в Рейхстаг, очищая нижний этаж и подвальные помещения» (РФ ҚМОМ, 1390-қор, 1-тізім, 76-іс, 174-175-беттер.

Екінші құжат. Соғыс кезінде әрбір ди­визияның «Журнал боевых действий» дейтін арнайы журналы болған. Оған еш­кім өзгеріс енгізе алмайды. Сол саға­тын­­да болған оқиға ғана көрсетіледі. Міне, «Журнал боевых действияда» бы­лай деп жа­зылған. «Лейтенант КОШКАР­БАЕВ и разведчик 674 сп БУЛАТОВ первыми подползли с полковым красным знаменем и в 14.25 30.4.45 водрузили его на площадки лест­ницы главного цен­тра­ль­ного входа в Рейхстаг с западной сто­роны. Только с нас­туп­лением су­мерков 30.4.45 в здание Рейхстага с юж­ной и цен­тральной части ворвались 674 сп; с се­верной 1/756 сп», – делінген (Сон­да, 1390 қор. 1-тізім, 1-іс, 22-23 беттер).

Көрдіңіз бе? Екі құжаттағы уақыт айырмашылығы – 5-ақ минут. Біреуінде –14.30, екіншісінде 14.25 деп көрсетілген. Енді үшінші құжатқа келейік. Әрбір ди­ви­зияның «исторический формуляр» де­гені болады, сол құжатта не деген? Енді сол генерал-майор В.Шатилов басқарған 150-атқыштар дивизиясының тарихи фор­мулярына назар аударып көрейік. Онда: «В 13.00 30.4.45 г. артиллерия, ми­нометы и РС открыли уничтожающий огонь по противнику. Артобработка про­дол­жалась в течение 30 минут. В 13.30 начал­ся штурм противника. ...В 14.25 30.4.45 г. лейтенант КОШКАРБАЕВ и раз­ведчик БУЛАТОВ 674 сп по-плас­тунски подползли к центральной части здания и на лестнице главного входа пос­­­тавили красный флаг... В 18.00 30.4.45 г. был пов­торен штурм Рейхстага... Рота Сьянова первая ворвалась в сев. часть Рейхстага, а бойцы 1 и 2 (батальона) 674 сп с цен­тра­льной и южной стороны», – делінген (Сон­да, 1390-қор, 1-тізім, 22-іс, 192-193 бет­тер). Міне, үшінші құжатта нақпа-нақ 14.25-те деп көрсетіліп тұр.

Енді осы оқиғаны бас штабтағы Г.Жуковқа баяндайды. Сөйтіп, Жуков 30 сәуір күні №6 бұйрыққа қол қояды. Онда былай делінген: «Генерал-полковник Кузнецовтың 3-Екпінді армиясының әс­кер­лері шабуылды өрістете отырып, жау қарсылығын еңсеріп, Рейхстаг ғимаратын басып алды. Бүгін 30.4.45 жылы сағат 14.25-те онда Кеңес туын көтерді. Рейхстаг ғимараты мен оның алаңы үшін шайқаста генерал-майор Переверткиннің 79-ат­қыштар корпусы мен оның құрамындағы полковник Не­го­даның 171-атқыштар дивизиясы және генерал-майор Шати­ловтың 150-ат­қыштар дивизиясы ерекше көзге түсті» деген жолдар бар. Дәл осы бұй­рықтың 4-тармағында тудың біржола­та тігілгенін нақтылай түсетін: «Біздің кеңестік туымыз Берлин қаласының ортасындағы Рейхстаг ғимаратында желбіреп тұр», – деген жолдар болды, – деген еді Мұхтар Құл-Мұхаммед сұхбатында.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью