Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та олимпиаданың ашылу салтанатында жасанды интеллектті Қазақстанның стратегиялық даму бағытының бірі ретінде атап өтіп, сапалы білім мен дарынды жастарды қолдаудың маңызын ерекше айтты. Бұл бастамалар еліміздің цифрлық болашағын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы саналады.
Президент ЖИ бойынша халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты
Осы орайда Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің жетекші инженер-бағдарламашысы Серғалиев Бекарыс Серікұлы Қазақстандағы жасанды интеллект бағытындағы білім беру деңгейі, оқушыларды даярлау сапасы және халықаралық олимпиадалардың отандық ІТ-білімнің дамуына қосатын үлесі туралы пікір білдірді.
- Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада бағдарламалаудан бөлек математика, логикалық ойлау және деректермен жұмыс істеу қабілетін талап етеді. Қазақстандық мектептер мұндай кешенді дайындыққа қаншалықты дайын?
- Менің ойымша, Қазақстан мектептері бұл бағытта жақсы даму үстінде. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде айқындап, осы салаға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесі. Президенттің 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы да бұл бағытқа берілген басымдықтың айқын көрінісі. Соның арқасында бағдарламалау, робототехника, математика және STEM бағыттарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған түрлі олимпиадалар мен үйірмелер ұйымдастырылуда. Сондықтан біздің оқушылар халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға қажетті білім мен дағдыларды біртіндеп меңгеріп келеді.
- Президент жасанды интеллектті Қазақстанның болашақтағы негізгі даму бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл саланы дамыту үшін мектепте ең алдымен қандай білім мен дағдыларға басымдық берілуі керек?
- Ең алдымен математикалық сауаттылыққа, алгоритмдік ойлауға, бағдарламалау негіздеріне және цифрлық сауаттылыққа басымдық берілуі керек деп есептеймін. Бүгінде жұмыс берушілер тек білімді емес, жаңа технологияларды тез меңгеріп, өзгерістерге бейімделе алатын мамандарды іздейді. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды үздіксіз білім алуға және өздігінен ізденуге үйрету аса маңызды. Сонымен қатар шығармашылық ойлау, зерттеу жүргізу, мәселені талдау және командамен жұмыс істеу дағдыларын дамыту маңызды. Осындай құзыреттер болашақта жасанды интеллект саласында білікті мамандарды қалыптастыруға негіз болады.
- Халықаралық олимпиадаға 106 елден келген оқушылар қатысып жатыр. Осындай ортада қазақстандық оқушылардың күшті тұстары неден байқалады деп ойлайсыз?
- Қазақстандық оқушылардың ең басты артықшылығы – білімге деген ынтасы, еңбекқорлығы және математикалық дайындығының жоғары болуы. Олар халықаралық олимпиадаларда еліміздің намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Әрине, бұл жетістікті соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен білім беру мен цифрландыру саласына көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың нәтижесі деп бағалағанымыз жөн. Дарынды балаларды қолдауға, ІТ-білімді дамытуға, олимпиадалық даярлықты күшейтуге бағытталған жұмыстар өз жемісін беріп келеді.Сонымен қатар оқушылардың жаңа технологияларды тез меңгеруі, жауапкершілігі және мақсатқа ұмтылысы олардың бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.
- Қазір оқушылар жасанды интеллект құралдарын қолдануды тез меңгеріп жатыр. Бірақ дайын сервистерді пайдаланатын емес, өз технологиясын жасайтын мамандарды даярлау үшін білім беру жүйесінде не өзгеруі керек?
- Менің ойымша, білім беру жүйесінде практикалық жобаларға, бағдарламалау дағдыларына және ғылыми-зерттеу жұмыстарына көбірек көңіл бөлінуі керек. Оқушыларды өз идеяларын жүзеге асыруға, жаңа бағдарламалар мен интеллектуалды жүйелер әзірлеуге ынталандыру маңызды. Университеттер, мектептер және ІТ-компаниялардың бірлескен жұмысы жасанды интеллект саласында білікті мамандарды дайындауға үлкен мүмкіндік береді.
- Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған бастамалар көбейіп келеді. Осындай халықаралық олимпиадалардың елдегі ІТ-білімнің сапасын арттыруға нақты ықпалы болады деп ойлайсыз ба?
- Иә, сөзсіз. Мұндай халықаралық олимпиадалар оқушылардың ғылым мен технологияға қызығушылығын арттырады, олардың білімін халықаралық деңгейде сынауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұғалімдер мен білім беру ұйымдары үшін жаңа тәжірибе алмасуға жол ашады. Осындай бастамалардың арқасында елімізде ІТ-білім беру сапасы артып, жасанды интеллект саласында бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандары қалыптасады деп сенемін.