Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Бүгінде ХБК (KazGASA) – индустриялық экономика, цифрландыру және Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуының сұраныстарына бағытталған заманауи инженерлік білім беру моделін қалыптастырып отырған еліміздегі жетекші бейінді жоғары оқу орындарының бірі.
Мерейтойлық іс-шараларға қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек инженерлік білім беруді трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті.
– Күшті білім беру институттары сабақтастыққа, берік академиялық дәстүрлерге және үздіксіз дамуға негізделеді. Академия алдағы уақытта да кадр даярлау, білім мен кәсіби өсудің маңызды орталығы ретіндегі әлеуетін нығайта беретініне сенімдімін, - деді министр.
ХБК білім беру үдерісіне саланың дамуын айқындайтын негізгі технологиялар, атап айтқанда, BIM-модельдеу, цифрлық жобалау, жасанды интеллект, 3D-басып шығару және роботтандыру енгізілген. Бұл студенттерге бірыңғай цифрлық ортада жұмыс істей алатын және күрделі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысатын жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.
Практикалық дайындыққа ерекше назар аударылады. Академия базасында FabLab және дрондар зертханасын қоса алғанда заманауи зертханалар жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен мамандар жобалау, мониторинг және құрылыс процестерін басқарудың нақты құралдарын меңгереді.
Академия индустриямен белсенді өзара әрекеттесіп, тәжірибеге бағытталған оқыту форматтарын және құрылыс компаниялары үшін біліктілікті арттыру бағдарламаларын енгізіп жатыр. Негізгі бастамалардың қатарында сала мамандарын заманауи технологияларға, оның ішінде сейсмикалық қауіпсіздік шешімдеріне тегін оқыту бар. Бұл қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін стратегиялық маңызға ие.
Маңызды бағыттардың бірі – академик Әмірлан Құсайынов атындағы білім беру қорының құрылуы. Қор талантты студенттерді, жас зерттеушілерді және перспективалы мамандарды қолдауға бағытталады.
– Бұл қор жас таланттарды қолдау арқылы ел болашағына салынған инвестиция болмақ. Біз білім беру саласына жүйелі түрде қолдау көрсетіп, экономикаға қажет мамандарды даярлауға жағдай жасап келеміз, - деп атап өтті Халықаралық білім беру корпорациясы Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов.
ХБК сондай-ақ ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясындағы тарихи-мәдени мұраны сақтау жобаларын қоса алғанда мемлекеттік және халықаралық бастамаларды жүзеге асыруға қатысады. Академия Қазақстанда осы бағыт бойынша мамандар даярлайтын бірегей білім беру бағдарламасын іске асырып, ұлттық сараптамалық базаны қалыптастырып отыр.
Халықаралық ынтымақтастық академия дамуының маңызды бағыты болып қала береді: ХБК әлемнің 30 елінен 100-ден астам университетті біріктіретін BRAUIC консорциумына кіреді, қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асырып, студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейтіп жатыр.
Қазақстанда 2026 жылдан бастап BIM-модельдеуді міндетті енгізу аясында ХБК білім беру бағдарламаларын жаңа салалық талаптарға алдын ала бейімдеп, құрылыс саласының цифрлық трансформациясына қажетті құзыреттерді қалыптастырады.
Бұған дейін дейін хабарлағынымыздай, Қазақстанда ЖИ құралдары білім беру саласында мемлекеттік қолдау тапты.