Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды

27.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Саналы ғұмырын авиацияны дамытуға, Отан қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанның ғарыш саласының қалыптасуына арнаған даңқты тұлғаның өмір жолы – кәсіби шеберліктің, қайсарлықтың, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші май ауылында дүниеге келді. Болашақ батыр жастайынан авиацияға қызығып, мектеп қабырғасында аэроклубқа қатысып, алғашқы парашюттік секірулерін жасады. Орта мектепті тәмамдаған соң Армавир жоғары әскери авиациялық училищесіне оқуға түсіп, әскери ұшқыш мамандығын игерді. Кейін Қиыр Шығыста әскери авиация бөлімдерінде қызмет атқарып, жоғары кәсіби даярлығының арқасында бірінші дәрежелі әскери ұшқыш атанды.

Тілімді ән арқылы жетілдірдім – Тоқтар Әубәкіров

Білімін, тәжірибесін үздіксіз жетілдіруге ұмтылған Тоқтар Әубәкіров сынақшы-ұшқыш болуды мақсат етіп, осы жолда көптеген қиындықтарды еңсерді. 1975 жылы сынақшы-ұшқыштар құрамына қабылданып, 1976 жылдан бастап Мәскеудегі А. Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюрода қызмет етті. Осы кезеңде елуден астам жаңа үлгідегі әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, авиациялық техниканың сенімділігі мен жауынгерлік мүмкіндіктерін жетілдіруге зор үлес қосты. Ерекше күрделі және қауіпті сынақтарды жоғары деңгейде орындауы оның кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде мойындатты.

1988 жылы Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы тарихында алғаш рет әуеде екі мәрте жанармай құйып, Солтүстік полюске дейін ұшу тапсырмасын сәтті орындады. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1989 жылы ол «МИГ-29К» палубалық жойғыш ұшағын авиакрейсерге қондырып, кейін сол кемеден қайтадан трамплин арқылы әуеге көтерілу операциясын әлемде алғаш болып жүзеге асырды. Авиация тарихындағы бұл бірегей жетістік оның есімін Гиннестің рекордтар кітабына енгізді.

1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. Ол «Мир» орбиталық стансасында 7 тәулік 22 сағат 13 минут болып, ғылыми-зерттеу бағдарламасын табысты орындады. Ғарыш сапары барысында экология, медицина, биология және материалтану бағыттары бойынша маңызды тәжірибелер жүргізілді. Арал теңізінің экологиялық ахуалына қатысты зерттеулер халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров Қазақстан Республикасы Президентінің ғарыш мәселелері жөніндегі кеңесшісі ретінде ұлттық ғарыш саласының қалыптасуына атсалысты. 1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарып, жаңадан құрылған Қарулы күштердің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.

Тоқтар Әубәкіров: Мені ғарышқа ұшырған – ұлттық намыс

Кейін бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты.

Бүгінде Тоқтар Оңғарбайұлы зейнет демалысында болғанымен, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы қоғамдық жұмыстарға тұрақты қатысып келеді. Ол – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, «Отан» орденінің және басқа да жоғары мемлекеттік әрі халықаралық наградалардың иегері.

Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсіби шеберлік пен табандылықтың, батылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның есімі Қазақстанның авиациясы мен ғарыш тарихында ғана емес, ұлттық Қарулы күштердің қалыптасу шежіресінде де алтын әріппен жазылған.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью