Халықаралық Euronews телеарнасы қазақ тілінде ақпарат таратады

07.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Euronews халықаралық ақпараттық телеарнасы Орталық Азияда алғаш рет қазақ тілінде ақпарат таратады. Бұл туралы ҚР Мəдениет жəне ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қанат Ысқақов бұл жобаның жүзеге асуы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, отандық медиа кеңістіктің дамуына және азаматтардың сапалы халықаралық ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға ерекше серпін беретінін атап өтті.

– Euronews – әлемнің жетекші ақпараттық телеарнасы. Сондықтан оның қазақша ақпарат таратуы біз үшін үлкен мәртебе. Осыған дейін Euronews ҚР аумағында орысша ақпарат тарататын. Енді шығарылымдарын қазақ тілінде де жариялайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамның үні, айнасы деп бағалап келеді. Сонымен қатар Президент бізге заманауи, сапалы әрі бәсекеге қабілетті қазақ тіліндегі контент болуы тиіс деген тапсырма берген. Сол себепті, біз еліміздің сұранысына сай, заманауи контент өндіруіміз керек. Осы тұрғыдан, Euronews-тің қазақ тілінде ақпарат таратуы – заман талабы. Ол мемлекеттік тілдің дамуына үлкен серпіліс береді және ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады, – деп нақтылады ол.

Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидтің айтуынша, жаңалықтардың қазақ тіліндегі нұсқасының іске қосылуы – телеарнаның тілдік аясын кеңейтуге және түрлі мемлекеттің аудиториясына тәуелсіз халықаралық журналистиканың өнімдерін қолжетімді етуге бағытталған стратегиялық ұстанымның көрінісі.

«Euronews үшін жаңалықтарды қазақ тілінде тарату – халықаралық желіміздің дамуындағы маңызды кезең. Біз телеарнаның тілдік қамту аясын біртіндеп кеңейтіп, сапалы халықаралық ақпаратты мейлінше көп көрерменге қолжетімді етіп келеміз. Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыруға көрсеткен Қазақстан Үкіметінің қолдауын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта да өзара ынтымақтастығымыз табысты жалғасатынына сенімдімін», – деді Педро Варгас Давид.

Сондай-ақ ол уақыт өте келе Euronews ұсынатын барлық контенттің қазақ тілінде қолжетімді болатынын айтты. Алғашқы кезеңде материалдардың бір бөлігі түпнұсқа дыбысталуымен беріліп, қазақша субтитрмен ұсынылады. Кейін телеарна контентті толықтай қазақ тілінде ұсынуға көшуді жоспарлап отыр. Ал бұған дейін жарияланған мұрағаттағы материалдарды қазақ тіліне аудару әзірге жоспарланбаған.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью